Астана қаласында көру қабілеті нашар жандарға арналған экран дикторы жобасының таныстырылымы өтті. Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы әзірлеген инновациялық жоба қазақ тілінде сөйлейтін, ана тілінде ақпарат алғысы келетін пайдаланушылар үшін айрықша маңызды.
Көз жанары нашар азаматтардың цифрлық контентке, ақпарат пен білімге қол жетімділігін арттыруды көздейтін бірегей құралдың таныстырылымында ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитетінің төрағасы Ербол Тілешов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Кенжеғұл Сейітжан, Назарбаев Университетінің ассистивті технологиялар және ақпараттың қолжетімділігі жөніндегі сарапшы-менеджері Зият Әбдіқайымов сөз алып, цифрлық өнімнің мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтудегі маңыздылығына тоқталды.
«Әрбір адам, әрбір ұлт сияқты тіл де бәсекеге қаілетті болуы тиіс, тілдің алдында да өз міндеттері болады. Экран дикторы – зағип жандардың өмір сапасын, әлеуметтік белсенділігін арттырып, білім алып, ғылыммен айналысуына мол мүмкіндік беретін қазақ тіліндегі алғашқы мобильді қосымша. Біз өз тарапымыздан экран дикторын уақыт талабына сай жетілдіріп, дамытып отыруға күш саламыз», – деді Тіл саясаты комитетінің төрағасы Ербол Тілешов.
Депутат Кенжеғұл Сейітжан: «Бүгін таныстырылып жатқан құралды отыз жыл бойы аңсадым. Әлемнің тең жартысын араласам да, қазақ тіліндегі мәліметті ала алмай, қазақ тіліндегі ақпаратты жеткізе алмай, ана тіліндегі ақпаратты жаза алмай қиналған едім. Енді міне, өте қажетті құралды дайындап, көз қабілеті нашар жандардың игілігіне шығарып отыр», – деп ризашылығын жеткізді. Android смартфондарымен жұмыс істейтін, ақпаратты дыбыстап жеткізетін бұл қосымшаны тестілеуден өткізген заңгер Мұсағали Дауылов Ақтөбеден тікелей байланысқа шығып, өз әсерімен бөлісіп, жоба авторларына алғысын айтты.
«Еліміздегі ерекше қажеттіліктері бар азаматтардың мүддесін көздейтін инновациялық жобамыз жарыққа шықты. Оны дайындау алдында біз осы салаға қатысы бар мамандардың көмегіне жүгінген едік. Атсалысқан әрбір азаматқа, заңгерлерге, сарапшыларға, сала мамандарына ризашылығымызды білдіреміз. Мобильді қосымша көрі қабілеті нашар 160 мың қоғам мүшесінің, оның ішінде көру қабілетінен мүлдем айрылған 85 мың азаматтың ақпаратқа қолжетімділігін толыққанды ұйымдастыруды көздейді. Ол Android жүйесінде кіріктірілген Talkback қосымшасымен бірге жұмыс істейді. Қазақ тіліндегі экран дикторы арқылы көру қабілеті төмен азаматтар кез келген сөзді, мәтінді, құжатты, смартфондағы пәрменді тыңдап, өздігінен жұмыс істей алады. Ал iOS-қа арналған қосымша жуырда дайын болады», – деді «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының бас директоры Мақпал Жұмабай.
Әлеуметтік маңызы бар жиынға ҚР ҒЖБ министрлігі өкілдері, ҚР Мәжіліс депутаттары, инклюзивті білім беру мамандары, сондай-ақ ғалымдар мен жоба авторлары, қоғам белсенділері мен журналистер қатысты.
Мобильді қосымшаға қатысты пайдалы сілтемелер:
https://screenreader.tilqazyna.kz/
https://play.google.com/store/apps/details?id=com.kazakhtts&hl=ru