Көптеген зерттеушілер Ыбырайдан кейін Ахаң – Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы оқулық жазуды бастады деп қарайды. Алайда, Ахаңа дейін де көзі ашық, сол дәуірдің бірнеше тұлғасы «Әліппе» бастатқан оқулықтарды жазып, оқырман мен оқушыларға ұсынғанын біреу білсе, біреу білмейді. Біз әр жолғы жазбамызда өткен ғасыр басындағы (1900-1930 жылдар арасындағы) басылым көрген оқулықтардың біздің қолымызға жеткендерін бүгінгі оқырманға таныстырып отырмақпыз. Ендеше, осы реткі жазбамызда бүгінгі қазақ қауымына мәлім де беймәлім Дибердиев Мұхмаметкәрим атты кісінің «Қазақ балаларына ққирағат кітабы» атты оқулығын таныстырамыз [1].
Дегенмен, Дибердиевке дейін де «Әліппе» жазушылар болған. ХХ ғасыр басындағы қазақ көшбасшыларын зерттеп жүрген көптеген ғалымдар Ыбырай Алтынсариннен кейін Ахмет Байтұрсынұлына дейін нақты оқулық жазған авторларды анық атап бере алмай келеді. А.Байтұрсынұлы «Оқу құралы» (қазақша әліфба) атты бірегей оқулығын 1912 жылы жұртқа ұсынған жылы Қоңырқожа Қожықов, Мұстақым Малдыбаевтар да алғашқы қарлығаштарын қауым аспанына ұшырған болатын. Бүгінгі таңда, кейбір зерттеушілер бірде А.Байтұрсынұлын, бірде Қожықов Қоңырқожаны Ыбырайдан кейін оқулық жазған адам ретінде атап жүр. Алайда, аталған екі тұлғамен бірге Малдыбаев Мұстақымның сол жылы (1912) екі оқулық жазғанын, тіпті осы аталып отырған үш тұлғаға дейін де бірнеше зиялы адам «Әліппе» жазып үлгіргенін дөп басып айта алмай келеді.
Сөзімізге оралсақ, Ыбырай мен Ахаңа дейін де бірнеше оқулық жарыққа шыққан. Солардың бірі бүгінгі біз тілге тиек етіп отырған Дибердиев Мұхмаметкәримнің «Қирағаты». Алайда, тағы да оқырманды қызықтыра түсетін сөз айтудың сәті түсіп отыр. Бұл дегеніңіз – Дибердивке дейін де қазақта бір-екі әліппе болған. Белгілі ғалым, профессор Ғарифолла Әнес «Қазақтың алғашқы әліппе кітаптары» атты мақаласында тұңғыш оқулықтарды санамалай келе, былай деп тізбектейді:
– Жазуға үйрететін Кенеге. Қазан, 1894.
– Қазақ Әліппесі. Жазған Зәкария бин Ерғали әл-Ахмеди и-Бәкеуи. Қазан, 1910.
– Усул сотие тәртібінде қазақша Әліппе. Жазушы Мұхамед Ораз бин Нұрбай Қызылжари.Уфа, 1910.
– И.Арабаев И., Сәрсекеев Х. Әліфбе йәки төте оқу. Уфа, 1911.
– Аңдамасов Ж. Қазақша ең жаңа Әліппе. Уфа, 1912.
– Малдыбаев М.Қазақша ең жаңа Әліппе. Қазан, 1912 [2].
про фессор Ғ. Әнестің көрсетуі бойынша үңілсек, әсіресе, біз сөз еткелі отырған М.Дибердив оқулығына (1910) дейін де үш оқулықтың барлығына көз жеткіземіз. Бұл тізімде бүгін жұртқа біз сөз етіп отырған «Қирағат» кітабы жоқ. Демек, Мұхаметкәрім Дибердиевтің 1910 жылы қазақ балаларына арнап жазған оқулығын арада 113 жыл өткенде тұңғыш рет біздің осы шағын мақаламыз арқылы оқырман біліп отыр.
Мұнда аталған бірінші және екінші оқулықтың түпбасылымы біздің қолымызда жоқ. Ал, үшінші оқулық -Мұхамед Ораз бин Нұрбай Қызылжаридің «Әліппесі» туралы біз алғаш рет жас ғалым Өмірбек Қанайдың мәлімттерінен естіген болатынбыз. Осы жерде аталып өткен үш құнды мұраны зиялы қауымға алғаш сөз еткен зерттеушілерҒ. Әнес пенӨ. Қанай оқырманға кемелді ақпарат ұсынады деп сенеміз әрі асыға күтеміз. Ал, біз өзіміздің қолымызда бар оқулық, 1910 жылы қазақ балаларына арналып жазылған Мұхамметкарим Дибердиевтің «Қирағаты» туралы әңгімені өрбітеміз.
1906 жылы Ыбырай Балғожаұлыың оқулығы соңғы рет басылып шыққаннан кейінгі төрт жылда өзге қандай оқулықтар шыққаны жоғарыдағы мәліметтерде айтылды.Бұл жылдары өр Алтайдағы Ақыт қажы Үлімжіұлы 1890 жылдан 1909 жылға дейін «Хиямет ахуал», «Жиһанша» бастаған тоғыз кітабын, Жүсіпбекқожа Шайхсламұлы онға жуық кітабын баспадан шығарса, 1909 жылы хакім Абайдың өлеңдері және А.Байтұрсынұлының «Маса» атты тарихи кітаптары баспа көргенін білеміз. Әсіресе, бұл аталғандардан тыс, 1840 жылдан бастау алған қазақ кітаптары Қазаннан жиі жарық көріп тұрған болатын. Дегенмен, ол кітаптардың барлығы оқулық емес, діни, әдеби, тарихи қисса-дастандар мен өлең-жыр және шежірені қамтыды. Яғни, бұл кезеңде қолмен ұстатып көрсетердей тек ұрпақ тәрбиесіне арналған арнайы оқулықтарды Ы.Алтынсариннан басқа ешкім жұртқа ұсына қоймаған сыңайлы.
1910 жылы Мұхаметкәрім (Мухаммедкарим болып жазылған) Дибердиев атты алаш баласы «Қазақ балаларына қирағат кітабы» атты көлемі шағын оқулық жазып, баспадан шығарған. Кітап 26 беттен тұрады. Көлемі кішкентай бұл кітапты алғаш қолға алушылар дін қағидаттарын үйрететін ескіше оқулық деп қалуы да мүмкін. Бірақ, мүлде олай емес. Оқулықта діни білімдер мен қоса қазақ және өзге де алаш жұртына ортақ шағын хикаяттар, тәлім-тәрбие жөнінен құнды қысқа да нұсқа әңгімелер, тіпті есептеу амалдары кірістірілген.
Авторды «алаштың бір баласы» деп атауымыздың өз мәні бар. Бүгінге дейін бұл кісі туралы нақты деректі қазақ жазбалары көрсетпейді. Алайда, Татардың ашық энциклопедиясында осы аттас кісі туралы мынадай мәлімет бар: Дибердиев Мухаммад-Юсуф Мухаммедаминович Атақты өнеркәсіпшілер Дебердиевтер отбасынан. Қазан, Уфа және басқа қалаларда өмір сүрген. Ол ағаларымен бірге Симбирск губерниясында зауыттарға ие болды. Мешіт салуға қаржы бөлді, жаңа үлгіде салынған медреселерге қолдау көрсетті. Санкт-Петербургтегі Собор мешітінің құрылысына ақша жинау жөніндегі уәкілетті тұлғалар комитетінің мүшесі болды. Меккеге қажылық жасады. Татар мерзімді баспасөзінде діни реформа тақырыбына мақалалар жариялады. Оның шығармашылығына ақын-мистик Аллахияр сопы әсер еткен. «Эшче намазы» («Молитва рабочего », 1910), «Олугълык нәрсәдә? Шәрекъ хикәясе» («Ұлылық неде? Шығыс хикаясы», 1912 ж.) атты еңбектердің авторы[3].
Біздің қолымыздағы оқулықта тегі Дибердиев болғанымен автор аты Мұхаметкәрім, ал татар энциклопедиясы ашық сайтында аты Мұхаммедюсуф болып отыр. Дегенмен, татар басылымында таныстырған Дибердиев Мухаммад-Юсуф Мухаммедаминович атты тұлғаның еңбектерінде «Қазақша қирағат» кітабын жазғаны туралы мәлімет те жоқ. Алайда қазақ, ноғай және татар қатар оянған өткен ғасыр басында баспасөзде аты-жөнге кішігірім өзгеріс жасау қалыпты құбылыс. Және де «Кәрім» (карим) атауы замандастарынан өзіне берілген құрмет аты болса керек. Аталған екі тұлға бір адам ба, емес пе, мұны татар зиялы қауымымен бірге зерттеуге тура келеді. Бізді тәнті етіп отырғаны 1910 жылы Дибердив текті бір татардың (я өзге ұлттан болуы да ғажап емес) қазақ балаларына арнап оқулық жазуы. Дегенмен, алты алаш тұтасып, үлкен ел болуды көздеген сол тұста, татар, ноғай, башқұрт, қырғыз, өзбек, қарақалпақ, түркімен және қазақ зиялылары ағартушылық жолында тонның ішкі бауындай болғаны белгілі. Сол тұста, мүдде, мақсат бір болған соң, жазба мәдениеті, ақпарат-баспасөзі ертерек дамыған татар халқынан бір ақсүйектің зиялы баласы қазаққа арнап кітап жазуы да кісі таңданарлық іс емес еді. Бұл ойымыздың дұрыстығына өткен ғасыр басындағы қазақ пен татар басылымдары арасындағы барыс-келіс пен алыс-беріс негізінде жазылған көптеген шығармалар мен баспа өнімдері куә болады. Тіптен, Кеңес үкіметі орнағаннан кейін де қазақ пен қырғыз ұлтына ортақ газет-журналдардың дәурендегені де сөзімізді онан әрі дәйектей түседі.
Сонымен, қалай деген күнде де 1910 жылы қазақ баласына арналып жазылған «Қирағат» кітабы қазақ оқулықтарының алғашқы қарлығаштарының бірі деп батыл түрде айта аламыз. Бұл оқулық Қазақстанның Орталық ғылыми кітапханасының сирек кітаптар қорында сақтаулы.
Оқулық 1910 жылы Қазандағы «Ағайынды Кәримовтар» баспасынан шыққан.Кітап пен автор есімінен кейін «Мектеп жасындағы балалар үшін тәртіп етілді» деген ескертпе бар. Келесі бетінде оқулық бірден басталып кетеді.
Оқулықтың бірінші бетінде «Бисмилла рахманирахим» деп ұлы дұғамен басталып, «Біздің дініміз», «Мектеп», «Бір бала мен ит», «Ғазыреті Омар», «Құмырсқалар», «Сандұғаш пен есек», «Хисафтан (есеп) бір сабақ», «Жалған дос», «Зерек шәкірт», «Надандық», т.б. мағыналы мазмұндар жалғасын тапқан. Сыңар жақтылы ескіше білім беру жолы емес, оқушыларды пәни білімге шақыру мақсаты менмұндалайды.
Кітаптың тілі татар мен қазаққа ортақ қадімше үлгіде келеді. Мазмұны баланы жан-жақты сауатты, тәрбиелі болуға жетелейді. Аталған оқулық бұған дейін еш жерде қайта жарияланған жоқ. Бұл оқу құралының тілі жөнінде келесіде мақала жариялайтын боламыз.
Әділет Ахметұлы
Пайдаланылған әдебиеттер: