Тілді оқытуда жасанды интеллектіні қолдану қалыпты тенденцияға айналып келеді. Уақыт талабына, сұранысқа сай мемлекеттік тілді оқыту методикасын жаңартып, ІТ технологияға бейімдеу тұрақты күн тәртібіне енді. Сондықтан тіл мамандарының, әдіскерлер мен оқытушылардың кәсіби дағдыларын арттыру өзекті. Осыған орай «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитетінің тапсырмасымен әдістемелік сегіз күндік онлайн семинар өткізуде. Іс-шараның алғашқы үш күні «Қазақ тілін оқытуда жасанды интеллектіні тиімді пайдалану» тақырыбына арналды.
– Тіл оқыту, тіл үйрету құбылысы үнемі дамуды, жаңа техника мен технологиялар мүмкіндіктерін ұтымды пайдалануды талап етеді. Соның ішінде қазақ тілін оқыту әдіс-тәсілі уақытпен бірге ілесіп, жаңаруы өте маңызды. Сондықтан біз бұл теориялық және практикалық еркін тәжірибе алмасу алаңында жасанды интеллектінің тіл үйретудегі ерекшеліктері мен артықшылықтарына басымдық бердік, – дейді семинар спикері, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің доценті, ф.ғ.к. Бақыт Айтпаева.
Өзара тәжірибе алмасу мақсатында ұйымдастырылған басқосудың алғашқы екі күні Б.Айтбаева тіл үйретуде жасанды интеллектіні тиімді пайдалану жолдары мен қашықтан оқытуда қолданылатын платформалармен жұмыс істеу тиімділігін атап көрсетті. Тыңдаушыларға арнайы тапсырмалар беріп, оның нәтижесін бағалап, ұсыныстарын айтты.
– Тәжірибе алмасып, жаңа білім, дағды үйрену кез келген салада оң нәтижесін береді. Сондықтан осы іс-шараның ұйымдастырушыларына, спикерлерге алғысым шексіз. Бақыт Манатқызы ұсынған LUMIO, Flippity, Gimkit, Google Forms платформаларымен жұмыс жасау қызық әрі оқушының тақырыпты жеңіл түсінуіне мүмкіндік жасайды. Тың және тиімді ақпараттар алдық, – дейді Ақмола облысы Жарқайың ауданының «Тілдерді оқыту орталығы» КММ әдіскері Мөлдір Қалқабаева.
Онлайн-семинардың үшінші күні НЗМ ДББҰ филиалы «Білім беру бағдарламалары» орталығы, «Лингвистикалық бағыттағы пәндер бөлімінің аға менеджері Алтынгүл Хасенова дәріс берді.
Онлайн-семинарға еліміздің әр өңірінен 100-ге жуық тыңдаушы қатысуда. Оқытушылардың біліктілігі мен құзіреттілігін шыңдауға арналған шара 22 мамырға дейін жалғасады.