Шымкент қаласы

Шымкент қаласы

Шымкент – 2200 жылдан астам тарихы бар ең ежелгі қалалардың бірі. Аумағы және халық саны бойынша республикада үшінші орында, аумағы – 117 мың гектар, халқының саны миллионнан астам. Ішкі бөлінісі 4 аудан: Абай, Әл-Фараби, Еңбекші және Қаратау.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың 2018 жылғы 19 маусымдағы Жарлығымен Шымкентке республикалық маңызы бар қала статусы берілді.

Бүгінде елімізде көшелердің ұзындығы бойынша рекорд орнатқан қала. Қалада 2000-нан астам көше бар, олардың көпшілігі қазақ батырлары, мәдениет қайраткерлері және ғалымдардың есімімен аталған. Көшелердің жалпы ұзындығы 2000 километрден асады.

Бадам мен Сайрамсу, Қошқарата мен Қарасу сынды үлкенді-кішілі өзендері бар. Соңғы жылдары қаламыздағы Қошқарата мен Бадам өзендерінің бойлары абаттандырылып, шаhардағы көрікті жерлердің біріне айналды. Шымқала теңіз деңгейінен 506 метр биіктікте, алайда жел көп тие бермейтін ойпаңда орналасқан. Агроклиматы жағынан алғанда қуаң таулы аймаққа жатады. Бірақ “жасыл желекті қала” деген атауын ақтайтындай ахуалы бар. Қысы қысқа, жұмсақ, қар онша көп түсе бермейді. Аязы қатқыл күндері аптадан аса қоймайды, елжіреген күн көзінен қары тез еріп кетеді. Қыстың орташа температурасы -5-10 гардус аралығында деп есептеледі.               -20-25 градус аяз өте сирек кездеседі. Күзі мен көктемі де керемет. Әдетте жайлы көктемі мен алтынсары, жаймашуақ күзі ұзаққа созылады. Орташа температура 20 градус жылылықтың төңірегінде тұрады. Жазы аса ыстық, қуаң және көбінесе аңызақ жел жиі соғады. Орташа температурасы +35 пен +45 градус аралығында.

Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан, жүздеген жылдар бойы көптеген тарихи оқиғалардың куәсі болған көне шаһар бүгінде қай жағынан алғанда да өсіп-өркендеу үстінде.

        Жаңарып-жасарған, көркіне көрік қосқан Шымкент қазірдің өзінде Қазақстандағы өнеркәсіп, сауда және мәдени орталығы болып табылады. Қалада кәсіпкерлікпен айналысуға қолайлы жағдай жасалған. Өзге де сан-салаларда атқарылып жатқан жұмыстар қаншама. Яғни таяу болашақта қаламыз халықтың және инвестициялардың шоғырлану орталығына, ғылым мен білімнің ордасына айналатынына сенім мол.

        Қонақтар Шымкенттің көрікті жерлерін, атап айтқанда, жаңа әкімшілік-іскерлік орталығын, Тәуелсіздік саябағын, Рәміздер алаңын, Ордабасы алаңын, «Жеңіс» саябағын, «Даңқ» мемориалын, саяси қуғын-сүргін құрбандары музейін, «Наурыз» алаңын, «Бәйдібек би» кешенін, тарихи-өлкетану музейін, әдет-ғұрып және салт-дәстүрлер орталығын, опера және балет, драма, әзіл-сықақ және сатира театрларын, тағысын-тағы таңғажайып орындарын аралайды, тамашалайды.

        Жергілік тұрғындардың тағы бір сүйікті орны – Абай атындағы саябақ. Әсем саябақта отбасымен, достарыңмен серуендеуге болады. Мұнда соңғы жеті-сегіз жылдың ішінде көпшілікке ыңғайлы түрлі нысандар бой көтерді, соның бірі «Оңтүстік Цирк».

Шымкент қашанда өзінің қонақжайлылығымен, кеңпейілділігімен сырттан келетіндерді бірден баурап алады. Бұл жақта тағамды өте дәмді етіп жасайды. Әсіресе, шашлыгын, яғни кәдімгі кәуабын жеп қайтып, қайта-қайта айтып жүретіндер көп. Кәуап қана емес, Шардара, Көксарай мен Бөген су қоймаларының балығынан жасалған тағамдардың, әрине, шымкентше қазы-қарта мен еттің, нарынның, түшпара мен мәнтінің, палау мен қуырдақтың, тағысын-тағы тәтті тағамдардың дәмдері тіл үйіреді. Дәстүрге айналған бешбармақ, бауырсақ, палау фестивальдері жыл сайын өткізіледі.

Шымкент тек оңтүстік өңірдің ғана емес, көршілес Қызылорда және Жамбыл облыстарының, сондай-ақ, Алматы мен Нұр-Сұлтан, тағы басқа да қалалар тұрғындарының қызығушылығын қаттырақ қозғайды. Әсіресе, сенбі мен жексенбі күндеріне қарай көршілес өңірлердің тұрғындары отбасыларымен, әулеттерімен, достар ұйымдасып, жаңадан үйленген жастар жоспарласып, Шымкент шаһарына асығады.

         


Топ материалдар

Серіктестер