Шымкент қаласының Орталық саябағы - ең ескі саябақтардың бірі, Қазыбек би және Тәуке хан көшелерінің қиылысында орналасқан.
Саябақ тарихы 1886 жылы басталды, сол жылы қала бекінісінің оңтүстік-шығысында, Қошқар Ата өзенінің жанында орналасқан “Русская слободка” ауданының тұрғындары қоғамдық бау-бақша егіп, Черняевский деп атады. Кеңес кезінде “Орталық демалыс және мәдениет саябағы” деп аталды. Қала ортасында орналасқан жасыл алқап аумағында 19 ғ. аяғында - 20 ғ. басында отырғызылған ағаштар әлі де өсіп тұр (көбінесе емендер). Ұқыпты егілген көгал, гүл бақтар және күтілген аллеялар арқасында саябақ кешкі серуендеуді ұнататын қала тұрғындарының сүйкті орнына айналған. Бірнеше ұрпақтың сүйікті демалыс орнын үлкен, әдемі бақбақ су бұрқағы көркемдетіп тұр. Саябақ ішінде, орталық кіреберісінде шахмат клубы орналасқан, әр мезгілде шахмат ойнап отырған адамдарды, көбінесе жасы үлкендерді, кездестіре аласыздар.