Ұлт ұстазы, қазақ лингвистикасының ұлы реформаторы Ахмет Байтұрсынұлы XX ғасырдың басындағы қазақ ғылымы мен ұлттық ой-пікірінің алдыңғы қатарында тұрған тұлға. Ұлтты дамытудың алғашқы шарты білім екенін ұғып, саналы ғұмырын осы жолға арнады. Ұстаздық ете жүріп, қажетті оқулықтарды өзі жазды. Қазақ тілі мен әдебиет ғылымының көшбасшысы болды, араб графикасы негізінде қазақтың тұңғыш төл әліпбиін жасап шықты.
Оның қаламынан қазақтың қоғамдық өмірін дамытуға бағытталған зерттеулер, әліпби терминдері, тіл үйрету әдістемесі туралы еңбектер жарық көрді.
Ахмет Байтұрсынұлының «Тіл Құрал», «Тіл танытқыш», «Оқу құралы», «Әліп би», «Әдебиет танытқыш» және қазақ дауысты дыбыстары, оқу жүйесі, оқу түрлері туралы көптеген ғылыми-әдістемелік мақалалары, жалпы түркологияға қатысты зерттеулері көзінің тірісінде бірнеше мәрте жарық көрді.
Талдықорған қалалық «Тіл сарайында» өткен республикалық келелі басқосу барысында бүгіні мен ертеңін сабақтастырған ұлы ғалымның тілді оқытудағы ұстанымдары және қазіргі филологиялық білім беру мәселелері, сондай-ақ инфондарға қазақ тілін оқыту лингводидактикасы бойынша тілтанушының жеке тәжірибесі төңірегінде жан-жақты сөз қозғалды.