Ұлттық құрылтайда Абай институтын дамытудың жаңа бағыты туралы бастама көтерді

Ұлттық құрылтайда Абай институтын дамытудың жаңа бағыты туралы бастама көтерді

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 14 наурызда өткен Ұлттық құрылтайдың төртінші отырысында Абай институтын дамыту бойынша маңызды бастама көтерді.

-                     Биыл ұлы Абай Құнанбайұлының туғанына 180 жыл толады. Мен осыдан бес жыл бұрын ұлы ойшылдың туғанына 175 жыл толуына орай Семейде абайтанушы ғалымдармен кездестім, сол кезде Абай институтын құру туралы ұсыныс айттым. Бүгінде бұл бастама цифрлық платформа форматында іске асырылды, яғни біздің диаспоралар мен басқа да шетелдіктерге қазақ тілін үйрету құралы ретінде жұмыс істеп тұр,-деді Президент.

Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығында 2020 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан бұл жоба, қазірге дейін әлемнің ондаған елдерінде офлайн курстар ашып, жыл сайын жүздеген қандастар мен шетелдіктерге қазақ тілін үйретіп келеді. Айталық 2020 жылы Германия, Ресей, Түркия, Франция, Иран қатарлы бес елде 50-ден астам тыңдаушыға қазақ тілі үйретілсе, 2021 жылы бұл сан 7 мемлекетте 90, 2022 жылы 192 тыңдаушыны қамтыды. Яғни қазақ тілін үйренгісі келетін шетелдіктер жыл сайын артып келеді. Бұл әлем жұртының еліміз мәдениетіне деген ерекше қызығушылығын аңғартады.

Мемлекет басшысы өз сөзінде: Енді осы жобаны толыққанды мәдени-ағарту мекемелеріне айналдыру қажет. Бұл құрылым Конфуций, Гете, Сервантес институттары сияқты жұмыс істеуі керек. Абай институты негізгі серіктес елдердің бәрінде төл мәдениетімізді насихаттайтын орталық болуға тиіс. Бірқатар елде, мысалы, Қытай, Түркия, Моңғолия және басқа да мемлекеттерде осындай орталықтар ашылатын болды. Сыртқы істер министрлігі мен «Отандастар» қорына Мәдениет және ақпарат министрлігімен бірлесіп, шетелде осындай орталықтар ашу мәселесі бойынша тиісті жұмысты жалғастыруды тапсырамын, -деді.

Бұл бастама арқылы Абай институты жаңа даму жолына қадам баспақ. 

Бөлісу