Түркі Академиясының президенті Шаһин Мұстафаев түркі халықтары латын қарпіндегі ортақ әліпбиге көшу бойынша осыдан 100 жылға жуық уақыт бұрын Бакудегі бірінші түркология конгресінде уағдаласып, әрекет ете бастағанын атап өтті. Оның айтуынша, ортақ әліпби бір жүйені барша түркі халықтарына таңу емес, жалпы ортақ ұстанымдарға негізделген «әліпби бірлігіне» қол жеткізу.
Тіл саясаты комитетінің төрағасы Ербол Тілешов Қазақстан тарапынан латын әліпбиіне көшу бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндап берді.
Сондай-ақ комиссия мүшелері «Түркі әлемінің келешегі – 2040» стратегиялық құжатында көзделген мақсатқа жету үшін жасалатын нақты қадамдар бойынша уағдаласты. Түркі тілдеріндегі әліпби бірлігінің бауырлас елдердің күн тәртібінде тұрған маңызды мәселелердің бірі екендігі ескеріле отырып, әліпбиін латын графикасына ауыстырғысы келетін түркі мемлекеттеріне қолдау көрсетуге шешім қабылданды.
Жиынға Комиссия мүшелері, Түркі елдеріндегі тіл білімі ғылыми-зерттеу институттарының қызметкерлері, осы салада жұмыс істейтін өзге де мамандар қатысты.