– Жастайыңыздан кім болуды армандадыңыз?
– Әкем, сырт жаққа жұмыстарымен шықса, өзімен бірге бір қоржын сыйлық әкелетін. Оның ішінде кәмпит те, ойыншық та, киім-кешек те емес, кітап болатын. Ағайындарымызбен сол кітаптарды таласып оқитын едік. Білімге, ғылымға деген ынтаны бойымызға әке-шешеміз сіңірді.Ұстаз еді, әлбетте, әкеме қарап, мектепте сабақ беру балалық арманым болды.Әкем Амангелді Сыдықбайұлы, Павлодар облысы Ақжол ауылында тұрады, қазір зейнетте. Осы сұхбатты пайдаланып әкеме зор перзенттік алғысымды айтқым келеді. Қазіргі таңда жоғары оқу орнында білім беру, ғалыммен айналысу, қоғамға пайдаңды тигізу, шәкірт тәрбиелеу – Алланың маған берген теңдессіз бағы деп есептеймін.
– Ым-ишарат тілімен өзара сөйлесуге мүмкіндік беретін мобильді қосымшаны даярлап жатқаныңыз айтылды.Бұл жобаны қашан көреміз?
– Қаржыландырып отырған қор «алып сөздер» базасын толықтырғаннан кейін, жобаны қолжетімді етеміз. Бұған қоса шынайы уақытта ым-ишараны танып білетін жобаның да мобильді қосымшасы әзірленеді.
Бұл жерде айта кететіні, біз интеллектуалды сурдоресурстар кешенін ұсынып отырмыз. Кешеннің құрамында бірнеше өнім бар:
1. Дактильдік альфавитті қазақ, орыс және интернационалдық ым тілінде оқытатын зияткерлік тренажерлер (білім беру: балабақшалар, мектептер, колледждер, университеттер), жеке тұлғалар: есту және сөйлеу қабілеті бойынша ерекше талаптарды қажет ететін тұлғалардың ата-аналары мен туыстары).
2. Қазақ, орыс және интернационалдық ым тілін оқытатын зияткерлік тренажерлер, қолдану аясы: білім беру (білім беру: балабақшалар, мектептер, колледждер, университеттер), жеке тұлғалар: есту және сөйлеу қабілеті бойынша ерекше талаптарды қажет ететін адамдардың ата-аналары мен туыстары).
3.Қазақ ым тілінің сөздерінің мобильді қосымшасы (әлеуметтік маңызы бар мемлекеттік және жеке объектілерде (мемлекеттік мекемелер, ХҚКО, ауруханалар, емханалар, әкімдіктер, полиция учаскелері, соттар, гипермаркеттер, ШОБ қолданылады).
4.Интеллектуалды сурдоаударма жүйелері. Бұл жүйе пайдаланушыларға енгізілген мәтін негізінде тиісті қимылдарды жасайтын және қимылдарды мәтіндік хабарламаға аударатын 3D аватармен өзара байланысуға мүмкіндік береді. Бұл әртүрлі тілдерді қолданатын адамдар арасындағы байланысты едәуір жеңілдетеді және ым тілі мен мәтін формасы арқылы өз ойларын жеткізе алатын және айналасындағыларды түсіне алатын есту және сөйлеу қабілеті бойынша ерекше талаптарды қажет ететін адамдарға қолжетімділікті арттырады. Бұл функционалдылық жобаны бәсекелестерден ерекшелендіреді және оны оқыту, байланыс және инклюзия үшін құнды құрал етеді.
– Мәліметтерге сүйенсек, сіздің осы тақырыпты зерттеп-бағдарлап жүргеніңізге 5 жыл болған. Ғалым ретінде осы тақырыпты зерттеп бастауға қандай да бір оқиға түрткі болды ма? Айтқандай-ақ, елге, соның ішінде Орта Азия елдерінің деңгейіндегі жобаны қолға алу азаматтық борышым дедіңіз.
– Иә, бұл менің докторлық диссертациямның тақырыбы. Маған дейін бұл тақырыпты жетекшім Кұдыбаева Сәуле Әлжанқызы зерттеп, осы тақырыпты терең зерттеуімді ұсынған. Сәуле Әлжанқызының жетекшілігімен, күнделікті кеңесімен осындай нәтижелерге жетіп отырмыз. Әрине, біріншіден, мемлекет маған докторантураны оқуға грант бөліп, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті өз тарапынан осы жобаны дамытуға «Жаңа Асу – 2022» ішкі грантын бергендіктен, жан-жақты қолдау көрсетілгендіктен, ғалым ретінде, жауапкершілік алуға міндеттімін деп ойлаймын. Екіншіден, есту және сөйлеу қабілеті бойынша ерекше адамдар, әсіресе, мектеп жасындағы балалар, қарапайым оқушылар сияқты білім алуы керек. Соған өз үлесімді қосу, қолдау көрсету, ғалым ретінде, Қазақстан азаматы ретінде қасиетті борышым деп есептеймін.
– Мобильді қосымшаның жұмыс істеу жүйесін тарқатып айтып бере аласыз ба?
– Мобильді қосымша прототипі сөзді екі режимде табудың ыңғайлы және икемді әдісін ұсынады. Бірінші режим дактиль алфавитін қолдануға негізделген, мұнда пайдаланушы қимыл арқылы жеке әріптерді таңдау арқылы сөзді тере алады. Енгізілген сөз экранда сөз тізбегін құрайтын әріптер тізбегі ретінде көрсетіледі.Екінші режим белгілі бір қимылды пайдаланып, сөзді іздеуге мүмкіндік береді. Пайдаланушы сөзді арнайы жолға енгізеді, содан кейін жол мен іздеу түймесінің ортасында орналасқан түймені басқа пішінге ауыстырады. Бұл режимде қолданба тиісті қимылды gif ретінде көрсетеді, оны түсіндірумен немесе сипаттамамен сүйемелдейді. Осылайша, пайдаланушылар сөзді іздеудің ең ыңғайлы режимін таңдай алады: дактиль алфавиті арқылы немесе белгілі бір қимылмен. Қолданба GIF суреттері түрінде ымды көрнекі және түсінікті визуализациясын, сондай-ақ ілеспе түсіндірмелерді ұсынады, бұл пайдаланушыларға ым қимылдарын жақсы түсінуге және есте сақтауға көмектеседі. Әрине, ары қарай мобильді қосымша дамиды, шынайы уақытта қолдау жасай алатын болады.
– Жоба қандай бағдарлама бойынша (оқулықтар, шет елдердің тәжірибесі тағы басқа) жасалынатын болады?
– Жоба жасанды интеллектіге негізделген. Әрине, зерттеу барысында дамыған мемлекеттер тәжірибесі ескерілді, кез келген зерттеу жұмысын жасау барысында әлемдегі бар шешімге сүйенеміз. Бұл өте ауқымды тақырып, мақалалармен танысып сол жерден қай елдердің, қандай зерттеушілердің, қандай компанияның тәжірибесі ескерілгенін оқуға болады.
– Сөйлеу қабілеті бұзылған, есту жүйесі нашар жандармен тығыз қарым-қатынас жасайсыз ба?
– Иә, осы зерттеу жұмысын жасау барысында «Қазақстанның саңыраулар қоғамы» қоғамдық бірлестігінің вице-президенті Жангелді Рахманұлымен тығыз жұмыс істедік, қоғамдастықтың қажеттіліктеріне орай бейімдеп жүргіздік.
– Бүгінде біздің еліміздегі ерекше қажеттілігі бар адамдардың, оқушылардың жағдайы жақсы деп ойлайсыз ба?
– Қазақстанда құлағының мүкісі бар балаларға, жастарға білім алу жүйесін дамыту қажет. Олар мектепті тәмамдағанда толық орта білім ала алмайды. Оқу бағдарламасына сай 9 - сынып деңгейінде болады. Әрі қарай толық орта білім алу үшін орта кәсіптік оқу орындарына түсуге мәжбүрлі. Яғни мектеп бітіре салып ЖОО –на түсе алмайды, арнайы білім алуы керек. Сөйтіп, колледж бітіргенде жастары келіп, уақыты да өтіп кетеді.Расында да, Қазақстанда дәстүр бойынша саңыраулар арасында етікші, тігінші, сыпырушы, техник сияқты мамандықтар жиі кездеседі.Дегенмен заманауи технология мен білімнің дамуымен жастар, оның ішінде саңыраулар да кәсіптің жаңа түріне қызығушылық танытуда. Сол себепті ЖОО оқу орындарында арнайы топтар ашылып, сурдоаудармашы мамандар болуы керек деп пайымдаймын.
АҚШ пен Қазақстанның ғалымдар тобы, «Aqyl Foundation» қоғамдық қоры, (құрамында мен де бармын), біздің елдегі есту және сөйлеу қабілеті бұзылған адамдар үшін білім беру және оған қолжетімділік саласында бірқатар зерттеулерді бастады. Біздің бірлескен жұмысымыз Қазақстанда ғана емес, бүкіл Орталық Азияда осы «ерекше адамдарға» пайдалы болатын үлкен ғылыми жобаға әкеледі деп сенеміз.
– Еліміздің осы ерекше қажеттіліктері бар жандардың, замандастарымыздың жағдайын жақсарту, өмір сүруін жеңілдету мақсатында қай дамыған мемлекеттердің бағдарламасына жүгінгені дұрыс?
– Бұл сұраққа нақты жауап жоқ, кез келген елде әрдайым күтпеген сәтті тәжірибелер жүргізіледі. Алайда кейбір статистиканы келтіруге болады. Мүмкіндігі шектеулі жандардың өмірі үшін әлемдегі ең жақсы елдер-Скандинавия елдері деп атай аламын. Содан кейін бұл тізімді Нидерландия, Испания, Британия, Германия және тағы басқа Еуропа елдері жалғастырады. Бұл, ең алдымен, осы елдердегі қоғам мүгедектерге қатысты ерекше ұстанымға ие болғандықтан орын алады. Мектеп табалдырығынан шыққан балаларды мүмкіндігі шектеулі адамдарға жоғары эмоционалды интеллект пен эмпатияға үйретеді, физикалық тұрғыдан ғана емес, психикалық және психологиялық деңгейде де жағдай жасайды.Бізде мұндай әлеуметтік ұстаным әлі дамымаған. Мысалы, дені сау балалармен бірге денсаулығында кемістігі бар балалардың бір сыныпта, ортада оқуға әрқашан оң көзқараспен қарамайтын адамдар әлі де бар. Сондықтан олардың көзқарасының өзгергені абзал.
– Сұхбатыңызға рақмет!
Әңгімелескен
Бағдат СҰЛТАНҚЫЗЫ