Мені өзгерткен Абай

Мені өзгерткен Абай

Абай институты «Мені өзгерткен Абай» деген тақырыпта эстафета өткізіп жатқанын бұған дейін хабарлаған едік. Әр қазақ Абаймен бала жасында танысады. Филология ғылымдарының докторы, Абай атындағы ҚазҰПУ профессоры, Педагогикалық Білім беру Халықаралық Ғылым Академиясының академигі, сонымен қатар Америка Құрама Штаттары, Аризона университетінің құрметті профессоры, Тусон қаласының құрметті азаматы Аяпова Таңат Тәңірбердіқызы өз өмірінде Абай сөзінің құдіреті адамды расымен өзгерте алатынына куә болған екен. АҚШ азаматының өмірі Абай сөзін оқығаннан кейін өзгеріпті. Төменде осы туралы ғалымның жазбасын жарияладық.

Абай сөзінің құдіреті

1991 жыл. Бұл оның Аризона университетіне алғаш барған кезі екен. Бірақ соған қарамастан оқу орны орналасқан Туссон қаласын біршама біледі. Сабақтан шыққаннан кейін сауда үйіне соғады.

– Ол кезде біздің елде ірі Сауда үйлері салына қоймаған, – дейді Таңат Тәңірбердіқызы.

– Мұндағы Сауда үйіне кірсеңіз, көшелерде келе жатқандай боласыз. Жан-жақта тал-терек. Күндізгідей жап-жарық. Маңайда манекендер. Олар жасанды емес, кәдімгі тірі адамдар. Бірақ жаны жоқ секілді қатып қалған. Бұл да ақша табудың бір жолы. Оларды жиырма-отыз минут сайын ауыстырып тұрады.

Кешкі тоғыз болып қалыпты. Сыртқа шықсам қап-қараңғы. Аялдамаға келдім. Ешкім жоқ. Такси тоқтамайды. Қайда тапсырыс берерін де білмеймін.

Бір кезде қасыма аласа бойлы американдық келді.

– Сіз шет елден келген адам секілдісіз. Енді автобус жүрмейді. Бұл жерге такси тоқтамайды. Мен сізді апарып тастайын, – деді.

Мен оған сенбедім. Шынын айтқанда, қорықтым.

– Жоқ, рақмет. Мен қашықта тұрмаймын. Тіпті болмаса жаяу барамын, – дедім.

Екеуміз ағылшынша сөйлесіп тұрмыз.

– Қайда тұрасыз? – деді. Тұратын жерімді айттым.

– О-о-о, оған таңертең жетесіз. Бұл арадан едәуір қашық.

Бәрібір де оның айтқанына көнбедім.

Ол сәл тұрды да кетіп қалды. Алайда он минуттан кейін қайта келді.

Маған іштегі сырын ақтарды. Профессордың баласы екен. «Нашақор болғанмын» деді. Мұны естіп одан сайын қорқайын. Әкесі орыс тілінен сабақ беріпті.

– Сіз қорықпаңыз. Мен қазір түзелгенмін. Бүгінде сауда үйінде жүкші болып істеймін, – деді.

Әлі тұрмын. Машина жоқ. Әлгі жігіт қасымда арлы-бері жүр.

– Мені тыңдаңызшы, – деді ол бір уақытта.

– Ал, тыңдайын. Сіз сенесіз бе, сенбейсіз бе? Бейтаныс жігіт қазақша сөйлеп тұр. Өз құлағыма өзім сенер емеспін.

– Әсемпаз болма әрнеге,                                                                                                                                                                                                                               

Өнерпаз болсаң арқалан.                                                                                                                                                                                                                           

Сен де бір кірпіш дүниеге,                                                                                                                                                                                                                             

Кетігін тап та, бар қалан, – деген кезде шалқамнан түсе жаздадым.

Өзіміз білетін Абайдың өлеңі…

Өлеңді үйреткен осыдан екі жыл бұрын осы қалада оқыған Қайрат есімді қазақ жігіті екен.

– Ол жігітке рақмет. Нашақорлыққа салынып кетіп едім. Абайдың сөзі мені тоқтатты. Қайрат: «Сен де бір кірпіш дүниеге, Кетігін тап та бар қалан» дегенді маған бүге-шүгесіне дейін түсіндірді. Оның сөзінен кейін «Неге мен басқалар секілді өмірден өз орнымды таппауым керек?» деп ойладым. Нашақорлықты қойып, жұмысқа орналастым. Бір жағынан университетте оқып жүрмін.

Ғажап! Абайдың төрт жол сөзі айдаладағы американдыққа әсер етіп, жамандықтан алыстап, жақсы жолға салып тұр. Бір жағынан таңырқадым, бір жағынан сүйсіндім. 

Ол мені баратын жеріме апарып тастады. Мекен-жайы, телефон нөмірі жазылған карточкасын берді.

Екеуміз жақсы араласып тұрдық. Мен елге кетерде көзіне жас алып, шығарып салды.

Біраз уақытқа дейін хат жазысып тұрдық. Кейін хабарласа алмадық.

 

Материалға сілтеме: Tilalem.kz

Суретке сілтеме: https://www.facebook.com/photo/?fbid=641896182164511&set=pcb.641896845497778

Сурет "Ғалым Әйелдер" Қазақстандық Ғалым Әйелдер Қоғамының фейсбук парақшасынан алынды

Бөлісу