Мысыр елінің белді оқу орыны саналатын Каир университетінде таңдау пәні ретінде ұйымдастырылған үйірмеде бұған дейін түрік тілін үйренген студенттер, енді түрік тілі арқылы қазақ тілін үйренуге көшкен.
Бастама авторы және қазақ тілі мұғалімі Айгерім Кенжеболатқызының айтуынша: студенттерімнің қазақ тіліне деген қызығушылығы мол, қазақша сөйлей бастағандарына өздері қуанып жатыр. Әр сабақ сайын алғашқы жарты сағат ауызша әңгімелесеміз. Студенттердің бір ай ішіндегі нәтижелері көңіл көншітерлік.
Аудиториядан түсіріліп бізге жіберген бейнетаспаларға қарағанда үйрене бастағанына бір ай ғана болған мысырлық студенттердің қазақ тілінде жаттық сөйлей бастағаны байқалады.
Соңғы жылдары шетелдерде қазақ тіліне деген сұраныс барған сайын артуда. Олардың ішінде шетелдерде тұратын этникалық қазақтардан бөлек, қазақ мәдениеті мен ұлттық болмысына қызығушылық танытқан шетелдіктер көп. Ежелгі түркі мәдениетін зерттеуші ғалымдар мен әлемдік әнші Димаш Құдайбергеннің жанкүйерлері қазақ тілін үйренуге жиі ынта білдіріп жатады. Осыған байланысты Абай институтының жыл сайынғы оффлайн курстарынан тыс, шетелдерде жеке ұйымдар тарапынан да қазақ тілін үйрететін үйірмелер көптеп ашылуда.
- Бұл бастамаға студенттердің қызығушылығы себеп болды. Курс бір семестр. Қазақ тілін үйренгісі келетін студенттер қатары көбеюіне байланысты, бұл жоба келесі жылы да жалғасын табады деген ойдамын,-дейді Айгерім Кенжеболатқызы.