Шымкенттің ең ескі бөлігінде орналасқан Ордабасы алаңынан көптеген тарихи және мәдени бағыттар басталады: қала бастауындағы көне рабат, мемлекеттік рәміздері бар Тәуелсіздік саябағы, киелі Қошқар ата өзені, Қазыбек би көшесінде орналасқан кеңес дәуірінің қоғамдық ғимараттары, және көптеген басқа көрнекі жерлер.
Қазіргі Ордабасы алаңының орнында 150 жыл бұрын тұрақты базар орналасқан. Кейін оны қазіргі қаланың ең ескі сауда орталығы болып саналатын Жоғарғы базарға көшірді.
Алаң ортасында “Жер ана” монументі орнатылған. 34 метрлік үш қырлы стела үстінде 8 метрлік Жер ана мүсіні қойылған. Стела бейбітшілік пен халықтар келісімін бейнелейді. Алаңнан Төле би, Қазыбек би және Айтеке би көшелері басталады, ал стеланың әр қырында ұлы билердің сөздері жазылған.
Ордабасы алаңынан жоғарырақ Тәуелсіздік саябағы орналасқан.
Саябақтың салтанатты ашылуы 2011 жылы еліміздің тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай, Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев қатысуымен өтті. Саябақтың жалпы көлемі 82000 шаршы метр. Бас есігі алып аркамен қоршалған. Саябақ ортасында ел бірлігіне арналған “Алтын шаңырақ” монументі орнатылған, ол Қазақстанның 137 ұлтының татулығын білдіретін 137 металл элементтерінен жасалған. Орталық аллея бойында гранит тастар қаз-қатар бой түзеген, бұларда Қазақстанның жаңа тарихы 1991 жылдан 2011 жылға дейінгі елімізде орын алған аса маңызды оқиғалар ойып жазылған.
Әуенді субұрқақ - саябақ көркі, суы заманауи және ұлттық қазақ музыкасы үніне қосылып би орындайды. Тірі гүлдерден жасалған композициялар саябаққа ерекше әсемдік береді.
Саябақтың басты идеясы - Қазақстан Тәуелсіздігінің айбындылығын көрсету.