МЕМЛЕКЕТТІК ЖӘНЕ МЕМЛЕКЕТТІК ЕМЕС ҰЙЫМДАРДЫҢ РЕСМИ ИНТЕРНЕТ-РЕСУРСТАРЫНА МОНИТОРИНГ ЖҮРГІЗУ

МЕМЛЕКЕТТІК ЖӘНЕ МЕМЛЕКЕТТІК ЕМЕС ҰЙЫМДАРДЫҢ  РЕСМИ ИНТЕРНЕТ-РЕСУРСТАРЫНА МОНИТОРИНГ ЖҮРГІЗУ

Жекелеген жағдайларда ресми сайттардың, не портативті құралдардың, қызмет көрсетуге арналған қосымшалардың қазақ тіліндегі нұсқасы болмай жатады немесе қазақ тіліндегі ақпарат жеткіліксіз болып шығады.

Мемлекеттік тілдің мәртебесін асқақтатып, қолданыс аясын кеңейтеміз десек, ресми, бейресми сайттардың, тұтыну, қызмет көрсету қосымшаларының мемлекеттік тілде ақпараттың берілуі мен қызметтердің толық жұмыс істеуі қажет. Сондай-ақ қазақ тілінде өтінімтолтырудың және т.б. қажетті қызметтердің қолжетімді болуы керек.

Осы бағытта Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитетінің тапсырысы бойынша жыл сайын
«Ресми интернет-ресурстарға мониторинг жүргізу» жобасы іске асырылып келеді.

Жобаның мақсаты – мемлекеттік және мемлекеттік емес мекемелердің ресми сайттарындағы мемлекеттік тілдің қолданысын зерделеу, қазақ тілінде нұсқасы жоқ ресми сайттарды анықтап, қазақ тіліндегі нұсқасын іске қосуға ықпал ету.

2022 жылы 105 мекеменің ресми сайты, 2023 жылы 113мекеменің ресми сайты зерделеніп, ұсыныс жолданды.

Былтырғы жылы 113 мекеменің ресми интернет-ресурсына мониторинг жүргізілді. Бір айта кетерлігі, интернет-ресурстардың көбіне ортақ олқылық: орыс тіліндегі ақпараттың көлемдірек келіп, ал қазақ тіліндегі ақпараттыңаударма мәтінмен қысқаша ғана ұсынылуы, қазақша нұсқасының болмауы жиі кездеседі.

Мониторинг жүргізу барысында зерделенген 99 мекемеге ескерту хат жолданды. Оның ішінде: әуежайларға, жергілікті атқарушы органдардың жекелеген басқармаларына, мемлекеттік тілде парақшасы жоқ жекеменшік мектептерге, мемлекеттік тілде парақшасы жоқ қоғамдық қорларға, мемлекеттік тілде парақшасы жоқ туристік агенттіктерге, қоғамдық тұтыну сервистеріне, құрылыс компанияларына, полиция департаменттеріне, екінші деңгейлік банктерге, ұлттық компаниялары мен әуе компанияларына ескертілді.

«Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» ҚР заңының
4-бабы «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі – қазақ тілі»
және «Ақпаратқа қол жеткізу туралы» ҚР заңының 16-бабы – «Интернет-
ресурстарда ақпарат орналастыру» бойынша Қазақстан Республикасы
Заңдарының нормаларына негізделген мониторинг жүргізудің арнайы бағалау критерийлері әзірленді.

Ұсынылған критерийлер бойынша 0-5 балл аралығында нәтиже
көрсеткен ұйымдар (мекемелер) төмен тәуекелдік деңгейіне жатқызылып
келесі жылғы мониторинг кезінде қайта тексеріледі. 6-7 балл аралығында нәтиже көрсеткен ұйымдар (мекемелер) орта тәуекелдік деңгейіне жатқызылып мониторинг барысында қайта тексеріліп, ұсынымдар беріледі. 8-10 балға дейін жоғары балл жинаған ұйымдар (мекемелер) келесі жылы тексерілмейді.

Балдық көрсеткіш бойынша жоғары балл жинаған ұйымдардың (мекемелер) саны – 22, орта тәуекелдік деңгей – 53, төмен тәуекелдік деңгей – 38. Ресми сайттардың 81%-ы контенттерін толтыру барысында материалдардың орыс тілінде енгізілуіне басымдық берген.

Zero.kz сайтында енгізілген бағыттардың статистикасы бойынша қамтылған көрсеткіш төменде берілді:

2022 жылы қоғамдық бағыт – 64 %,қызмет көрсету – 6,4 %;

2023 жылы қоғамдық бағыт – 34,97%, білім және ғылым бағыты 11,22%,қызмет көрсету – 10,93%-ды қамтыды.

2023 жылғы жүргізілген мониторинг қорытындысы бойынша келесі ұсынымдар берілді:

1. Ресми интернет-ресурстың жұмысын қамтамасыз ету барысында «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы», «Ақпаратқа қол жеткізу туралы» Қазақстан Республикасы заңдарының талаптары мен нормаларын басшылыққа алу;

2. Мониторингтің нәтижесі бойыншаресми интернет-ресурстардың сауатты жүргізілуіне әрбір мекемеден (ұйымнан) жауапты мамандар тағайындау;.

3. Ресми интернет-ресурстарға қазақтілді контентті уақытында орналастыруды қамтамасыз ету;

4. Ресми интернет-ресурстарға қазақ және орыс тілдеріндегі ақпараттың бірдей көлемде жариялануына назар аудару;

5. Қазақ тіліндегі ақпараттардың тексерусіз, корректорлық түзетулер жасалмастан орналастырылуына жол бермеу (орфографиялық, пунктуациялық және стилистикалық қателер);

6. Тек орыс тілінде ғана орналастырылған ақпараттарды (мәліметтерді), мемлекеттік сатып алу туралы құжаттарды, нормативтік құжаттарды, қаржылық есептер, сұрақ-жауап, негізгі жаңалықтарды және т.б. құжаттарды қысқа мерзім ішінде қазақ тілінде орналастыруды қамтамасыз ету.

Жоғарыда айтқанымыздай, тілдік қарым-қатынас бойынша да жаңа технологиялар өмірімізге әбден дендеп енді. Қызмет бабында, күнделікті тұрмыста түрлі қажеттіліктерімізге орай оларды айналып өте алмаймыз. Осы үрдіске араласу барысында тілге жанашырлық таныту сол сайттарды жасап отырғандардың да, оны жаппай қолданушылардың да парызы деп санаймыз.


Ж.Байділдина,

Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ҰҒПО

Тіл-HUB бөлімінің менеджері



Бөлісу