Есті кісілер үлкен есі шықпай, ақылды қолдан жібермей, бойын сынатпай жүріп ізденеді
Надан ел - қуанбас нәрсеге қуанады, ұялмас нәрседен ұялады
Мал - жұтайды, өнер - жұтамайды
Шала мейір - шала байқайды
Естілердің айтқан сөздерін ескеріп жүрген кісі өзі де есті болады
Ғылымды, ақылды сақтайтұғын мінез деген сауыт болады
Сұрауын табамын, қалауын табамын деп жүріп қорлықпен өмір өткізгенше - малды не жерден сұрау керек, не маңдай терден сұрау керек
Ер - артық сұраса да азға разы болады, ез - аз сұрар, артылтып берсең де разы болмас
Құдайдан қорық, пендеден - ұял: балаң бала болсын десең оқыт, мал аяма!
Көпке қорлық жүрмейді
ЗАМАН АҚЫР ЖАСТАРЫ 10 қараша, 2020

ЗАМАН АҚЫР ЖАСТАРЫ

Заман ақыр жастары,

Қосылмас ешбір бастары.

Біріне бірі қастыққа

Қойнына тыққан тастары.


Саудасы – ар мен иманы,

Қайрат жоқ бойын тыйғалы.

Еңбекпен етті ауыртпай,

Құр тілменен жиғаны.


Өнімсіз іске шеп-шебер,

Майданға түспей несі өнер?

Сиырша тойса мас болып,

Өреге келіп сүйкенер.


Күлмеңдеп келер көздері,

Қалжыңбас келер өздері.

Кекектеп секек етем деп,

Шошқа туар сөздері.

пікір (0)

image

Пікір қалдыру

image