16 мамыр, Қарағанды қаласының «Шырақ» тілдерді оқыту орталығы «Тілді оқыту әдістемесі және сандық технология мүмкіндіктері» тақырыбында мазмұнды семинар ұйымдастырды. Ғылыми жиынға Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы «Абай институты» бөлімінің жетекшісі, педагогика ғылымдарының магистрі Айгүл Орманова қатысып, қазақ тілін офлайн/онлайн оқыту әдістемесі мен «Шетелдегі қазақ диаспорасына арналған қазақ тілі» әмбебап оқулығын дайындау кезінде пайдаланылған әдіс-тәсілдер жөнінде дәріс оқыды.
Тіл оқыту әдістемесін жетілдіруде сандық технологияның мүмкіндігін насихаттау, оқытушы, әдіскерлерге әдістемелік көмек көрсетіп, кәсіби біліктілігін арттыру мақсатында қолға алынған семинар жұмысында білікті мамандар дәріс оқып, іс-тәжірибесін ортаға салды. Қазақ тілі және түркітану кафедрасының оқытушысы, педагогика ғылымдарының магистрі Күлән Көпеш видео сабақ – қазақ тілін оқытудың тиімді жолы тақырыбында баяндаса, Қарағанды облысы тілдерді оқыту орталығының мамандары Алмагүл Игенова мен Мүнира Ағымбаева заманауи цифрлық технологияларға негізделген оқу құралдарын әзірлеудегі іс-тәжірибесімен бөлісті.
Семинар жұмысына оқыту орталықтарының әдіскер, оқытушылары қатысып, оқыту үдерісін жандандыруға қажетті ақпарат алды. Іс-шара соңында «Шырақ» тілдерді оқыту орталығы тарапынан барлық қатысушыға сертификат табысталды.