Тілді қай жаста, қашаннан бастап үйренген дұрыс? Бұған біржақты жауап беру қиын. Тіл үйренудің қатып қалған ережесі жоқ, тіпті жас кезінде үйрене алмағандар егде жаста да қолға алуына болады. Ғалымдар қартайғанда ми қызметін дұрыстап, альцгеймер сияқты аурулардың алдын алудың жолы ретінде сөзтізбек, сөзжұмбақтар шешу, шахмат ойнау, кесте тоқу, тіл үйрену, кітап оқу тәрізді жолдарын ұсынады. Миды үнемі шынықтырып отырамын десеңіз, осының ішінде тіл үйренудің маңызы өте зор. Өз қалауымен бір тілді үйреніп бастаған адам соны үйренгенше тыным таппайды. Іс-әрекетін ой елегінен өткізіп, миында жоспарлайды. Жаңа сөз үйренеді, үйренгенінің басын қосып тіркестіреді, сөйлемге айналдырады. Сұқбатқа қатысу үшін сұраққа жауап береді, өзі сұрақ қояды. Осының бәрі қартайған адамның ми жұмысын жақсартуға елеулі септігін тигізетінін психолингвист ғалымдар да, дәрігерлер де көптен бері айтып жүр.
Тіл үйренуді әр жастағылар әртүрлі қабылдайды. Бәріне бір үйретуші дәріс бергенмен, қабылдауы әртүрлі болып келеді. Мәселен, Эдинбург университетінің профессоры Антонелла Сорас былай дейді: «Кішкентай балалар назарын бір жерге аударып ұзақ отыра алмайды, оларды когнитивті бақылау жоқ және есте сақтау қабілеті де жақсы деңгейде болмайды. Ал ересектерге бұл әдіс тиімді әрі жеңіл. Яғни, жас келе адамның жақсаратын да қабілеттері болады». Міне, осы қабілетінің арқасында үлкен адамдар естіген ақпаратын ұзағырақ есте сақтайды. Ми қабатының қыртысында қалып қойған сөздер басын құрап, сөйлеп кетуге ықпал етеді.
Осы орайда жасы келгенмен, әлі де белсенділігін жоғалтпай, қазақ тілін үйренуге қызығушылық танытқан үлкендер де бар екенін айта кетуді жөн көрдік. Қалалық мәдениет бөлімі жанынан ашылған «Шырақ» тілдерді оқыту орталығы тарапынан ұйымдастырылған оқыту курстарына егде жастағы тыңдаушылар да қатысады. Олар курсқа өз қалауымен келіпті. Мәселен, бір топтаұлты неміс, 84 жастағы апай оқыды. Ал келесі бір топта орыс ұлтының өкілі, 71 жастағы апай тыңдаушылар қатарында отырды. Біздің ойымызша, Қарағанды облысы бойынша ең егде жастағы тіл үйренуші осы 84 жастағы Марина апай шығар?
Баршамызды жасы келген адамдардың тіл үйренуге деген талпынысы, ниеті тәнті етті. Қазақстанда тұрып жатқан соң мемлекеттік тілді үйренемін деп курсқа жазылуы – жастарға үлгі боларлық қадам. Кезінде Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінде профессор Жамбыл Сәулебекұлымен қатар қызмет атқарып, оқытушы болған апайдың құлағы сәл тосаң еститіні болмаса, әлі де тың. Тіл үйренуге деген құлшынысы керемет. Жазуы маржандай, қазақ тілінде өте ұқыпты жазуға тырысады. Сұқбаттасқанды ұнатады. 84 жастағы Марина Яковлевна апамызға тіл үйрету де, үйрену де оңайға соққан жоқ. Әйтсе де, оқытушының бай тәжірибесі мен өзінің ерік-жігерінің арқасында мемлекеттік тілді тұрмыстық деңгейде меңгере алды.
71 жастағы Юрова Вера Владимировна болса, ісқағазын жүргізуші болып қызмет атқарған екен. Айтқандайын, Вера апайдың тіл үйрету курсына қатысуы бірінші рет емес. Сәл ертеректе де курсқа қатысып, қазақ тілін үйренуге ынталы екенін көрсеткен. Араға жылдар салып, қайта курсқа келген апайдың сөздік қоры қомақты. Сөйлем құрауға қажетті грамматикалық формаларды да жақсы біледі. Апайға жетпейтіні, тілдік орта, күн сайын сөйлесетін адам керек. Бір-екі мәрте апаймен жарты сағаттай таза қазақ тілінде сұқбат құрғанда байқағаным, асықпай, баппен сөйлесе, әжептәуір деңгейде жауаптаса алады екен.
Екі апайдың тілін сындырған Смықова Әсия әріптесімнің еңбегі зор. Үлкен кісілердің тілін тауып, оларды жалықтырмай, ұтымды әдіс-тәсілмен үйрете білді. Бір-екеуі ғана мысалға алынғанымен, «Шырақ» тілдерді оқыту орталығында өткен жылдың екінші жартысында ұйымдастырылған топтарда жасы алысты алқымдап қалған тыңдаушылар болды. Бір байқағанымыз, егде жастағы тіл үйренушілердің мақсаты айқын. Курсты мүмкіндігінше босатпай қатысуға тырысады. Кезіндегі темірдей тәртіптің адамдары екені байқалады. Оның үстіне алаңдайтын жұмысы жоқ, зейнет жасындағы адамдар болғаннан кейін де, сабақ босатпай қатысуға тырысады.
Тіл үйренуге жас ерекшелігі кедергі емес. Олай болса, қай жаста да тіл үйренуді бастап кетуге болатынына үлкен апайлардың тәжірибесінен көзіміз анық жеткендей болды.
Жұпар Жақан,
Ресурстық тіл орталығының бөлім меңгерушісі,
Қарағанды облысы