Ахмет Байтұрсынұлының тікелей шәкірті және лингвистикалық мектебінің ірі өкілі, ХХ ғасыр басындағы қазақ тіл білімінің негізін қалаушылардың бірі Елдес Омарұлының дүниеге келгеніне 130 жыл толу мерейтойына орай Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты Ахметтану бөлімі республикалық семинар өткізді. Алаш мұраларын зерттеушілер, тілтанушылар, ЖОО оқытушылары мен студенттер қатысқан жиында Тіл білімі институты директорының орынбасары, РhD Ермұхамет Маралбек Алаш зиялысының ғалымдық тұлғасына тереңірек тоқталса, Ахметтану бөлімінің меңгерушісі, ф.ғ.д. профессор Құралай Күдеринова тілтанымдық тұлғасы туралы баяндады. Ахметтану бөлімінің жетекші ғылыми қызметкері, ф.ғ.к. Гүлфар Мамырбек «Әліпби айтысындағы Елдес Омарұлының тұжырымдары», әл-Фараби атындағы ҚазҰУ оқытушысы, ф.ғ.д. Орынай Жұбай «Елдес Омарұлының қазақ тіліндегі тіркесім заңдылығына қатысты ұстанымдары» және Тіл білімі институтының 1 курс докторанты Жансая Көшербай «Е.Омарұлының қазақ ұлттық сөйлем құрылысы мен сөз тіркесіне қатысты ойлары» тақырыбында баяндама жасады. Сондай-ақ Жазушылар одағының мүшесі, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай мемлекеттік университетінің профессоры ф.ғ.к. Ақылбек Шаяхмет пен Елдес Омарұлының туысы Марат Шуақаев пікір білдірді. Ал семинар модераторы А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры Анар Фазылжан болды.
Семинар соңында Елдос Омарұлының мұраларын зерттеу, ЖОО бағдарламаларына ғалым еңбектерін енгізу, Алматы қаласында көше, оқу орындарына Елдес Омарұлының есімін беру туралы қарар қабылданды.
Семинар барысында оқылған ғылыми баяндамалардың барлығы оқырман үшін маңызды. Соның бірін оқырман назарына ұсынуды жөн санадық...
ХХ ғасыр басында әліпбиге қатысты талас-тартыс өте қызу жүргені мәлім және бұл «Әліпби айтысы», «Әліпби тартысы» деген атпен тарихта қалды. Жалпы ХХ ғасырдың басында қазақ қоғамындағы әліпби (алфавит) мәселесіне қатысты талас-тартыс төрт түрлі бағытта жүрді:
1) Миссионерлердің орыс әліпбиін енгізуге деген талпынысы;
2) Бұрыннан қолданылып келе жатқан араб жазуын өзгертпей сол қалпында қолдану;
3) Араб жазуына өзгеріс енгізу;
4) Араб әліпбиін тастап латынға көшу.
Жалпы сонау VIII ғасырдан бастап, XX ғасырға дейін қолданыста болған араб жазуына өзгеріс енгізуге не түркті болды, оның себебі не? А.Байтұрсынұлы он үш ғасыр бойы қолданыста болған әліпбиді неге өзгертті? Латынға көшу мәселесі не үшін көтерілді?
ХІХ ғасырдың соңында Қазан қаласында «Рухани академия» құрылады да онда арнайы «Противомусульманская кафедра» ашылады. Оның тұңғыш меңгерушісі Ильминский болады. Рухани академия Ресейдің қол астындағы түркі халықтарын тырп еткізбей бағындыру үшін мұсылман дінінен, тілінен айырып, орыс әліпбиін енгізуді мақсатты түрде қолға алады. Ал миссионерлердің басты міндеті қолданыстағы араб әліпбиінің орнына орыс әліпбиін енгізу және шоқындыру болады. Міне, осындай астыртын сая-сат ХІХ ғасырдың соңында Ресейдің қоластындағы түркі халықтары арасында жәдидшілдік ағымын орнатады. Оның мақсаты – мұсылман халықтарының дінінен, тілінен, жазуынан ажырамай, жаңа заман талабына сай білім алу жүйесін орнықтыру болады. Жәдидшілдік Қырым татарларының бастамасымен қолға алынады, оның негізін салған И.Гаспринский (1851–1914) және ол татар білім беру жүйесін реформалайды да мектептерге «усул жәдид» әдісін енгізеді. Осы «усул жәдид» мектебінің қазақ қоғамына аса маңызды екенін және араб жазуы-нан айырылса күллі қазақ рухани-мәдени байлығы мен ұлттық болмысынан айырылып қалатынын жақсы түсінген зиялылардың ең көшбасында А.Байтұрсынұлы мен Е.Омарұлы тұрды.
Кирилге көшу түркі халықтары тарапынан қарсылыққа ұшырағандықтан, Ресей үкіметі латынға көшу идеясын көтереді. Латын мен араб әліпбиінің таласында араб жазуының тиімділігін дәлелдеп шыққандардың бірі Е.Омарұлы болды. Е.Омарұлы әліпби тартысына қатысты өзінің негізгі тұжырымдары мен пікірлерін Орынборда (1924), Бакуде (1926) және Ташкентте (1927) өткен конференцияларда айтты.
1. Ардақты азаматтар мен қара бұқара. Елдес Омарұлы латын мәселесінде қоғамның екіге бөлінуін қаламады. Е.Омарұлы: «Латынды қалай алмақпыз? 1-2 жылдың ішінде алып бола аламыз ба? Мәселен, латынды мектепке алдағы жылдан-ақ бастап кіргізсек, онан бұрын оқып шыққандар латынша сауатсыз болып қалады. Олардың бәрін оқытып шығару қолдан келмейді. Латынша білмейтіндер өліп біткенше біздің жазуымыз екі түрлі болады. Сонда латынша оқи, жаза білетін «ардақты армансыз азаматтар» болмақ, латынға қолы жетпей қалған «қара бұқара» болмақ» – деген болатын.
2. Еуропаға жақындау. Бұл латынды жақтаушылардың ең көп, әрі жиі айтқан дәлелдерінің бірі осы болатын. Бұған қатысты Е.Омарұлы былай дейді: «Латыншылардың латынмен Еуропаға жақындаймыз дегені бос сөз. Әрпің латынша болғанмен, жалғыз соның арқасында Еуропаға жуықтай алмайсың, кітаптарын оқи да алмайсың. Monsier деген сөзді сен өзіңше монсиер деп оқысаң француз мусие деп оқиды. Латыныңмен ағылшын, француз, неміс кітабының қарасын да тани алмайтын болған соң, ол латынмен Еуропаға қалай жақындаймыз? Латын әрпін алғанда басқа елдің тілін білеміз деу адасқандық. Ол босқа қызықтыру». Яғни Е.Омарұлы еш дәлелсіз, құр пафос пен эмоцияға негізделген пікірлерге қарсы болған.
3. Мәдениеттің тетігі – латын. Латыншылдар тарапынан айтылған бұл дәлелге Е.Омарұлы: «Дұрысында мәдениеттің ең мықты тетігі, әліпбиден де артық тетігі – тіл. Ағылшындар өздерінің бұзық жазуымен де алға кеткен. Ағылшынның алға басуына оның шатақ жазуы да жараған. Сондықтан қазақ елі ілгері басу үшін қазақтың мінсіз дәл жазуы жарамайды деген қисынсыз. Біз латын әрпін аламыз дегенше, Еуропа мәдениетін қалай аламыз деп кеңесуіміз керек. Әріптің суреті латынша болуы, солдан оңға қарай жазылуы – мәдениетке жетудің шарты емес, мәдениетке жетуге әріптің жазуға, қолдануға қолайлылығы шарт. Қазіргі әліпби осы шарттарды толық орындайды» деген болатын.
4. Шама тілі өрнектері. Шама тілі өрнектерінің латын әрпімен жазылуы латын әліпбиін қабылдауға түрткі болған дәлелдердің бірі ретінде жиі көтерілген болатын. Оған Е.Омарұлы былай дейді: «Еуропаға жақындаймыз деп көбіне айта беретін дағдылы дәлелдерінің тағы бірі – шама тілінің өрнектері. Шама тілінің өрнектерін Еуропа о баста арабтан алған. Сондықтан Еуропа арабтың жазғанын өз әрпімен (a+b)2=a2+2ab+b2 деп жазған. Ал сол кезде Еуропаның әрпі дәл қазіргі біз сияқты өзінікі емес, өз тіліне үйлестіріп алған латын әрпі болатын».
5. Оқыту әдісі жеңіл. Латынды жақтаушылар тарапынан латын әрпін үйретіп-оқыту әдісі араб әрпіне қарағанда әлдеқайда жеңіл болады деген пікірлер көп айтылған болатын. Бұған Е.Омарұлы: «Латыншылар латын әліпбиі оқыту әдісі жағынан да артық, жазғанда жылдам жазылады, оқылуы да жылдам болады деп дауласады. Бірақ латыншылардың онысы дәлелсіз құрғақ дау. Оның анығына тек тәжірибемен ғана жетуге болады. Бізде ондай тәжірибе әлі болған жоқ. Тәжірибесіз латын әрпін мақтап, қазақ әрпін жамандау сөйлеуге сөз таба алмаған еріккендердің ісі» дейді. Яғни Е.Омарұлы оқыту әдісінің ауыр-жеңілдігін іс жүзінде тәжірибе жасау арқылы ғана анықтауға болатынын ескерткен.
6. Жамаушы. Қазақ зиялылары кирил не латынға көшуден гөрі, қолданыстағы араб әліпбиіне өзгерістер енгізу қажеттігін дұрыс деп танығаны мәлім. Яғни А.Байтұрсынұлы ұзақ жылдар қолданыста болған араб әліпбиіне өзгерістер енгізіп, ұлттық әліпби жасады. Осымен байланысты латыншылдар арабшылдарға «жамаушы» деген айып таққан болатын. Бұл айыпқа Е.Омарұлы былай жауап береді: «Латыншылдардың тағы бір жабатын жаласы «жамаушы» деген жала. Қазақ әліпбиінің негізі арабша екені рас, арабша әліпбиді жамап, өзгертіп алғаны да рас, бірақ қазақ оны жамағанда араб танығысыз қылып өзгертіп, өзінікі қылып алып отыр. Біз жамаушы болсақ, латыншылдар да жамаушы. Латыншылдардың 99 түрлі жобасы бар. Олардың ішінде латын әліпбиін жамау-жасқаусыз сол күйінде алып отырған біреуі де жоқ».
Бір әріпті тастап, екінші әріпке еш дайындықсыз дереу көшу экономикалық, әлеуметтік және рухани-мәдени жақтан ауыр болатынын айтып шырылдаған А.Байтұрсынұлы, Е.Омарұлы бастаған зиялылар қауымына ұлтшылдар, ескішілдер, арабшылдар, қадымшылар, керітартпалар, діншілдер, молданың шашбауын көтерушілер деген айып тағылған еді.
Гүлфар МАМЫРБЕК,
А.Байтұрсынұлы атындағы
Тіл білімі институтының
жетекші ғылыми қызметкері,
филология ғылымының кандидаты
Дереккөз: «Ана тілі» газеті https://anatili.kazgazeta.kz/news/61793