Бұл күн дүние жүзі атап өтетін айтулы датаға айналғанына көп бола қойған жоқ. АҚШ-тық Эмми Бродмур есімді әйелге баласының тосын сұрағынан келген идеясы ақпарат кеңістігінде қызу қолдауға ие болды да, 2012 жылдан бастап Халықаралық кітап сыйлау күні пайда болды.
Барлық кітап сүйер қауым мен кітапқа бейжай қарамайтын жандар, тыныс-тіршілігі кітаппен байланысты біз секілді мекемелер мен ұйымдар кітап сыйлау дәстүрін осы бір күнмен шектеп қалмасы анық. «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы шығарған кітаптар, әдістемелік құралдар, оқу құралдары сұраныстар бойынша қажетсінген оқырманына, өңірлердегі тіл орталықтарына, қазақ тілін оқытумен айналысатын Республика көлеміндегі және шетелдердегі ұйымдарға жыл бойы жіберіліп тұрады. Жақында ғана «Отандастар» қорының ұсынысымен «Абай институты» АҚШ-тағы қазақ диаспорасына бірнеше оқу құралын жібермек. Бірнеше ұйымдардың ұсыныс хатына сай кітаптар қатталып, буылып-түйілу үстінде. Сонымен қатар біздің барлық кітаптарымыз электронды түрде https://tilalemi.kz/ және https://abai.institute/ сайттарында кез келген тұлға үшін қолжетімді.
Бұл күн тек достық пен бауырмалдықтың, сыйластықтың мерекесі ғана емес, Кітап сыйлау күні – ғылым мен білімге ұмтылған жандарға мотивация, авторларға құрмет, кітап өндірісіне серпін беретін айтулы күн. Жақын жандарыңызға, балаларыңызға, өзіңіз оқитын мектептің немесе қызмет атқаратын ұйымның кітапханасына кітап сыйлаңыз. Сіз сыйлаған бірнеше кітаптың материалдық құны көп болмауы мүмкін, ал кітап беттеріндегі жазу адамзат ақыл-парасатының жемісі. Кітап пен кітап оқитындарға құрметпен қарайтын халық өркениет көшінен қалмайтыны даусыз.