ҚАЗАҚСТАННЫҢ ЦИФРЛЫҚ ТРАНСФОРМАЦИЯЛАНУЫНДАҒЫ ЛИНГВИСТИКАЛЫҚ КЛАСТЕРДІ ДАМЫТУ МҮМКІНДІКТЕРІ

ҚАЗАҚСТАННЫҢ ЦИФРЛЫҚ ТРАНСФОРМАЦИЯЛАНУЫНДАҒЫ ЛИНГВИСТИКАЛЫҚ КЛАСТЕРДІ ДАМЫТУ МҮМКІНДІКТЕРІ

Бүгінгі қоғамның эволюциясы цифрлық дәуір адамын қалыптастырды. Еліміз де өз даму статусын – цифрлық Қазақстан (Digital Kazakhstan) атауымен белгілеп, жаңа өркендеу мәдениетінің стратегиясын «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасымен 2017 ж. бекітті. Қазақстан Республикасының Ақпарат және коммуникациялар министрлігі бұл бағдарламаның жүзеге асуын 2018-2022 жж. аралығына жоспарлады. Қазіргі Қазақстанның цифрлық даму келбеті, бағдарламада белгіленген екі негізгі даму бағытында жүргізілуде:

  • Қазіргі экономиканы цифрландыру;
  • Болашақтың цифрлық индустриясын құру.

Еліміздің әр экономикалық саласы цифрлық индустрияны әлемдік деңгейге көтеріп қалыптастыру үшін, өз кәсіби бағыттарында жүйелі жобаларды жүзеге асыруда. Бұған дәлел ретінде республикамыздағы ғылыми-тәжірибелік конференцияларды, мамандардың кәсіби форумдарын, ғылыми және әлеуметтік жобаларды, кадрларды дайындау оқу бағдарламаларының «цифрлық» мазмұнын, мемлекеттік қызмет көрсетудегі цифрлық технологиялардың мүмкіндіктерін айтуға болады.

Еліміздегі цифрлық қоғамды дамытудың басты мақсаты – адами капиталды жаһандану қағидаттарына сай арттыру арқылы қазақстандықтардың өмір сүру деңгейінің сапасын заманауи тұрғыда дамыту. Болашақ цифрлық қазақстандық индустрияның тетігі ретінде инновациялық мәдениеттің жаңа үлгілерін анық айтуға болады. Мұндай инновациялық үлгілер ретінде цифрландыру саясатын жүзеге асырып отырған 4.0 өнеркәсіптік салаларының өндірісін, цифрлық технологиялар арқылы сапалы қызмет көрсетудің заманауи жобаларын ұсынып отырған салаларды келтіруге болады (мемлекеттік қызмет көрсету, медицина, авиация, білім беру, дизайн, сәулет т.б.).

Цифрлық индустрия осындай салалардың инновациялары арқылы жүзеге асатын болса, ол инновациялардың өзіне қандай феномен түрткі бола алады деген сауал туындайды. Цифрлық инновациялардың негізін құрайтын – IT-компаниялардың компьютерлік технологиялары мен бағдарламалары және цифрлық лингвистиканың мүмкіндіктері. Қоғамымызда мынадай «адасатын» пікір жиі кездеседі – техника мен технологиялардың дамыған заманында гуманитарийлердің өзектілігі мен оларға деген сұраныс төмендейді. Соның ішінде тіл мамандарын (лингвистер, тілтанушылар) ығыстыратын жаңа технологиялық дәуір лингвистиканың да (тіл туралы ғылымның) заманауи өмірін цифрлық қоғамнан тыс қалдырады деген «соқыр» пікірлер.

Кәсіби пікірлер мен арнайы мәліметтерге жүгінсек, ірі IT-компаниялар да, заманауи бағдарламалар бойынша IT-мамандарды дайындайтын белгілі Мәскеулік жоғары оқу орындарының жетекші ғалымдары да, цифрлық қоғамның даму эволюциясын әлемдік деңгейде болжап берген әйгілі физик, футуролог Митио Каку сияқты көшбасшы-мамандардың көрсетуінше де, цифрлық дәуір қоғамында техникалық және гуманитарлық білім ғана өзектенеді. Гуманитарийлер, соның ішінде тіл мамандары, цифрлық қоғамның жаңа контентін қалыптастыру үшін және жаңа өмір концепциясын түсіндіріп насихаттау үшін қызмет ететін болады. Ал қоғам дамуының кез-келген жаңа мәдениетіне көшу алдында үнемі тұтынушылық «аласапыраны» болатыны тарихи шындық. Сонда жаңа қоғам тұтынушылары, яғни цифрлық қоғам адамы, өзінің жеке идентификациясын жүргізу алдында, өмір сүріп отырған әлеуметінің концепциялық негізін (моральдық, философиялық, рухани, мәдени, технологиялық, әлеуметтік-экономикалық) түсініп алғаны дұрыс. Бұл салада қыруар еңбек ететін қазіргі әлеуметтік-ізгілендіру саласының мамандары болады.

21-нші ғасырдың алғашқы екі он жылдығында біздің елімізде бірнеше трансформациялық кезеңдер өтті – олар экономиканы, индустриялды өркендеуді, әлеуметтік саланы қайта қарауды, технологиялық дамуды басты назарға алды. Ал цифрлық Қазақстанды дамыту стратегиясын жаңа технологиялық тренд ретінде қабылдаумен қатар, қоғамдық сана-сезімді рухани жаңғырту стратегиясы да күн тәртібіне қойылды. «Цифрлық Қазақстан» мен «Рухани жаңғыру» мемлекеттік бағдарламалары қыран құстың екі қанатындай елімізді әлемдік өркениетке көтеретін маңызды даму стратегиялары болып табылады деп білеміз. Екінші жағынан, жоғарыда көрсетіп кеткендей, техникалық және гуманитарлық-ізгілендіру білім мен мәдениеттің қатар жүріп қана еліміздің сапалы трансформациялануына жол ашатын ұтымды факторлары екенін байқатады.

Цифрлық өркениеттің технологиялық құрамды бөлігі ілгерілеген сайын, білім беру саласының да, соның ішінде – тіл мамандарын дайындаудың талаптары, кәсіби дағдылары мен үлгілері де арта түсетіні сөзсіз. Қазақстанның бүгінгі жоғары оқу орындары (ЖОО) бұрынғы классикалық филолог-мамандарды дайындап келеді. Олардың кәсіби дағдылары мен дипломында көрсетілген жоғары білім түрі мектептерде, колледждерде және магистратураны бітіргендер – ЖОО педагогикалық, ғылыми-педагогикалық қызметпен айналыса алады. Бұл педагогикалық бағыттағы филологтардың кәсіби карьералық үлгісі. Ал педагогикалық емес бағытта дайындалған «Филолог» мамандар өндірістік мекемелерде, басқару саласында, ғылыми ұйымдарда диплом бойынша жұмысқа орналаса алады.

Классикалық филология мен филолог-мамандардың трансформациялануына әсер етіп отырған негізгі факторлар – өзгермелі әлемнің қарқынды өзгерістері мен қоғамдық дамудың жаңа үлгідегі концепциясы. Неліктен бұрынғы мамандықтардың бір қатары өзектілігін жойып, еңбек нарығында өз сұранысын жоғалтып отыр? Соның ішінде классикалық үлгідегі филолог-мамандар да бар. Бұл маңызды сауалға жауап ретінде келесі дәйектерді келтіруге болады.

Кез-келген саланың заманауи маманы үшін алдымен «жұмсақ дағдылар» жүйесі, яғни кәсіби құзыреттіліктерден тыс қалыптастырылатын қосымша дағдылар жүйесі қажет. Сонда классикалық үлгіде дайындалатын филолог үшін заманауи еңбек нарығы ұсынып отырған жаңа мамандықтар мен жұмыс орындары үлкен мүмкіндіктер ашады. Осыған орай қазақстандық жұмыс берушілер ұсынып отырғанжұмыспен қамту сайттарын (www.Hh.kz, www.Nur.kz) талдап қарасақ, филологтар үшін жиырмадан астам жаңа қызмет түрлерібар екен, мысалы – копирайтер-аналитик, Smm-копирайтер, рерайтер, копирайтер – контент-менеджер, редактор-копирайтер т.б. және PR бөлімінің басқарушысы, жарияланымдарды талдау, БАҚ-пен байланыс, коммуникациялық менеджер, коммуникациялық маркетинг сияқтылауазымдық позициялар. Мұндай лауазымдардың еңбекақысы да ұтымды – жүз-жүз елу мың теңгеден жоғары. Копирайтерлерден талап етілетін негізгі кәсіби дағдылар – мәтін дайындау (жазу), әлеуметтік желілердегі жарияланымдарды тауарды өндіруші мен тұтынушы арасында байланыс құралына айналдыру, компания өнімдерін түсіндіру мен насихаттау, жарнамалау, қызықты әрі креатив мазмұндағы ақпаратты әлеуметтік желілер, кәсіби және ресми сайттар арқылы жария ету.

Сонымен, лингвистердің кәсіби дағдылары мен олардың кәсіби маман ретіндегі келбеті цифрлық қоғамда жаңа белеске көтерілетіні айқын. Тіл мамандары үшін цифрлық өркениеттің ашатын мүмкіндіктері мол. Өкінішке орай, еңбек нарығы ұсынып отырған лауазымдық позицияларға сай келетін мамандарды дайындауға колледж бен ЖОО-лар әлі де болса асықпайды (әзірше классикалық филологтар дайындалуда). Осы жағдаятты ресейлік ЖОО негізінде талдап көрсек, оларда «Компьютерлік лингвистика» деген оқу бағдарламасы (мамандығы) жүзеге асырылуда. Филология мамандықтарында кәсіптендіру бағытындағы заманауи курстар оқытылуда – цифрлық гуманитаристика (Digital humanities), филологиядағы математикалық модельдер, корпустық лингвистика, цифрлық дәуірдегі филология, «цифрлық мәтін» дайындау технологиясы, лингвистикалық есептерді алгоритмдеу т.б.

Цифрлық қоғам өз даму дәуіріне толық енді – бұл өзгермелі әлемнің 21-нші ғасырға беретін, келешегі бар сыбағасы. Цифрлық өмір сүру жағдаятында барлық мамандықтар дерлік өзгеріске ұшырайды. Осы күнгі кәсіби стратег-мамандар 21-нші ғасырдың болашақ мамандықтары атласын да құрастырып үлгерді, олардың қатарында классикалық филологияның трансформацияланған түрі де бар, бұл мамандық – цифрлық лингвистика (маман – цифрлық лингвист) деп аталады. Алдағы уақытта еліміздің білім беру саласының лингвистикалық кластері цифрлық қоғамның еңбек нарығының сұранысын қанағаттандыру үшін, цифрлық кәсіби біліктілікке қарай трансформацияланғаны өзекті.

Сондықтан, цифрлық Қазақстан стратегиясы аясында филолог мамандарды дайындау қағидаттары келесі кәсіби құзыреттерді негізге алу арқылы жүзеге асырылғаны маңызды:

  • лингвистикалық есептерді бағдарламау
  • лингвистикалық компьютерлік технологиялармен жұмыс
  • «цифрлық мәтін» дайындау техникалары
  • мәтіндерді автоматты тұрғыда түсіну
  • сөйлеу тілін компьютерлік өңдеу
  • мәтіндерді автоматты өңдеу әдістері
  • әлеуметтік желілерге мәтін дайындау әдістері
  • машиналық аударма технологиялары
  • мәтінтану алгоритмдерін жасау
  • жасанды интеллект пен адам тілі – модельдеу мен өңдеу
  • жасанды интеллект тілін қалыптастыру технологиялары.

ЖОО мен колледж студенттері үшін жаңа үлгідегі оқу бағдарламалары мен цифрлық лингвистиканың кәсіби құзыреттіліктерін қалыптастыратын оқу траекториялары ашылса, онда цифрлық трансформациялану процестері де сапалы деңгейде өтеді. Себебі лингвистикалық кластердің цифровизациямен байланысы да, өзара ықпалдасу бағыттары да өте кең және маңызды. Бұрынғы қоғамның тіл иесі мен бүгінгі цифрлық адамның өзара айырмашылықтары да – цифрлық қоғам тілі мен мәдениетінде болатыны айқын.


Әдебиеттер:

  • «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы. – Астана, 2017.
  • «Рухани жаңғыру» мемлекеттік бағдарламасы. – Астана, 2017.

Түменбаев Шыңғысхан Берікұлы,

Ақтөбе облысы Тілдерді оқыту орталығының мемлекеттік тіл оқытушысы

Tumenbay.kz@mail.ru


Бөлісу