ТІЛ – ТАНЫМ ӨЗЕГІ

ТІЛ – ТАНЫМ ӨЗЕГІ

Бұл жағдаят ғаламданған әлемнің бір бөлшегі ретінде «қазақ дүниесінің» де тілдік бейнесін танудың лингвофилософиялық тәсілі «ұлттық модель» мен «әлемдік модельдің» тоғысуын қажет ететінін қазіргі жаһандану заманындағы ғылыми тәжірибе көрсетіп отыр. Осымен байланысты әлемдік деңгейдегі В.Фон Гумбольдт, А.А.Потябня т.б. лингвофилософ ғалымдар мен А.Байтұрсынұлы, Қ.Жұбанов т.б. қазақ руханияты мен тіл білімінің негізін салушы ғалымдар, Алаш зиялылары мұраларының шығармашылық үндестігін зерделеуге қатысты жаңа бағыттағы еңбектер қазақтану ілімін тіл арқылы дәйектеуге өзіндік үлес қосады деп санаймыз.

Атап айтқанда, XX ғ. екінші жартысынан бастап басқа да интеграция­лық сипаттағы жаңа ғылыми парадиг­малардың қатарында дүниенің даму бейнесін пәнаралық (философия, психология, мәдениеттану және лингвистика) модельдеуге бағытталған лингвосинергетика парадигмасы қа­лыптаса бастады. Оның негізгі мәнін терең тамырлы тіл құрылымының бір-біріне байланысқан, бірақ өз ішінде реттелетін бөлшектерінің тіл­дің өз ішінен шығатын қуатын ашық жүйеде сипаттайды. Осы тұрғыдан пайымдасақ, «әлем моделі», «әлем бейнесі», «тілдік сана» сияқты ұғымдар сипаттайды. Филолсофиялық тұрғыдан «әлем моделі» танымның (мәдениеттің) дүниетанымдық категорияларының тұтастығын көрсетсе, «әлемнің тілдік моделі» оның тіл арқылы бейнелеуін көрсетеді.

Соның негізінде В.Фон Гумбольдт енгізген «этнотілдік сана» ұғымы «ұлттық дүниетаным мен түсінікке сәйкес қалыптасқан мәдениет пен психология негізінде жасалатын дүниенің инвариантты бейнесі тілде дәйектеленетіні дәлелденеді. Ал әрбір тілге тән этномәдени жүйенің мағы­насын түзетін ортақ семан­тикалық желінің ашық жүйеде, ассоциативті сипатта (санада бұрыннан бар) ұйым­дастырылған семантикалық жал­ғастығы синергетикалық қағидаға сәйкес әр замандағы тілді тұтынушыға оның түсініктілігін қамтамасыз етеді. Бұл дүниетанымның негізінде әр ұлттың өзіне тән әлеуметтік стереотиптері, когнитивтік схемалардың жүйесі дүниенің тілдік бейнесін құрады. Себебі көру, сезу арқылы қабылданған бейне сөздің ішкі мазмұнындағы қуаттың ашықтық сипаты арқылы танымдық дамудың көркем үрдісін жалғап, тілдік санада оны сөз-бейнеге айналдырады. Мысалы, қыз сұлулығын айшықтайтын ботагөз сөзі мен қазіргі таңда үстеме мағынасы арқылы жаңғырған тұсаукесер сияқты сөздердің қолданысы қазақ танымына сәйкес қалыптасқан.
Сол сияқты жыраулар тіліндегі:
Елбең-елбең жүгірген,
Ебелек отқа семірген.
Немесе:
Құладын құстың құлы еді.
Тышқан жеп жүні түледі...
– деген жолдардағы ебелек от, құладын құс атауларының жыр кестесінде астарлаған этномәдени кодын сөздіктерде ашу үшін оларға фитонимдік, орнитонимдік (ебелек оты – шөп, өсімдік, ал құладын құс) ақпарат беру жеткіліксіз. Ол үшін ебелек отының (шөбінің) құнары малды семіртетінін, құладынның асыл тұқымды құс еместігін күнделікті өмір тәжірибесінде танып, адам, мінезін бейнелеуге ауыстырған когнитивтік танымды беру керек.
Жалпы алғанда, көшпенді мәде­ниеттің өрісіндегі қоршаған табиғаттың флорасы мен фаунасы, ландшафттың ерекшелігін өздерінің таным көкжиегіне сай теңеп, кейіптеуі олардың тұтас, көркемдік-рухани әлем кеңістігін, жүйесін қалыптастырады. Бұл айналып келгенде, өзін табиғаттың бір бөлшегі ретінде санайтын көшпелі мәдениеттің негізгі қағидасы».
Демек, табиғатпен астас өмір сүріп, оның әртүрлі құбылыстарын бағалап үйренген ата-бабамыз оны өзінің күнделікті іс-тәжірибиесімен салыстырып, санасында бұрыннан бар ассоциациялық бейнелер арқылы ұқсастырады. Соған сәйкес ебелек оты деген контексте оған өсімдік ретінде мән беріліп тұрған жоқ. Ол жоғарыда көрсетілген когнитативтік үдеріс негізінде санада ұйқастыру арқылы, яғни өсімдіктің «жеңіл», «әлсіз» деген мағынасын адам мінезіне қатысты «жеңілтек» мағынасын үстемелеп, көркем түрде бейнелеп тұр.
Тілді ой туғызушы мүше, адамның дүниені танып білетін және үдеріс ретінде анықтайтын лингвофилософиялық тұжырым А.Байтұрсынұлы атындағы Институтта атқарылып жатқан бұл бағыттағы зерттеулерге арқау болады. А.Байтұрсынұлының: «Тіл адамның адамдық белгісінің зоры, жұмсайтын қаруының бірі» және «Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады» деген тұжырымдары мен тілдің коммуникативтік феноменінің негізгі белгісін түсіндірген «Тіл құралы» еңбегін бағдар етіп ұстанады.
Қазіргі қоғамда тілді танымдық өзек деп танып, тіл ~ ұлт, тіл ~ мәдениет, тіл ~ қоғам т.б. сабақтастығында жүргізіліп жатқан зерттеулердің үрдісін ұлттың рухын тілінен іздеген А.Байтұрсынұлының тұлғалық-әлеуметтік болмысы мен халқын ояту мен тамырына бойлауды мақсат еткен ұлы мұратына адалдық деп анықтауға болады. Ұлт ұстазының:
Тән көмілер, көмілмес еткен ісім,
Ойлайтындар мен емес бір күнгісін
Жұрт ұқпаса, ұқпасын,
жабық­паймын,
Ел бүгіншіл, менікі ертеңгі үшін – деген көсем сөзінің ұрпақ санасына жетіп, танымы да, талабы да, тілі де жасампаздыққа бағдарланған бүгінгі замандағы тіл тұтынушының, келесі ұрпақтың танымдық өзегін құратын «Қазақ тілінің ұлттық корпусынан» жалғастық табады деп ойлаймыз. Бұл – қазіргі компьютер заманы мен цифр-ландыру жүйесі кеңістігінде қазақ тілі қазынасындағы миллиондаған тіл деректері мен бірліктерін тануға бағытталған, институттың ғылыми-интеллектуалдық ресурсы мен зерттеу тәжірибесі жұмылдырылған заманауи да кешенді жоба. Оның маңыздылығы ел мүддесіне сәйкес рухани-әлеуметтік мәнімен қатар, әлемдік даму деңгейімен үндестігі мен болашақ бағдарында.
Тәуелсіз мемлекетіміздің рухани-әлеуметтік мүддесі, мемлекеттік тілдің қоғамдық, саяси және мәдениетаралық коммуникациядағы қызметінің жаңа деңгейі тілді тұтынушылардың ұлттық санасы мен танымын кеңейтіп жүр. Осыған сәйкес ұлт болмысының өзегін құрайтын тілді меңгеру мен танудың мазмұнын тереңдетіп, соған сәйкес ғылыми-әдіснамалық тұғырын да инновациялық технологиямен жетілдіруді қажет ететіні белгілі.
Бұл тектес мәселелер жоғары оқу орындарында элективті курстар, лингвомәдениетттану, лингво­әлеуметтану сияқты пәндер арқылы біршама шешімін табады. Бірақ олардың ғылыми негізін жүйелі түрде оқулықтарда жалғастыру, оның әдістемелік жүйесін әлі де жетілдіре түсу жоғарыда көрсетілген еңбектерде зерттелген танымдық-ақпараттық ғылыми-әдістемелік дәйектерді жүйелі түрде оқулықтарға енгізуді қажет етеді.
Сайып келгенде, басынан өткізген сан-ғасырлық тәжірибесін, соның негізінде жасақталған білімін, қалып­тастырған дүниатанымын тіл арқылы ұрпақтан ұрпаққа жеткізіп, ұлттық болмысын рухтандырған тіл иесі өзі тіршілік еткен әлемнің тілдік бейнесін құрады, рухани және дүнияуи мәде­ниетін тіл арқылы таңбалайды. Сон­дықтан лингвомәдениеттанушы- ғалымдар тілде сақталған мұндай этнотілдік бейненің мынадай үш қызмет атқаратынын көрсетеді: 1) когнитивтік, 2) интерпретациялық, 3) семиотикалық.
Осыған орай бұл мәселенің осылайша танылуының өзектілігі, бірін­шіден, қазіргі жаһандану үрді­сінің кеңістігінде ұлтаралық қаты­настар мен мәдениеттердің өзара ықпалдастығымен үндессе, екіншіден, дамудың адамзаттық сипатын мең­герумен бірге ұлттық мәдениеттің ерекшеліктерін танытудың маңызды­лығымен түсіндіріледі. Сайып келгенде, заманауи қоғамдағы жас ұрпақ тәрбиесінің мазмұны ұлттық оқшаулануға емес, төл мәдениетті терең меңгерген білімнің адамзаттық мәдениет үлгілерімен де толығып құрылуына бағдарлануы тиіс. Бұл сабақтастық ғылым жүйесінің зерттеу бағдарламаларының арқауын тек аялық біліммен ғана шектемей, адамтанымдық құндылықтылық игеру ісін қамтамасыз етпек.
Осымен байланысты бүгінгі таңдағы тіл білімінің антропоөзектік парадигмасы өркениетті елдерді этнос ретінде түбегейлі танытатын оның тілінде қалыптасқан деректерін тіл ~ мәдениет, тіл ~ ұлт сабақтастығында кешенді қа­рас­тыратын лингвомәдениет­таным­дық және лингвоелтанымдық зерттеулерге ерекше мән беріп отыр.
Осы орайда тілдік мұра арқылы ұлтты, ел мәдениетін барынша толық танудың негізгі бір тетігі – ұлттық әлемнің тілдік үлгісін жасау, ұлттық мәдениеттің кілтін ашу. Оның мәні тілдің тек коммуниктивтік қана емес, мұрагерлік те, танымдық та, танушылық та қызметімен байланысты. Осы тұрғыдан профессор Н.Уәлидің «Бозторғай жұмыртқалаған заман» сияқты фразеологизмдердің мәдени-семантикасын талдап, түсіндірген мақалаларының құндылығы жоғары, методологиялық үлгі боларлық.
Дегенмен, тіл деректерін тек лингво­мәдени аспектіде ғана зерттеу жеткіліксіз. Осы арада лингво­мә­дениеттанудың құрамдас бөлігі лингвоелтану саласына да назар аудармаса, жоғарыда көрсетілген қажеттілік, яғни ұлттың толық та шынайы болмысы онымен таныс емес жұртқа жеткілікті танылмайды.
Ал қазіргі тіл біліміндегі соның ішінде қазақ тіл біліміндегі тілді зерттеудің антроөзектік бағытына сәйкес зерттеу барысында ұлттық ерекшеліктің барлық қырларын (әлеуметтік, мәдени, тарихи, т.б.) тұтастай тек тіл арқылы танудың мәні зор, жоғары тиімділігі дәлелденіп, лингвоелтану саласы жаңа сапалық деңгейде қалыптасып отыр.
Егеменді қазақ мемлекетінің мәртебесіне сәйкес, оның дүниежүзілік аренадағы саяси, экономикалық, мәдениетаралық коммуникациядағы сұранысына сай «қазақ дүниесінің тілдік бейнесін» зерттеу пардигмасын кеңейту – өзекті мәселе. Бұл, атап айтқанда, ұлттық мәдениеттің жаңа қырларын ашып, бай тілдік деректерді қамтитын, тілдің елтанымдық қызметін айқындайтын зерттеулерді дамытуды қажет етеді. Себебі бұл мәселенің шешілуі мәдениаралық қарым-қаты­насты жаңа, нақты дәйектік деңгейге көтермек. Осы тұрғыдан және әлеу­меттік сипаттағы заманауи қазақ қоға­мының рухани-мәдени талаптарына сай нақты қоғамдық сұраныстарды қанағаттандырмақ.
Себебі тіл арқылы ұлттың рухани дүниесін, сонымен сабақтас қалып­тасатын материалдық өндіріс пен тұрмыс күйін бейнелейтін мәдени жүйе әркімнің жеке басының жағдайына байланысты емес. Ол – белгілі бір халықтың әлеуметтік-психологиялық, мәдени-тұрмыстық, дүниетанымдық жағдайына байланысты қалыптасатын жалпыхалықтық құбылыс.
Демек, тіл – эностың бүкіл рухани, мәдени байлығының куәгері іспетті. Осыған орай, ұлттық рухты жаңғыртып, төл мәдениетті тану мен танытудың бір жолы ретінде тіл арқылы рухани-мәдени мұрамызды ежелден келе жатқан тәжірибе негізінде қорытып, тарихи қызметін саралап, қайта бағалауға бағытталған кең арналы да терең зерттеулердің қажеттілігі туындап отыр.
Сондықтан А.Байтұрсынұлы атын­дағы Тіл білімі институтының зерттеу жұмыстарын қазіргі әлемдік өркениет кеңістігіндегі жаһандану үрдісі өріс алған кезеңдегі жеке ұлт болмысы мәдениетін жіктеп көрсетуге мүмкіншілігі бар, кешенді де интеграциялық сипаттағы тіл біліміндегі жаңа бағыттағы зерттеулер санатында бағалауға болады.
Мысалы, этнолингвистикалық сөздік этностық мұра болып келе жатқан лексемалардың ішкі мәнін, қалыптасу тарихын зерттейді. Жалпы сөздік қордағы белгілі бір этносқа тән атаулар (көбінесе көне сөздер, яғни этнографизмдер) зерттелінеді. Бұндай сөздер төрт түлік малға, алғыс, қарғыс сөздері мен аспан денелері, табиғат құбылыстарын өздігінше танып түсінуге қатысты сөздер болуы мүмкін.
Лингвомәдениеттанымдық зертеулер сөздік құрамындағы заттық және рухани мәдениет атауларының халыққа тән ерекшелігі мен ұлттық өзекшеліктерін, қарапайым ауызекі тілде қолданылуын, фразеологизм бойында тұрақталған мәдени мәнін ашады.
Бұл тектес мәдени-танымдық зерт­теулердің жарқын үлгісін Институт­тың көрнекті ғалымдары Ә.Қайдар, Р.Сыздық, Т.Жанұзақ, Е.Жанпейісов, Н.Уәли, Р.Шойбеков т.б. ғалымдардың еңбектерінен көруге болады.
Мысалы, қазақ халқының күнделікті тұрмысы мен ата кәсібіне, төл мәде­ниетіне сәйкес ерекшеленетін, жылқы ұғымының мынадай семалық құры­лымын жіктеп көрсетуге болады: Жас мөлшері – 1) жаңа туғаннан үш айға дейінгі кезең (құлын, құлыншақ); 2) енесінің бауырындағы, яғни үш айдан бір жылға дейінгі кезең (жабағы); 3) жыныстық жағынан жетілген және одан кейінгі кезең (тай, еркек тай, ұрғашы тай) байтал, құнан, дөнен, бие, айғыр, бесті т.б.). Жылқы мінезі: – мама бие, тарпаң бие, асау бие, жершіл (бошаулық) бие, шақар айғыр, қызба жылқы, теліншек құлын, т.б.
Сол сияқты қазақтың ата кәсібіне сай малдың төлдеуіне байланысты атаулар: тоң, үшен, тұмса түйе, мекер, өркен, қағынақ суы, арамза бота, қызылшу, т.б.
Демек, ұлттық мәдениеттің өзегін құрайтын ғасырлар бойы ата-бабамыздың ұлттық тәрбиенің мұраты ретінде дәріптеп, белгіленген ұрпақтан-ұрпаққа беріліп келе жатқан қастерлі ұғымдар тілде сақталған. Тілдік қазы­намызда олар сан түрлі тілдік құрал­дарымен айшықталған. Олардың мәніне тереңдеп, табиғатын тану, қазіргі қоғамдық сана мен мәдениеттің бүгінгі деңгейде сабақтастырудың «кілті» олардың «тілдік бейнесінде» «тілдік әлемінде».
Демек, әрбір этностың мәдениеті оның тілі арқылы сақталған «ішкі» мазмұнында сақталады. «Мәдениетті тану кілті» – тіл арқылы сақталған мәдени ұғымдардың мәдени фонын зерттеу. Соның нәтижесінде анықталатын тілдің қызметі – әр халықтың ұлы мұрасы, ұлттың тарихи жетітігін көмкерген мәдениетті таңбалау. Ал, таңба – қоғамдық дамудың зердесін, ой-өрісін, даналық тұғыр деңгейін танытатын белгісі ретінде ұлт мәдениетін тілде белгілеу (маркерлеу) қызметін атқарады. Соның нәтижесінде, бір этностың мәдениеті екінші этносқа оның тілдік таңбалары яғни рухани және материалдық мәлдениетті сипаттаушы сөз символдары арқылы баяндалады.
Жалпы алғанда, мәдениеттің немесе оның жеке түрлері мен формаларының таңбалық сипаты туралы ой ертеде қалыптасқан. Ал тілге қатысты таңба ұғымының енуін жоғарыда көрсетілген тілден тыс салт-дәстүр, әдет-ғұрып т.б. мәселелерді тіл ~ мәдениет, ұлт ~ тіл қағидасына сәйкес танымдық тұтас сипатта қарауға қатысты зерттеулер мүмкіндік туғызды.
«Дүниенің тілдік бейнелеудің» жалпы және ұлттық ерекшелік негізіндегі көріністері салыстыра зерттеу нәтижесінде айқын көрінеді.
Осыған орай ең негізгі құрал – сөздік ақпарат. Бұның негізін құрай­тын этнографизмдер, қазақ ескіліктері, мифологемалар, басқа да этномәдениеттің архетиптік көріністері. Институттың ғылыми-өндірістік өнімде­рінде (этно­лингвистикалық, фразео­логия­лық, аймақтық, түсіндірмелі сөздіктер) олардың мәні жан-жақты ашылған.
Бұл еңбектер – тілдік қазына жүйе­ленген сөздік ақпаратты жеткізу, яғни сөздің комуникативті-прагматикалық қызметі, ақпаратты қабылдау, сипаттаушы, белгілеуші, бағалаушы, жалпылаушы қызметтерін айшықтаған тілдік таңбалары (символ, эпитет, метафора, метонимия, бейвербалды таңбалар т.б.). Мысалы, сөздіктерде кейбір ұғымдарды астарлап, тұспалдау дискурсын (өлімді естірту, қаралы жағдайдың белгісі т.б.) жеткізуде қолданылатын таңбалардың мәдени-семантикасы ашылады. Мысалы, қара ту көтеру, атын бос жіберу, ауылға шауып келу, қамшыны ортаға тастау т.б.).
Себебі әр халықтың басынан кешкен тарихы, бүкіл рухани, мәдени байлығы, болмысы, дүниетанымы, өмір тіршілігі, күнделікті тұрмысына қажет бұйымдары, әдет-ғұрыпы, салт-санасы, талғамы т.б. сол тілде сөйлеуші ортада қалыптасып, тілінде таңбалады және сақталады. Демек, сөз – заттың тура таңбасы, дүниенің тікелей бейнесі емес, оның біздің санамызда тілдік шығармашылық процесс нәтижесінде туған бейнесі. Бір кезде күнделікті өмірде өте қажетті болған көптеген заттардың атаулары ғана қазіргі қазақ тілінде мәдениеттің, дәстүрдің және ұлттық мұраның жұрнағы ретінде сақталып қалған. Демек, атаулар жүйесінің қызметі тек атауыштық қана емес. Зерттеу нәтижесінде тілдің негізінде коммуникативтік қызметіне қоса, ұлттың рухани қазынасын бойына сақтаған танымдық-ақпараттық этномәдени мұраны тілде таңбалаған мұрагерлік (куммулятивтік) қызметі айқындалады.
Осымен байланысты тіл ~ мәдениет сабақтастығындағы дүние бейнесінде аялық таңба уәжділігінен туындайтын символдану үрдісі байқалады. Ал символдың негізі, түп тамыры – бейне. Бірақ бейненің бір ғана қасиеті, мәні ұлттық сипат алып, символдық мәнге ие болады. Келе-келе қосымша семалар көрінбей, ұқсату арқылы қалыптасқан тұтас бейне символға айналып, кейін бейнелілігін жояды. Символ ұғымның тура мағынасын ғана сипаттамайды, бейне арқылы ақиқатты түсінуді тереңдетеді. Символ оның формасын, моделін жасайды. Символға тән қасиет бүтінді бөлшек арқылы танытады. Мысалы, шаңырақ, кереге, жаға т.б.
Бірақ символ ешқашан бір мағына шегінде қалып қоймайды, оның мағы­налық астары кең, сол заттың (ұғым­ның) өзінен басқа затқа меңзеу, оның шегінен асу әрекетін бейнелейді. Бұл құ­былыстың тұтас бейнесі арқылы ақиқат туралы жаңа да, кеңірек білім туа­ды. Мысалы, Жерұйық, Байтерек т.б.
Ұлттық таным-түсініктердің тілдік таңбасының көркем жүйесімен сабақтас фразеологиялық бейнесі де аса өзекті зерттеу нысаны. Мысалы, «Айдың аманында», «Айы оңынан туды», «Ай тұяқ шалды» деген тір­кестердегі ай символының қызметі мен «Жұлдызы қарсы», «Жұлдызы теріс келді», «Жұлдызы жоғары» т.с.е. фразеологиялық тіркестердің қызметі наным-сенім, сыйыну тотемдік, шамандық дәуірден бастап ұлттық санада сақталып, кейінгі ұрпаққа жалғасып келе жатқан мифологемдер қатарына жатады.
Ал ұлттық заттық-мәдени лексе­малардың этномәдени сипатқа ие болып, күнделікті тұрмысты, ата кәсіпті, мінез-құлықты, іс-әрекетті, құбылысты бейнелеуде тұрақты қолдану нәти­жесінде қалыптасқан: Айрандай аптап, күбідей күптеу (толықтай өзіне қарату, бағындыру); ақ киізге көтеру; ақ түйенің қарны жарылу, Асан қайғыға түсу; асығы алшысынан түсу; асығы түгел; аузынан ақ май ағу; ауызды қу шөппен сүрту; аузыңа май, астыңа тай; ауыл итінің құйрығы қайқы; әңгір таяқ ойнату; бармағын тістеу; бас жарылса бөрік ішінде, қол сынса жең ішінде; безбүйрек; бетегеден биік, жусаннан аласа; бетке күйе жағу; бетке таңба болу; бет моншағы үзілу; бетін айдай қылу; бие сауымдай уақыт; бір күн бие, бір күн түйе; бір тарының қауызына сыйғызу; дәм-тұз атсын; дәм-тұзы жарасу; екі қошқардың басы бір қазанға сыймайды; есік көрген; етінен өтіп сүйегінене жету т.б.
Сонымен, кез келген тілдегі ғалам бейнесінде, біріншіден, адамның өзін қоршаған шындық туралы жалпы дүниетаным сипатталса, екінші жағынан, әрбір тіл иесі өзі өмір сүретін белгілі бір әлеуметтік-мәдени қоғамның ұлттық бейнесінде жасалады. Басқаша айтқанда, адамның санасында қалыптасатын дүниетанымы тілдің қызметі арқылы сол тілде сөйлеуші ұжымның мәдени кеңістігіндегі тіл иесінің қабылдаған ғаламның біртұтас бейнесі құрылымдалады. Сондықтан әлемді өзіндік көру мен суреттеуіне тән ой-өрісіне байланысты құрып, яғни дүние-ғаламның үзіктерін өзінше өріп, жіктеп, бейнелеп атайды, өзіндік «әлем үлгісін» түзеді. Соның негізінде тартылған танымдық желі тілде бекіген ғалам бейнесіне сай келеді. Осымен байланысты әр басқа халықтың тілдеріндегі ғалам бейнесінде адамзатқа ортақ дүниеліктердің де немесе белгілі бір тіл иесіне ғана тән белгілердің болуы – заңдылық.


Жамал МАНКЕЕВА,
А.Байтұрсынұлы атындағы
Тіл білімі институтының
Лексикология бөлімінің бас ғылыми қызметкері, филология ғылымының докторы, профессор


https://anatili.kazgazeta.kz/news/62415


Бөлісу