Астана әуежайы ұжымы «Тіл-Қазына» орталығының ІТ өнімдеріне қызығушылық танытты

Астана әуежайы ұжымы «Тіл-Қазына» орталығының ІТ өнімдеріне қызығушылық танытты

Қоғамның мемлекеттік тілге деген сұранысы артқан сайын еліміздегі ірі компаниялардан бастап шағын кәсіпкерлікке дейін, халықпен тығыз байланыстағы сала қызметкерлерінің қазақ тілін білуі ерекше маңызға айналды.

Елордадағы Халықаралық әуежай ұжымы «Қазақ тілін заманауи технология көмегімен меңгеру» тақырыбындағы семинар аясында бас қосып, «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының мамандарын шақырып, қазақ тілін іс жүзінде пайдалану кезінде көмекші болатын ІТ қосымшалар және оқу құралдарымен танысты.

Кездесуде ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитеттің бас сарапшысы Гүлсара Зейноллақызы мемлекеттік тілді дамыту бағытындағы атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.

«Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының бас директоры Мақпал Жұмабай: «Қазақ тілін цифрлық ортада дамыту – заман талабы. Бүгінде кез келген тілдің өміршеңдігі мен бәсекеге қабілеттілігі оның технологиялық қолжетімділігімен өлшенеді. Осы орайда орталығымыз қазақ тілін оқытуға арналған  оқу-әдістемелік құралдарды әзірлеуден бастап, жасанды интеллект технологияларын қазақ тіліне бейімдеу, үлкен көлемдегі тілдік деректерді жинақтау және өңдеу сынды ауқымды жобаларды жүзеге асырып келеді», - деді.

Ол қазақша мәтінді редакциялап, қазақ тілінде сауатты жазуға үйрететін, сөйлеуді мəтінге айналдыру немесе басқа тілдерге аударуға мүмкіндік беретін Qazgramma жобасымен де таныстырды. Жаңа платформа алдағы уақытта толық аяқталып, көпшіліктің қолданысына беріледі.

Іс-шара барысында Жобаларды басқару орталығының басшысы Сандуғаш Баймаханқызы, Абай институтының жетекшісі Ләйлә Демесінова, Терминология бөлімінің басшысы Дана Оспанова баяндама жасады.

Спикерлер әуежай қызметкерлеріне қазақ тілін өз бетінше үйренушілерге арналған IT өнімдер мен қазақ тіліндегі тұңғыш мобильді ойын және тіл үйренуге арналған әдістемелік оқу құралдары туралы толық мағлұмат берді.

Бөлісу