ҒЫЛЫМИ ОРТАЛЫҚ МАМАНДАРЫ ТӘЖІРИБЕ АЛМАСТЫ

ҒЫЛЫМИ ОРТАЛЫҚ МАМАНДАРЫ ТӘЖІРИБЕ АЛМАСТЫ

А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының ғалымдары Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы мамандарына дәріс өткізді. Тіл мамандарының тәжірибе алмасып, біліктілік арттыру шарасы Қазақстан халқы тілдер мерекесі аясында академик Рәбиға Сыздықтың 100 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылды.

Қазақ тілін ғылым тіліне айналдыру – қазіргі таңда ғылымдағы ең өзекті мәселелердің бірі. Ана тілімізді ІТ платформалар мен техника тіліне айналдырудың алғашқы қадамдары ұлттық тіл моделін құру, ұлттық тіл корпусын әзірлеуден басталады. Ал мемлекеттік тілдің дамуына атсалысып, қазақ тілінің заман талабына сай қоғам сұранысын қанағаттандаруына жағдай жасайтын әлеуетті ғылыми мекемелердің бірлесіп іс жүргізуі нәтижелі істің басы.

Дәрісті «Тіл-Қазына» ҰҒПО-ның бас директоры Мақпал Жұмабай ашты. Орталық басшысы Ұлттық корпус қазақ тілінің бір жүйеге жинақталған тілдік материалдарының базасы ғана емес, сандық кеңістікте мемлекеттік тілдің таралу, қолданылу ауқымын кеңейту екендігін айтып, маңызды жобаны жүзеге асырып отырған қос мекеменің қызметкерлеріне алғысын жеткізді. Сондай-ақ дәріс жұмысына сәттілік тіледі.

Астана қаласында өткен көшпелі дәрісте Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының Тіл тарихы және түркология бөлімінің меңгерушісі Айнұр Сейітбекова қазақ тілінің ұлттық корпусын ғылыми-теориялық зерттеулерде және практикалық мақсатта пайдаланудың тиімділігіне тоқталды.

– Бүгінде Ұлттық корпуста 40 миллион қазақ тілінің электронды мәтіндік қоры жинақталған. Мәтіндер көркем, ғылыми, публицистикалық, ісқағаздар және сөйлеу стилінде. Корпуста сөз, сөз түрленімі бойынша іздеу жүргізіп, қолданылған сөйлемдердің тізімін және олардың дереккөзін көре аласыз. Табылған сөз, сөзформа туралы тілдің барлық деңгейіне қатысты ақпарат беріледі. Ұлттық корпус қолданушылары негізінен студенттер, ұстаздар, оқушылар және жалпы ізденушілер. Сонымен қатар біз көне дәуір әдебиеттеріндегі сөз қолданыстарының, нумизматика (көне валюталардағы таңбаны тану) мағынасын, мәнін ашып беруді қолға алдық. Сонымен бірге түрлі нұсқадағы көне әдебиеттерді де корпуста топтастыру жоспарлануда, – деді ол.

Дәрістің екінші бөлігі терминжасам үдерістерін реттеу тақырыбына арналды. Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты Терминология орталығының аға ғылыми қызметкері, PhD ғалым Ақмарал Бисенғали терминжасам мәселелерін және оны шешу жолдарына тоқталды. Тіл білімі институтының бұл бағытта қолға алған жобаларымен де таныстырды.

– Ұлттық корпустың ішкі корпустарының үлкен бір тармағы – терминология. Себебі терминжасам уақытпен бірге дамып, толығысып, жаңарып отыратын және тілдің табиғатын, тазалығын сақтауға тікелей септігін тигізетін сала. Қазір салалық 8000 сөздің метабелгіленімі жасалды. Осы ұста termincom.kz сайтына жиі жүгінгендігімізді айтып өтуім керек. Өте сапалы, жүйелі сайт жасалған. Біз қазір қазақ және түрік тілдеріндегі лингвокогнитивтік негіздері мен терминдену үдерістерін салыстырмалы зерттеуді қолға алдық және терминқорды жүйелеуде оң тәжірибелер аламыз, – деді ол.

Тіл мамандары бас қосқан тәжірибелік алаңда ғалымдар өзара ой бөлісіп, ұсыныстарын жеткізді. Шара соңында «Тіл-Қазына» ҰҒПО-ның ғалым хатшысы Гүлшат Түсіпова әріптестерге алғысын білдіріп, алдағы уақытта бірлесе жұмыс істеуге шақырды.


Бөлісу