ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТУ САЛАСЫНДАҒЫ ӨЗГЕ ҰЛТ ӨКІЛДЕРІНІҢ БАЙҚАУЫ МӘРЕГЕ ЖЕТТІ

ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТУ САЛАСЫНДАҒЫ  ӨЗГЕ ҰЛТ ӨКІЛДЕРІНІҢ БАЙҚАУЫ МӘРЕГЕ ЖЕТТІ

Бірінші рет Петропавл қаласында ұйымдастырылған бұл байқауды Тіл саясаты комитеті Мемлекеттік тілді дамыту және лингвистикалық жұмыстар басқармасының басшысы Гүлфариза Мелдешқызы Мұқан құттықтау сөзбен ашты.

«Әлемдегі жаһандану процесі әр халықтың алдына өздерінің ұлттық рухани-мәдени құндылықтарын жандандыру міндетін қойып отыр. Осы ретте біздер үшін қазақ тілінің әлеуметтік мәртебесін жоғарылату, мемлекеттік тілді рухани-мәдени құндылық ретінде дәріптеу аса маңызды. Биылғы байқау қызмет көрсету саласы бойынша өткізіліп отыр. Оның басты ерекшелігі осында»,– деді ол.

Бұл – халық жиі баратын сала. Нельсон Мандела айтқандай, егер адамдармен ұғыныса алатын тілде сөйлессеңіз, сөзіңіз оның ақыл-ойына ғана арналған болып шығады. Ал оның ана тілінде қарым-қатынас ұстасаңыз, бірден жүрегіне жол таптым дей беріңіз.

Заманауи дүниеде қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейту мақсатында ұйымдастырылған байқауға еліміздің өңірлері мен Шымкент қаласынан іріктеу кезеңдерінің 9 жеңімпазы қатысты.

Қазылар алқасының құрамына белгілі ғалымдар енді: Қасиет Кәкенұлы Молғаждаров, филология ғылымдарының докторы, профессор – қазылар алқасының төрағасы; мүшелері – Жанар Серкешқызы Таласпаева, филология ғылымдарының кандидаты, доцент; Аслан Есемқанұлы Әлімбаев, философия докторы PhD.

Республикалық байқау «Жұлдызды сәт», «Сөздің көркі», «Ой ұшқыны», «Ұшқыр сұрақ, ұтқыр жауап» деп аталатын төрт кезеңнен тұрды.

Қазылар алқасының қызу талқылауынан кейін бәйгенің Бас жүлдесі Павлодар қаласы Халыққа қызмет көрсету орталығының қызметкері Гросс Инга Райнгольдовнаның қанжығасына байланып, 300 мың теңгеге ие болды. Бірінші орынға Орталық Азиялық Инновациялық университетінің «Аударма ісі» мамандығы бойынша4-курс студенті Нусратуллаева Интизора Нарзуллақызы лайықты деп танылды. Екінші орынды Ұлытау облысы, Қаражал қаласы Жәйрем кен байыту комбинатының бас маманы Ентальцев Максим Александрович жеңіп алды. Үшінші орынды «Қазақтелком» АҚ филиалының корпоративтік бизнес жөніндегі сату үдерістерін қолдау секторының маманы Мурзина Аделя Салаватовнаға бұйырды.

5 үміткер әрқайсысы 50 мың теңгеден ынталандыру сыйлығына ие болды. Қатысушылар арнаулы Диплом, алғысхатпен марапатталды.

 


Бөлісу