Ашутасты өзен

Ашутасты өзен

Ашутасты өзені - Қостанай облысының Арқалық қаласынан оңтүстік батысқа қарай 30 шақырымда орналасқан, Жалдама мен Торғай өзендерінің саласы, ұзындығы 130 км. 

Шағын аймақтағы жағалау ландшафтарының әр түрлілігі таңқаларлықтай: сазды төбелер мен өзен алабы, қайың шоқтары түріндегі көк шалғынды қайыңды ормандары, байырғы жыныс қабаттары көз тартарлық. Мұндағы өзеннің түбі тасты болып келеді. Жағалаудағы жартастар өте биік және альпинизмге өте қолайлы. Оларды түрлі қына өсінділері жапқан. Суда төбелері жайпақ көптеген жартастар, өзіндік «тас үстелдер» кездеседі, бірі су бетіне көтерілсе, енді бірі суға бойлаған, бұл - жағажай демалысы үшін қолайлы орын.

Су қоймасы балыққа толы. Тас табандағы өзен иірімі терең және суы мөлдір.

Иірімдер аралығындағы арнаның құрғақ бөліктері өте көркем: тегістелген түрлі түсті, ірі малта тастар, қырыққұлақты қосқанда, осы өңірге ғана тән өсімдіктер әлемі ерекше тартымды. Маусымдық кезеңде сәуір айының соңы мен мамыр айының басында қысқа мерзімге жайылмалы алқаптарда қызғалдақ кілемдей құлпырады.

Жарық ластануынсыз және өте таза атмосферада, айсыз қараңғы түнде жұлдызды аспанды бақылағанда, Құс жолы тұтас ақ жолақпен созылып жатады.

Сонымен қатар екі тарихи ескерткіш бар: неолит кезеңіндегі ежелгі адамның тұрағы және «Ашутасты сызығы» геоглифі.


Топ материалдар

Серіктестер