Алқалы бас қосуды Тіл саясаты комитетінің төрағасы Е.Тілешов құттықтау сөз сөйлеп ашты.
«Біліктілікті арттыру курсы 2020 жылдан бері ұйымдастырылып келеді. Осы жылдар ішінде отандық және шетелдік әдіскерлер Қазақстан аумағынан тыс жерде тұрып, қазақ тілін үйреніп және үйретіп жүрген қандастарды тіл үйретудегі әдіс-тәсілдерді, әдістемелерді, технологияларды қазіргі кезең талаптарына сай қолдану жолдарымен таныстырып келеді. Сондай-ақ, сандық технологияның көмегімен қазақ тілін ана тілі және шет тілі ретінде оңтайлы үйретудің тәжірбиесіне баулып, сабақ бағдарламалары мен оқу-әдістемелік құралдарын таныстыруда. Алғаш ашылған жылы әлемнің түкпір-түкпірінде қазақ тілінің бар болғаны бес-ақ курсы болса, қазір олардың саны екі есеге өсті»,– деді ол.
Семинардың алғашқы күні Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының Тіл HUB жетекшісі Мөлдір Бақытқызы «Шетелдіктерге қазақ тілін оқытудағы цифрлық технологиялар» туралы дәріс оқыса, Ататүрік университетінің магистрі, қазақ тілі оқытушысы (Түркия, Анкара) Кахраман Дениз «Қазақ әндері арқылы грамматиканы меңгерту» жөнінде жан-жақты баяндап берді.
Тартымды дәрістерге құрылған бұл іс-шара үш күнге созылады.