Абай институты қазақ тілін үйренуге арналған B1 орта деңгейі бойынша бейнесабақтарды ұсынды

Абай институты қазақ тілін үйренуге арналған B1 орта деңгейі бойынша бейнесабақтарды ұсынды

Абай институты қазақ тілін оқытуға бағытталған, оның ішінде шетелде тұратын қазақтар үшін бейнесабақтарды ұсынды. Бұл бейнесабақтар «Шетелдегі қазақ диаспораларына арналған қазақ тілі әмбебап оқулық» В1 деңгейі бойынша әзірленді.

Жобаның мақсаты – тіл үйренушінің қатысымдық құзіреттілігін арттыру, тыңдалым, айтылым, оқылым және жазылым дағдыларын дамыту.

Бейнесабақтардың басты ерекшелігі – кез келген уақытта оқуға болады. Тіл үйренуші дәрістерді онлайн форматта, ыңғайлы уақытта оқи алады. Әр тақырып 8-10 минутта қысқа әрі нақты түсіндіріледі. Қазіргі кезде B1 (орта деңгей) бойынша 36 сабақ қолжетімді. Әзірленген бейнедәрістер әмбебап әдістеме негізінде жасалған. Яғни, қазақ тілін өзге тілдің көмегінсіз үйретуге арналған бұл тәсіл әлемнің түкпір-түкпіріндегі тіл үйренушілерге тиімді. Тілдік ортаға бойлау әдісі әлемде мойындалған ең тиімді тіл үйрету тәсілі болып табылады.

Әр бейнесабақ телевизиялық студияда түсіріліп, үш бөлімнен тұрады. Бірінші бөлімде жүргізуші жаңа тақырыпты түсіндіреді және практикалық тапсырмалар көрсетеді. Екінші бөлімде жаңа тақырыпқа сай сахналық қойылым беріледі. Ал соңғы бөлім – жаңа тақырыпты бекіту үшін қайталау бөлігі.

Қазіргі таңда қазақ тілін меңгеруге сұраныс артуда. Шетелдегі қандастар үшін ана тілін меңгеру ұлттық бірегейлікті сақтаудың жолы болса, шетел азаматтары үшін қазақ тілі мәдениетаралық байланыс орнатуға мүмкіндік береді. Abai.institute платформасы арқылы ұсынылған бейнесабақтар бұл сұранысқа жауап береді және тіл үйрену үдерісін жеңілдетеді.

Бейнесабақтар Абай институтының ➡️ https://abai.institute/ порталына және Til Qazyna ҰҒПО-ның YouTube ➡️ https://www.youtube.com/@TilQazyna арнасына жүктелді. 

Бөлісу