АСТАНАДА ЕМЛЕНІҢ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

АСТАНАДА ЕМЛЕНІҢ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Іс-шараға жоғары оқу орындарының лингвист-ғалымдары, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының, Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының, Адамның үйлесімді дамуы ұлттық институтының өкілдері қатысты.

Семинар-кеңесте Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Т.Аяпова жазудың психолингвистикалық аспектілері туралы баяндама жасады.

Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы А.Әділова баяндамасында кірме сөздердің емлесі мен оларды қабылдау мәселелеріне назар аударды.

С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы С.Иманбердиева шеттілдік топонимдер мен антропонимдердің емлесі туралы сөйледі.

А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының бас ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының кандидаты Н. Әміржанова көрнекі ақпаратта, интернет-ресурстарда, әлеуметтік желілерде лингвоэкологияны сақтау проблемаларын талдады. Осы институттың кіші ғылыми қызметкері М.Серікқызы коммуникативтік кеңістікте сөздерді дұрыс қолданбау себептері және аталған мәселені шешу әдістері туралы айтты.

Семинар-кеңестің қорытындысы бойынша республиканың ғылыми-зерттеу институттары мен жоғары оқу орындарының ғалымдары халықтың линвистикалық құзыреттілігін дамыту қажет деген тұжырымға келді.

 


Бөлісу