Аз-кем тірі қалғандардың естіп-көргендері іштерінде тұншықты... Десек те, аудармашы, журналист Хасен Уахитұлы Өзденбаевтың (29.09.1904 – 02.07.1992) «Өткен өмір белестері» дейтін мемуарлық шығармасы Президент архивінде (Ф.223 – ИЛ. Опись 1. За 1920-2006 гг., 57 д.) сақталған. Аталмыш қолжазбада Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Смағұл Садуақасұлы, өзге де Алаш арыстары жайында мол дерек бар. Сонымен қатар Хасен Өзденбаевтың 1924 жылы Орынборда ұлт көсемі Ахаңмен бірге түскен фотосы бар.
Хасен Өзденбаев 1911-1920 жылдарда Троицк татар медресесінде, орысша, татарша гимназияда, Орынбор мұғалімдер курсында, Мәскеудегі облыстық газет редакторларын даярлайтын курста (1934), Қостанай педагогтік институтында оқыған. 1920-1928 жылдары заң орындарында, 1929-1931 жылдары Қостанай округтік «Ауыл» газетінде фельетон, очерктері жарияланған. 1931 жылдың тамыз айынан бастап «Еңбекші қазақ» газетінің редакциясына ауысып, 1929-1973 жылдары газет қызметінде болған. М.Шолоховтың «Тынық Дон» эпопеясы мен «Көтерілген тың» романын, О.Бальзактың «Шегірен былғары», И.Гончаровтың «Обломов» романдарын тәржімелеген.
Қазақстанның астанасы Орынборда Қазақтың үлгі-тәжірибе мектебінде (Неплюевская көшесі 34, бұрынғы Неплюев кадет корпусы) мұғалімдер курсы ұйымдастырылған-ды. Мұнда курс тыңдаушыларына Қазақстан Орталық атқару комитетінің төрағасы Сейітқали Меңдешев, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы, Халық ағарту комиссары Нұғман Залиев, жан-жануарлардың білгірі, профессор Саковский, Аспандияр Кенжин, Есенғали Қасаболатов, Лошкарев, Лозовой секілді майталмандар лекция оқыған. Олар жасөспірімдерге барынша дүние құбылыстарын ұқтыруға, орнықтыруға, түсіндіруге ұмтылады. Тұжырымдары келісті, ойлары өрісті, «сөйлеп тұрып, көздерін айнала жүгіртіп, аудиторияны уысында ұстайды».
Хасен Өзденбаев Құдай жарылқап, күндей жарқырап ұлт мақтанышы, ілім-білімнің қазынасы Ахмет Байтұрсынұлы ортамызда деп былайша жазады:
«Аққұбаның зоры, дәу денелі, жалпақ жауырынды, шашы қара, бір қырын бөлініп, екіге жара, маңдай тұсындағысы тік қайырылған, бірақ ақ қылау араласқан әсем, қою мұрты мен шоқша сақалы сарғыш екеніне таңырқадым. «Ер мұрынды келер, ат ерінді келер» дегендей, етжеңді, қыр мұрнының кеңсірігіне доғашалы көз әйнек қыстырылған, оң жағындағысының шеткі бір мүйісінен әдемілеп өрілген жіңішке қара бауы салбырап, бір ұшы сағат қалтасына бекітілген. Қос қара көзі жалтылдап та, жарқылдап та тұрған жоқ, байсалды, тіпті мұңды дерлік, тұңғиық, терең. Әйтеуір, әйнек астынан маған осындай сияқты түйсінілді. Сөзі де баяу, байсалды. Шаңқылдақ та, шіңкілдек те емес, барқылдақ та, гүрілдек те емес, майда қоңыр дауысы жұп-жұмсақ естіледі. Сөзді «Ий-я!», деп бастайды екен де, сөз арасында шегініс ретінде сөйлемді үзіп, қайтадан: «ий-я!», деп жалғайды екен.
– Ий-я, жолдастар! – деп сөз бастады Ақаң. – Мұғалім атаулының дағдысы бойынша, балалар, – деп үн қатуға араларыңда өзім қатарлылар да, сақа жігіттер де, тіпті тым жап-жастарың да бар көрінеді. Алдымен білісіп алайық. Мен қатарлыларың ертеден келе жатқан, орыс тіліндегі мектептерде сабақ беретін мұғалімдер болсаңдар керек. Орта жастағыларың медресе бітіріп, елде мұғалім болған шығарсыңдар. Жастар жағың кейінгі кезде ашылған мектептерде оқытып жүрген шығарсыңдар. Бұл жағы түсінікті. Ал оқу-құралдарыңның жайы қандай? Орысша кітаптар жеткілікті ғой. Қазақ мектептеріне арнап шығарылған оқулықтар ауыл мектептеріне барып жете алды ма екен? Мектеп үйлерінің жайы қандай? Ел халқының оқу-ағарту істеріне ынтасы, жергілікті өкімет орындарының көмегі, қолғабысы қандай деген сияқты сұрақтар қойып, әбден танысып алды. Біздер қалай оқытып жүргенімізді, кітаптардан оқу құралы мен тіл құралы ғана, есеп кітабы, орысша «Букварь» ғана бар екенін айттық. «Тіл құралынан» оқытқандарың естеріңде ме? – деп біразымызды ептеп тексеріп те қалды.
– Ән сабағы өте ме сендерде, ән айта білесіңдер ме? Домбыра шерте, күй тарта білесіңдер ме? – деп сұрағанында сәл жымиып та қойды.
– Араларыңда сүгірет салуды үйрететін мұғалімдер бар ма? Ий-я, бізде бұл өнерге әуес болған, жетілген шебер сүгіретші жоқтың қасы ғой. Әне, анау қабырғада ілулі сүгірет Алексей Васильевич Кольцовтың сүгіреті. Бұл – фото емес. Мұны қолмен салған сүгіретші Торғай елінің қазағы Омар Алмасов. Сүгіреттің аяқ жағында О.Алмасовтың қолтаңбасы да тұр. Осындай сүгіретші мұғалімдер де бізде көп болуға тиіс.
Мен қол көтердім.
– Троицкі гимназиясында оқып жүрген кезінде сүгірет салуға әуестеніп, жақсы сүгіретші болып шыққан Ахметқазы Чутаев Қостанай уезіндегі Меңдіқара болысындағы мектепте мұғалім. Шәкірттеріне ол сүгірет салуды да үйретіп жүрген көрінеді, – дедім тыныш отырмай.
Ақаң содан кейін дәріске кірісті. Әуелі қазақ тілі грамматикасына жақында ғана өзгерістер енгізгенін айта келіп, олар қандай өзгерістер екенін, Ақаңның өз сөзімен айтқанда, байна-байна түсіндіріп берді. Қара тақтаға жазып көрсетті. Дәптерлерге жазып алуымызды өтінді. «Тіл құралы» 1924 жылы дереу бастырылып, алдағы оқу жылына жеткізіп беріледі, – деді».
Теңдесі жоқ тұлғаның «ғажайып терең лекцияларының» мән-мағынасы өлшеусіз. Мәселенің төркінінен бастайды, тереңнен толғайды. «Жақсының сөзінен – тас балқиды» деген сөз ақиқат екен ғой...
Педагогикалық шеберлік пен шешендіктің қыр-сырын мінсіз меңгерген Ахмет Байтұрсынұлы өзінің 1924 жылдың шілдесінде толтырған жеке анкетасында «халық мұғалімімін», «ғылыми әдістемешімін» деп көрсетіпті.
Хасен Өзденбаев 1921 жылы жат қолында кеткен ата дәулетін даулап, Қазақстан Орталық Атқару комитеті мен Халық Комиссарлары кеңесінің Қостанай губерниясындағы төтенше өкілі Смағұл Садуақасұлының қабылдауында болыпты. Смағұлдың түр-тұлғасын ол былайша баяндайды: «Мен өзім кішкентай адам болғанға ма, Смағұлдың бойы столдан едәуір асып, маған өте ұзын адам сияқты көрінді. Басы дәу, қара шашы қалың, кейін қайырылған. Өңі қоңырқай, әлде қара сұр, қара қасы қою, қабағы томпақтау, екі көзі де үлкен (қысық көз маған солай көрінуі де мүмкін), мұрны қоңқақтау, танауы делдиіңкіреулі тәрізді. Жоғарғы ерні қалыңдау».
Қайраткер шаруамның мән-жайына қаныққан соң, арызымды алды да: «Начальнику Федоровской уездной милиции. Калым, уплоченный до издания КазЦИКа, возврату не подлежит. Вернуть немедленно и беспрекословно. Чрезвычайный уполномоченный ЦИК и Совнаркома Казахской АССР С.Садвакасов» деп, арызымның бір шекесіне қия жазды.
– Малыңды қайтып аласың, – дегеннен басқа ештеңе айтқан жоқ. Әдемі қоңыр дауысы жұп-жұмсақ естілді».
Хасен Өзденбаев Смағұл Садуақасұлының білгірлігіне (мемлекеттер тарихынан мол біліміне), шешендігіне мынадай сипаттама береді: «Смағұлдың ұзақ, аса шешен тілмен, халықты ұйыта, аузына қаратқан баяндамасынан осындай өзіме таныс жайларды ұғып қала алдым, басқа сөздері оң құлағымнан кіріп, сол құлағымнан шығып кетіп жатты. Әйтеуір, байқағаным: әуелі жайлап, қоңыр дауыспен бастап, қыза келе көмейі бүлкілдеп, дауысы саңқылдай шығып, желдей есіп кетсе, одан әрі алқымы ісініп, ағыны қатты судай арындап кетеді екен. Япыр-ай, орысша осынша шебер, әсем етіп, мүдірмей сөйлейтін қазақты өмірімде тұңғыш көріп отырғаным! Губерниялық атқару комитетінің төрағасы шешен де шақар неме екен. Қызарақтап, дызалақтап, дауысын көтеріңкірей, айтысқа басты. Дәлелдер келтіріп, губерниялық мекемедегілердің, өзінің істеген істерін ақтап, тойтарыс бергенсіп жатты ғой деймін. «Сіз жеке өз бетіңізбен билеп-төстеп, ешкімге ырық бермей қойдыңыз ғой» деп, Смағұлға тап бере, соқтыға сөйледі».
Ой-парасаты, ақыл қуаты артықша жаратылған тұйғындай түлеген Смағұл Садуақасов төтенше тапқырлық танытып, айбарланып:
– Тыңда, Ряхов! Мен талай бұқаның мүйізін сындырғанмын, ал сен олармен салыстырғанда бұзаудай ғанасың деді.
Мағжанша айтқанда, «Байтақ елдің асқар таудай панасы, ағасы» сайып қыран Смағұл Садуақасұлының түр-тұлғасы, өң-әлпеті, мағыналы ой-толғауы, ой мазмұнына сөз кестесінің орайлас туындауы, дауысы, тапқырлығы барынша кемел, толық айтылған деуге болады.
Хасен Өзденбаев Орынборда 1924 жылдың 12-17 маусымында ұйымдастырылған Білімпаздар съезіне қатысқан Әлихан Бөкейхан, Халел Досмұхамедұлы, Әбілқайыр Досов, Смағұл Садуақасұлы, Нәзір Төреқұлов, Молдағали Жолдыбаев, Сәкен Сейфуллин, Ерғали Алдоңғаров, Рахым Сүгіров сынды ұлт зиялыларын көргенін келтіріп, Міржақып Дулатұлына тоқталады: «1920 жылдың көктемінде Троицкі қаласындағы татар кітапханасынан Міржақып Дулатовтың «Оян, қазақ!» өлең кітабының ішкі мұқабасындағы сүгіретін көріп, басындағы татар тақиясын, қара шаш, ақ жаға, көбелек галстугін, қара костюмін сүйсіне, қызыға қараған болсам, енді тірі өзін, жанды адамды көріп сұқтандым. Орта бойлы, иықты, шымыр денелі, қоңырқай жүзді, жалаңбас, қара шашын шекесіне таман екі айырып, маңдай тұсындағысына қарсы қайырған. Тіп-тік мұрнының қос танауы сәл делеңдеу, қап-қара екі көзі өткір, жайнап тұр, мұрт жоқ. Үстінде қара костюм (тройка). Сөзі жұмсақ, қоңыр дауысы ақырын естіледі».
Пай-пай, сабаздар-ай! Артына Алатаудай ардақты көркем іс, алтын із, асыл сөз, даналық пен ғибрат қалдырған Ахмет Байтұрсынұлының, Міржақып Дулатұлының, Смағұл Садуақасұлының жарқын жайсаң тұлғасы, қайраткерлік, қаһармандық болмысы, қимыл-әрекеті, сөйлеу мәдениеті, күмбір қаққан дауысы, рухани болмысы тірілгендей әсерге бөленесіз.
Серік НЕГИМОВ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор