«Қазақтың бас ақыны ұлы Абайдан басталып, Дулат, Шәкәрім, Мәшһүр Жүсіп, М.Әуезовтермен жалғасып, кешегі классик ақын-жазушылар мен тәуелсіз Қазақстанның жас авторларының шығармаларын қамтыған жаңа кітаптар ұлт әдебиеті жауһарларының бірегей сериясы деп білеміз. Бұл кітаптар арасында Алашорда қайраткерлерінің іргелі туындыларымен қатар, құнды академиялық зерттеу еңбектері де бар.
Заманауи үлгіде, минимализм дизайнда көркемделген кітаптардың өзіндік ерекшелігін де атап өткіміз келеді. Ұлт мәдениетінің алтын қазынасын, рухани мұрасын ұрпақтан-ұрпаққа аман жеткізу, оны насихат ету – баршамызға ортақ міндет. Осы орайда, «Абай» баспасының игілікті бастамасы көпшілік сұранысын қанағаттандырып, оқырман тарапынан жоғары бағаланады деп сенеміз» делінген құттықтау хатта.
– Бүгін 35 кітаптың тұсаукесерін өткізіп жатырмыз. Өзіміз оны «Қазақ әдебиетінің алтын коллекциясы» деп атаймыз. Әр кітап 1000 данадан, жалпы тиражы – 35000. Жаңа кітаптарды нарыққа ұсындық. Сол арқылы авторларға, қаламгерлердің мұрагерлеріне қаламақы төлеу мәселесін де шешкіміз келеді. Бұл кітаптарды алты ай көлемінде дайындадық. Айта өтерлігі, кітаптар баспаның өз қаражатымен шығарылып жатыр. Ешқандай бюджеттік дүние емес. Бұл кітаптар сериясын болашақта 100 томдыққа дейін жеткізгіміз келеді, – деді «Абай» баспасының директоры Ақберен Елгезек.
«Абай» баспасынан шыққан 35 кітаптың тақырыбы мен көтерген мәселесі, мазмұны сыртқы мұқабасын ерекше әспеттеп тұрғандай. Кітап әлемдік сұранысқа сай заманауи үлгіде, минимализм стилінде жасалған. Ендігіде бұл кітаптар көзіқарақты оқырманға жол тартпақ.
Қазақтың бас ақыны, қазақ жазба әдебиетінің негізін қалаушы, философ, композитор, аудармашы, саяси қайраткер, реформатор Абай Құнанбайұлының артында қалған рухани мұрасы «Жүректің көзі ашылса...», қазақтың әйгілі әулиесі, ақын, ағартушы, философ Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының әдеби мұрасы «Хал-ахуал», ұлы ақын Шәкәрім Құдайбердіұлының еңбектері «Насихат», сөз зергері Дулат Бабатайұлының шығармалары «Сандықтас» деген атаумен оқырманға ұсынылмақ.
Міржақып Дулатұлының өлеңдері «Алашқа», шебер жазушы Жүсіпбек Аймауытұлының туындылары «Рәбиға», қазақ поэзиясының Құлагері Ілияс Жансүгіровтің шығармалары «Сағанақ» атауымен басылды.
Қарымды қаламгер Бейімбет Майлиннің әдеби мұрасы «Қанды тұман», классик жазушы Сәкен Сейфуллиннің шығармалары «Аққудың айрылуы» дейтін атаумен жарық көрді. Мағжан Жұмабаевтың өміршең, рухты өлеңдері «Тұран», ұлы жазушы М.Әуезовтің шығармалары топтасқан кітаптар «Көксерек» және «Қилы заман» атауымен оқырман қауымға жол тартпақ.
Қазақтың ақиық ақыны Мұқағали Мақатаевтың жинағы «Отан», Төлеген Айбергеновтың туындылары «Сағыныш» деген атпен жарық көрді. Сонымен қатар «Абай» баспасынан жарық көрген кітаптар тізімінде қазақтың классик ақындары Жұмекен Нәжімеденов, Тұманбай Молдағалиев, Сырбай Мәуленовтің жыр жинақтары, көрнекті жазушы Смағұл Елубайдың «Балалық шақ баяны» атты кітабы басылып шықты.
Қазақтың аса көрнекті ақыны, қазақ поэзиясына өзгеше леп әкелген Жарасқан Әбдіраш, Темірхан Медетбек, Тыныштықбек Әбдікәкімұлы, Светқали Нұржан, Табылды Досымов туындылары да осы жинақтардың басында тұр. Бұл кітаптардың тізбегі ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері Олжас Сүлейменов, Мұхтар Шаханов бастаған буын Исраил Сапарбай, Несіпбек Айтұлы, Күләш Ахметова, Сабыр Адай, Гүлнар Салықбай, Қалқаман Сарин, Танагөз Толқынқызы, Ерлан Жүніс есімді қарымды қаламгерлердің туындыларымен жалғасын тапты. Бүгінгі қазақ аудиториясының арасында кеңінен қанат жайып, оқырман ықыласына бөленген Ұларбек Нұрғалымұлының «Дайағашы» кітабы мен Ақберен Елгезектің «Болмаған балалық шақ» туындысы мүлде бөлек дизайнда, жаңаша форматта оқырманға ұсынылған.
– «Абай» баспасының ашылғанына көп уақыт бола қойған жоқ. Бұл баспа әуел бастан-ақ қоғамға нағыз қажетті туындыларды жарыққа шығарып отырды. Осындай үлкен бастаманы қолға алған Ақберен Елгезек – таланты мен іскерлігі үндескен ақын. Поэзиясы – бірнеше қатпарлы, тағдырлы, интеллектуалды поэзия. Ол өз шығармашылығымен ғана айналысып қоймай, халыққа не керек, не жетпей тұр деген тұрғыдан, үлкен идеядан, үлкен ұмтылыстан шыққан жобаны қолға алып, іске асырды. Қазақтың кіл мықты классиктерінен бастап, бүгінгі жас буынға дейін қамтыған туындыларды жарыққа шығарып отыр. Бізде мынадай мәселе бар. Мемлекеттік баспалардың кейбіреуі кітапты басады. Бірақ ол шыққан кітаптың айналымға түскені, оқырманға жеткені мәселе болып қалады. Кітапты бастыруға жіберместен бұрын кітапқа берілген рецензияға пікір айтатын мамандар кәсіби болуы шарт. «Атамұра», «Фоллиант», «Арыс», «Мереке» сынды кәсіби баспалар бар. «Абай» баспасына оралсақ, аты затына сай үлкен баспаға айналады деп ойлаймын. Себебі баспаны ұйымдастырушылар, оның басында отырған адамдардың интеллектуалдық деңгейі, әдебиетті талқылап, сараптай алатыны, сын көзбен қарай алатыны маңызды рөл атқарады. Баспаларда қайталанбас, үздік сериялар шығарылымы бар. «Абай» баспасынан шыққан бүгінгі серияны классикалық әдебиетке балар едім. Бұл серия әр қазақ отбасының шаңырағының төрінде тұруы керек деп есептеймін», – деді сыншы Әлия Бөпежанова.
Әйкен Жұмекенқызы Нәжімеденова:
– Ақбереннің еңбегі зор. Ұйымдастырушылардың үміті ақталып, оқырманның ризашылығына бөленетіні сөзсіз. Қазақ қазақтығын сақтағысы келсе, осы шығармалардың тым болмаса біреуін оқып шығуы қажет. Қазақ халқының дәстүрі, ұғымы, сөзінің қасиеті, түсінігі, ырымдары – ұлттың мәйегі. Ақбереннің талғамы жоғары болғандықтан, әрбір кітаптың мазмұнына баса ден қойды. Жарыққа шыққан кітаптардың авторлары қазақ халқының рухани өркендеуіне бар ғұмырын арнаған тұлғалар. «Абай» баспасының ұжымына шығармашылық ізденістер мен толағай табыстар тілеймін.
«Абай» баспасынан жарық көрген жаңа кітаптар ұлтын риясыз сүйетін, құрметтейтін, талғамы жоғары оқырманға жол тартып, кітапсүйер қауымды рухани өрлеуге бағыттап, жақсы істердің жүзеге асырылуына себепші болады деп сенеміз.