Наурызым мемлекеттік табиғи қорығы

Наурызым мемлекеттік табиғи қорығы

Наурызым мемлекеттік табиғи қорығы - Еуразияның ертеден келе жатқан қорықтарының бірі. Қорықты құрудың негізгі мақсаты Солтүстік Қазақстанның дала аймағының әдеттегі, сирек кездесетін және бірегей табиғат кешендерін, жануарлар мен өсімдіктер әлемін табиғи күйінде сақтау болып табылады.  

 Даланың біраз бөлігін қауырсын қау басқан үлкен алаң алып жатыр. 

 Көктемде Наурызым даласы ерекше көз тартады. Сәуір айының соңында гүлдеген әр түрлі реңді құндызшөптер жазық далада тұтас кілем тәрізді, орман алаңқайларында ашық сары түсті жанаргүлдер гүлдей бастаса, ал сазды жерлерде қосгүлді және жатаған қызғалдақтар қауызын ашады. Мамыр айының басында Шренк қызғалдағы бүр жарады, ойпаң жерлерді аласа бадам бұтасының ашық қызғылт гүлі басады, тобылғы, құртқашаш гүлдейді. Мамырдың соңында желмен біркелкі тербелген селеу, бір қарағанда күмісті жібек толқынға ұқсайды. Орман жиегінде, өзен арнасы бойында және ойпаң жерлерде үшқат (бөріжидек) бұталары өседі. Қорық аумағына бірегей аралдық қарағайлы ормандар (Наурызым-Қарағай, Тірсек-Қарағай) енген. Олар қылқан жапырақты ормандардың шөлейтті белдемге терең енуінің ерекше табиғи құбылысы болып табылады. Ботаникалық пен эстетикалық мәнінен өзге, олар жыртқыш құстардың сирек кездесетін түрлерінің популяциясын сақтау үшін өте маңызды. Қорықтың сулы-батпақты алқаптары айрықша мәнге ие. Наурызым қорығының көлдері халықаралық маңыздағы сулы-батпақты жерлердің Рамсар тізіміне енген. Қорық аумағында омыртқалы жануарлардың 342 түрі: аңдардың 45 түрі, құстардың 292 түрі, бауырымен жорғалаушылар мен қосмекенділердің 3 түрі және балықтардың 11 түрі белгілі.

Қорық 1931 жылы 30 шілдеде Ресей Кеңестік Федеративтік Социалистік Республикасы (РКФСР) Халық Комиссарлары Кеңесінің № 826 Қаулысымен ұйымдастырылды.

Қорықтың бастапқы ауданы 250 мың га болып белгіленді және екі ірі алаптан тұрды. Қорықтың қазіргі аумағы 191,4 мың га құрайды.

 Қазіргі әкімшілік шекара бойынша қорық Қостанай облысының Наурызым және ішінара Әулиекөл аудандарында орналасқан.

Аудан орталығы Қарамеңді ауылында орталық мекенжай орналасқан. 2012 жылы Визит-орталық ашылды. Заманауи ғимаратта конференц-залы, ғылыми кітапхана, жайлы кафе бар.

   2008 жылдың 7 шілдесінде Квебек (Канада) қаласында өткен ЮНЕСКО-ның 32 сессиясында Наурызым қорығы "Сарыарқа - Солтүстік Қазақстанның далалары мен көлдері" номинациясы бойынша ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мәдени және табиғи мұра тізіміне енгізілді.

 Қорық бүкіл әлемдік ғылыми қауымдастыққа кеңінен танымал. Оның негізінде шетелдік ғалымдар өз зерттеулерін жүргізеді.

 Қорық негізінде бірнеше туристік маршруттар жасалды, мұнда біздің елімізден ғана емес, сонымен қатар шетелден Еуропа, Қытай, Канада және АҚШ-тан туристер келеді.







Топ материалдар

Серіктестер