Қоңсы қону

Қоңсы қону

Қазақта "Иесі қаласа, қоңсы өкпелемейді" деген мақал бар. Қоңсы болудың немесе қоңсы қонудың да реті мен жөн-жобасы, өзіндік жолы бар. Қоңсы деген - бұрынғы кездерде бір ауқатты ауылға іргелес, аралас болып, оған арқа сүйей отырып, сол елдің байының шаруасын істеп, малын бағып, сауынын алып, атын мініп, тағы басқа қызметтері арқылы күн көріп, отбасын асырайтын адам деген сөз. Бұлар аталас та, туыс-жегжат та, бөтен елден келген кірмелер де болуы мүмкін.

Малы көп біреулер көрші елден, ауылдан уақытша жер сұрап алып, оның от, суын пайдаланады. Мұны қоңсы ауыл дейді. Қоңсылар ауыл, жер иесінің қас-қабағына қарап, олардың талап-тілегі мен айтқанын орындап отыруға мәжбүр екенін естен шығармайды. Олардың теріс ісі (мал ұрлау, ұрыс, төбелес) болса, ел иесі оларды көшіріп жіберуге хақысы бар.

Алайда жергілікті адамдар оларды шетке қақпайды, зәбір-жапа көрсетпейді, сыйлайды, құрмет көрсетеді. Кейде олармен аралас-құралас отырып, барыс-келіс жасайды. Оның арты қыз алысып, қыз берісіп, құдай қосқан құдалыққа да жалғасып кетеді.