Семинарды Комитет төрағасы Е.Тілешов ашып, заңнама тілінің қазақ тілін дамытудағы маңыздылығына, заң терминдерінің сапасын арттыруға, оларды біріздендіру бағытындағы жұмыстар жайына тоқтады.
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, заң ғылымдарының докторы Ү.Шапақ жоғары оқу орындары заң факультеттерінің оқу процесіне заң лингвистикасы курсын енгізу, бекітілген терминдерге ревизия жасау сияқты ұсыныстар жасаса, депутат А.Құспан іс жүзінде заң мәтіндерінде терминдер қолданысының бір ізге түспегенін сөз етіп, алдағы уақытта қабылданатын заң жобаларын алдын ала талқылау бойынша арнайы комиссия құруды ұсынды.
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі Ш.Құрманбайұлы қазақ тіліндегі заң мәтіндерінің сапасы, заңнамадағы термин қолданысы мәселесін қозғап, жүйелеу, дамыту жөнінде ғылыми дәйектелген ұсыныстарын білдірсе, осы университеттің ассистент-профессоры, заң ғылымдарының кандидаты Б.Мақұлбеков баяндамасында заң терминдерінің бірізді қолданылмауынан туындайтын салдарларларға тоқтап, терминдер сапасын арттыру мәселесі күттірмейтін мәселе екендігін атап өтті.
Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты Лингвистика орталығының басшысы, заң ғылымдарының кандидаты Н.Примашев заңнамадағы жекелеген терминдердің қолданысына тоқтап, заңнамада тіл нормалары мен заң техникасын қатаң сақтауды ұсынса, M.С. Нәрікбаев атындағы КазГЮУ-дің ассистент-профессоры, Республикалық терминология комиссиясының мүшесі С.Баймұрат заң мәтіндерінде кездесетін кейбір қателерді атап көрсетіп, заң саласы бойынша арнайы салалық терминология комиссия құру жөнінде ұсыныс жасады.
Іс-шараға сондай-ақ Қазақстан Республикасы Парламентінің Сенаты мен Мәжілісі аппараттарының, орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдарының заңгер мамандары мен тіл саласы қызметкерлері, жоғары оқу орындарының заңгер, лингвист ғалымдары қатысып, өз пікірлерін ортаға салды.