ҰЛТ МҰРАТЫ – МӘҢГІЛІК ТАҚЫРЫП

ҰЛТ МҰРАТЫ – МӘҢГІЛІК ТАҚЫРЫП

Сонау ХХ ғасыр басында бірнеше жыл аса зор ұйымдастырушылық, қиыншылықтармен Орынборда 1913 жылдың 2 ақпанында жарық көрген «Қазақ» газеті шын мәнісінде ұлт өмірінде ерекше оқиға болды. Ғасырлар қордаланған ұлтымыздың асқақ идеялары ашық ақпараттық алаңға шығып, жұртшылықтың назарын еркіндік үшін күреске бұрды. Мұның шыңы Алашорда автономиясы, Түркістан Мұқтарияты болды. Бірақ, біреуі екі жарым жыл, екіншісі екі жарым ай ғана өмір сүрді. Кеңес үкіметі өзге мемлекеттерді қаламады, жойып тынды.

Кеңес үкіметінің жергілікті ұлт мәселесіне өзгеше көзқарасынан шығуын 1918 жылы тоқтатқанша «Қазақ» газеті бар қажыр-қайратын ұлтының әлемдік өркениетке ұмтылуына арнаған Алаш арыстарыныңтеңдесі жоқ жан-жақты саяси ұйымдастырушылық жұмысын барынша ашып көрсеткен еді. Бұл туралы осы кезге дейін аз жазылған жоқ.

Біз де сондай бірер аса маңызды мәлімет, пікірге жүгіне кетейік. Алаш көсемі Әлихан Бөкейхан бұл газеттің ең белсенді авторларының бірі ғана болған жоқ, оның тікелей ұйымдастырушысы және саяси басшы болып, жалпы басылымның ұлттық деңгейге көтерілуіне зор үлес қосты. 1913-1918 жылдары «Қазақ» газетінде Әлихан Бөкейханның 250-ден астам мақаласы, ғылыми зерттеуі, аудармасы жарық көрген. Бұл жерде оның өз қолымен толтырған «Тұтқынның анкетасында» мамандығын «журналист», «аудармашы» деп көрсетуін айта кетсек артық болмас. Ал, заңғар жазушы Мұхтар Әуезов 1923 жылы«Ақ жол» газетінің 4 ақпандағы санында жарық көрген «Ахаңның елу жылдық тойы» атты мақаласында «Қазақтың еңкейген кәрі, еңбектеген жасына дейін түгелімен ой түсіріп, өлім ұйқысынан оятып, жансыз денесіне қан жүгіртіп, күзгі таңның салқын желіндей ширықтырған, етек жеңін жиғызған «Қазақ» газеті болатын» деп жазған еді.

«Қазақ» газетінің шығуы сонау Петербургте оқып жүрген студент қауымын да елең еткізген болатын. Бұған Мұстафа Шоқайдың бір топ студенттермен қуаныштары қойындарына сыймай жазған құттықтау хаты дәлел болады. Онда басылымның «қадамы қайырлы, бауы берік, өмір жасы ұзақ болып, мақсұтқа жетпегіне тілектестіктерін» білдірумен қатар, хат иелері маңызды екі мәселені көтерген болатын. Оның бірі – «Қазақ» газетін «бір жағадан бас шығарып, бір ауыздан сөз шығарып, жас та болса бастай көріп, халық ортасына «қарақшы» қылып, һәркім шын көңілімен батасын беріп, халінше не көмегі болса тигізіп тұрса, біздің мұңды жұртымыздың мұңдасып, бірінің хал-жайын бірі біліп тұруына да «Қазақтың» жәрдемі аз тимес еді деген ойдамыз» деген пікір. Екінші, өз сөздерімен айтқанда, қолқалары мынау еді: «Қазақ» газетіне «қаламменен жәрдем беретін мұсылманша оқыған құрбыларымыз бір нәрсе жазғанда басқа әріп, фарсы, ноғай қарындастарымыздың (қандастарымыздың деген мағынада – Ә.Б.) сөздерін; орысша оқығандарымыз орыс, яки басқа Еуропа жұртының тілдерін орынсыз көп кірістірмей, өзіміздің қазақтың нағыз қара тілімен жазып тұрса, «Қазақ» қалың жұртымыздың оқып тұруына оңды, түсінімді болар еді». Хат соңында осыларды бас жазушының (Бас редактор – Ә.Б.) үнемі назарында алып жүруіне тілек білдірген.

Өзім қазіргі «Қазақ» газеттің тұрақты оқырманы болмағаннан соң оның өткен жылдың қараша және желтоқсан айларындағы сандарын қарап шығып едім. Сан түрлі қиыншылыққа қарамай, газеттің ұлттың өзекті мәселесін көтеріп келе жатқанына көзім жетіп, риза болдым. Өзіме ұнаған белгілі жағдайда басылымның бетін байқататын «Желтоқсан тәлімі: 1986 жылғы пленумда билік басында жүрген қазақтар неге принципшілдікке бармады?» деген мақала туралы бірер пікірімді айта кетейін. Осы материалда бірнеше қағидатты мәселелер көтерілген екен. Бірінші, Қостанай облысы Денисов ауданындағы бірінші хатшылыққа Бородин басқарған кездегі обкомның кадрын жергілікті коммунистердің жібермегенін айта келе, автор «Колбин сайланғанда ұлт лидері болады-ау деп мақтан тұтқан тұлғаларымыздың бойында ұлттық меннің, ұлттық рухтың әлсіз болғандығы бірден байқалады» деп жазыпты. Екінші, Ахмет Байтұрсынұлының мынандай сөзі келтіріліпті: «Алашқа аты шыққан адамдар! Көсемдіктеріңді адаспай түзу істеңдер! Сендер адассаңдар – арттарыңнан алаш адасады, арттарыңнан ергендердің обал сауабына сіздер қаласыздар». Осыны еске түсіре отырып, өткен отыз жылда қандай мемлекет құрдық деген сұрау салуға болады. Бұл сұрақты ары қарай тарқатпай-ақ қояйын. Ол туралы қазір жеткілікті айтылыпжатыр ғой. Үшіншіден, итальян ойшылы Никколо Макиавеллидің мынандай сөзі келтірілген: «Ұзақ уақыт құлдықта болған халық, еліне деген құштарлықтан, Отансүйгіштік пен имандылықтан айырылып, жалтақ, көнгіш, тілалғыш, жағымпаз болады. Мұндай ел кездейсоқ жағдайда азаттыққа қол жеткізсе, ол еркіндікті де пайдалана алмайды». Тамаша айтылған. Тіпті, біз туралы жазған сияқты. Осы арада осыдан бір ғасырдай бұрын айтқан Ахмет Байтұрсынұлының: «Біз кейін қалған халық. Алға басып, жұрт қатарына кіру керек» деген сөзі ойға оралады.

Рас, ол заманмен бүгінгі шындығымызды салыстыруға келмейді. Құдайға шүкір! Көп нәрсе өзгерді. Алайда, қазіргі адамзат қауымдастығындағы өркениетті елдермен салыстырғанда біз тағы да кейін, көш кейін келеміз. Біз қарапайым митингілерге шыға алмаймыз, оны тиімді ұйымдастыра алмаймыз. Ретсіз айқай-шуға басамыз. Мен 2021 жылы Грузияда болдым. Сонда Үкімет үйінің алдында Саакашвилиге қатысты митингіні көрдім. Тып-тыныш өтіп жатыр. Халқы сан жағынан аз болса да, кедейлеу тұрса да, саяси сергектіктері анық байқалады. Ал, мұндай халықтың болашағы мазмұнды болады. Кешегі Кеңес Одағында болған елдердің ішінде Грузияның мемлекеттік тіл туралы заңын мамандар аса жоғары бағалайды.

Біз ғасырларға жалғасқан отарлықтан, кеңестік қыспақтан әлі саяси санамызды арылта алмай келеміз. Тәуелсіздіктің отыз жылы да халқымызды көтере алмады. Мұның үстіне нарықтық экономиканы өзіміздің тарихи, ұлттық ерекшеліктерімді ескере отырып қабылдаудың орнына оның қайшылықты жағын қабылдап, жемқорлыққа салындық.Қаржысыз мәселе шешілмейтін жағдайға ұшырадық. Сол себепті тағы да Ахмет Байтұрсынұлына жүгінудің реті келіп тұр. Ұлтымыздың ұлы ұстазы «Басқадан кем болмас үшін білімді, бай һәм күшті болуымыз керек. Білімді болуға оқу керек. Бай болуға кәсіп керек. Күшті болуға бірлік керек. Осы керектердің жолында жұмыс істеу керек» деген болатын. Сәл ойлансақ, бұл бүгінгі тәуелсіз еліміздің алға жылжуының тамаша әлеуметтік формуласы.

Кешегі Алаш жетекшілері айтқан ұлт, тіл, дін, демократия, сайлау, тәуелсіздік,рухани, т.б. мәселелер біздің қоғам үшін әлі өзекті екеніне дау жоқ. Алайда, бұл қағидатты мәселелер өте баяу шешіліп келеді. Енді осылар туралы қысқаша өз пікірімізді білдіре кетейік.

1995 жылғы Конституцияның 1-бабында: «Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары» деп жазылды. Осындағы «демократия» мәселесін алайық. Рас, ағылшынның көп жылдар Премьер-министрі болған Уинстон Черчилльдің айтуынша, демократияның көп кемшілігі бар, бірақодан артықтыбүгінгі күнге дейін ешкім ойлап таба қоймаған ұғым. Әңгіме демократия халық билігі атты қарапайым ұғымды билеушінің қалың көпшіліктің игілігіне қалай пайдалана білуде жатыр. Біздің демократиямыз ұлтсыздық дертпен ауырды. Жалпы, демократияның бастауы саналатын халықтың саясисанасы, сайлау жүйесі, әлеуметтік әділеттілік деген ұғымдар сөз жүзінде болды да, супер президенттік басқару жүйесінде басқаша жағдайда болды.

Демократияның бір көрінісі – көппартиялық жүйе арқылы билікке араласу. Рас, еліміздегі саяси партия туралы заңның партиялардың сан жағынан өсуіне қолайлы жағдай туғызғаны анық. Сайлау науқандарында олардың бәсекеге түсуі дәстүрге айналды. Бірақ, партиялардың сапа, мазмұн жағынан жетілуі, ұстанған жолдарының тиянақтылығы бедерлі бола алмай келеді. Олардың идеологиясы бұлдыр, саяси ұстанымдары айқын емес. Олар көбіне ұзақ ұйқыдан сайлау кезінде оянады.

Әсілі, партия өзінің беделін қоғамның саяси бағытын, қоғам мүшелерімен, азаматтар және кадрлармен жүргізілетін саяси жұмыстың мазмұнын айқындау, бағалаумен, халықтың әлеуметтік-экономикалық бағдарына ғылыми сараптама жасаумен арттырғаны жөн болар еді.

Мен партиялардың заң шығарушылық жұмыстағы белсенділіктерімен, ізденістерімен жетіліп, дами түсетінін Германия, Үндістан парламенттері отырыстарына қатысқанымда байқадым.Оларда негізінен жетекші екі партия талқылауға ұсынған мәселені күн ілгері әбден жан-жақты зерттейді, талқылайды. Содан қорытынды пікірлерін арнайы отырыста ортаға салады. Қалған партиялар өз бағыттарын осында білдіреді. Бізде мұндай ірілік әзір байқалатын емес.

Бізге мемлекетіміздің ұлттық сипатын жетілдіре түсу керек. Онсыз шынайы ұлттық мемлекетті құра алмаймыз. 1990 жылы 25 қазанда Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің XII шақырылымында қабылданған «Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының Мемлекеттік егемендігі туралы»Декларациясында Қазақ КСР-нің маңызды міндеттерінің бірі – ұлттық мемлекеттілікті қорғау және нығайту, төл мәдениетті, дәстүрлерді, тілді жаңғырту мен дамыту және қазақ ұлтының, Қазақстанда тұратын басқа ұлттардың ұлттық қадір-қасиетін нығайту сияқты идеялар көп ұзамай ұмытылды. Бас-аяғы үш ғасырға созылған Ресей империясының шовинистік отарлық саясаты мен оның жалғасындай кеңестік кезеңде қазақ ұлт ретінде де, мемлекет ретінде де толыққанды қалыптаса алмады. Соның зардаптарын қазір қатты сезініп отырмыз. Ал, Мұстафа Шоқай: «…бiздiң мұратымыз – Түркiстанда түрi жағынан да, мазмұны жағынан да ұлттық болатын мемлекеттiк құрылымға қол жеткiзу. Сонда ғана халқымыз өз жерiнiң нағыз қожасы бола алады» деген болатын.

Осылардың зардаптарынан біз ұлттық рухтың негізі – ұлттық тілімізге ие болып отырмыз ғой. Егемендіктің елең-алаңында ана тіліміз мемлекеттік мәртебеге ие болғанымен, 1995 жылғы Конституцияда еліміздегі мемлекеттік тіл – қазақ тілі деп атап көрсетілгенімен, 1997 жылы «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» арнайы Заң қабылданғанымен елімізде қазақ тілінің жағдайы әлі түзелетін емес. Мұны меңгеру қажеттілігі басымдыққа ие бола алмай тұр.

Парламент 1997 жылдың 11 шiлдесінде қабылдаған «Қазақстан Республикасындағы Тіл туралы» Заңның 27-бабының он бесі орыс тілінің қамын қарастырды. Қазақ тілі жөнінде табан тірейтін бірде бір қағидатты мәселе болмады. Ал, оның аса маңызды 4-бабын «Қазақстан халқын топтастырудың аса маңызды факторы болып табылатын мемлекеттiк тiлдi меңгеру – Қазақстан Республикасының әрбiр азаматының парызы» деп жаздық та, міндетті дей алмадық. Араб сөзі «парыз» өз ішінде «айн» және «кифая» болып екіге бөлінеді: «Айн парыз» – әрбір мұсылманға тікелей жүктеліп, өтеуге борышты парыздар. Мұсылман бұл парыздарды жеке өзі орындауға тиіс. «Кифая парыз» – жалпы мұсылманға парыз бола тұрса да, кейбір мұсылмандардың іске асыруы арқылы барша мұсылманның мойнынан түсетін парыз.

Бізге ұлттық намыс, ұлттық рух, тілге деген ұлттық қажеттілік жетпей отыр. Тағы да Мұстафа Шоқайға жүгіне кеткім келіп отыр. Ұлы тұлға өзінің «Большевизм – түрікшілдіктің жауы» деген мақаласында былай деп жазып еді: «Ұлттық рухсыз ұлт тəуелсiздiгi болуы мүмкiн бе? Тарих ондайды көрген жоқ та, бiлмейдi де. Ұлт азаттығы – ұлттық рухтың нəтижесi. Ал, ұлттық рухтың өзi ұлт азаттығы мен тəуелсiздiгi аясында өсiп дамиды, жемiс бередi».

Кез келген мемлекет не қоғамдық өмір үшін бұқаралық ақпарат құралдарының маңызы зор. 1913 жылдың 2 ақпаңындағы «Қазақ» газетінде басылған алғашқы мақаласында Ахмет Байтұрсынұлы газеттің «жұртқа қызмет ететінін, жұрттың білімді, пікірлі, көргені көп көсемдері, оқығаны көп адамдары газет арқылы халықтың алдына түсіп, жол көрсетіп, жөн сілтеп, басшылық жасайтынын» айтқан еді. «Сол себепті газеттің пайдасын білімді, өнерлі халықтар көбірек біледі, сол себепті халық неғұрлым білімді, өнерлі болса, соғұрлым оның газет-журналдары көп» деп жазған болатын.

Қазақ тәуелсіздік жылдары баспасөзге кенде бола қойған жоқ. Алайда, ұлттық мәселелер кенже қалып жатты. Бізде «ура» басым, қоғамның бәрі тамаша, кинодағыдай сипатталды. Орталық газеттерде шыққан ресми дүниелер түгелдей облыстарда көшіріп, басылып жатты. Ал, тәуелсіздікпен бірге ашылған тәуелсіз газеттер қоғамда орын алып отырған кемшіліктерді аяусыз сынай бастап еді, олармен күрестік, оларды жаптық, басшыларын әртүрлі жағдайға ұшыраттық. Бұл халық санасының тәуелсіздігіне шабуыл болды. Сондықтан әлеуметтік желі белең алуда.

Ұлттық мәселені ешуақытта діннен бөле қарауға болмайды. Мұсылман діні – ұлттық мәдениетіміздің, салт-дәстүріміздің әлеуетті тірегі. Егер соңғы үш жүз жылдай отарлықтың бар қасіретін, кеңестік қырғынның талай ойранын көріп, бірақ беріспей бүгінгі күнге аман-есен жетсек, ол біздің діннің де арқасы екені айқын.

Тәуелсіздік жылдары дәстүрлі дінімізге оралдық. Бұл үлкен өзгеріс. Алайда, қазіргі күні қоғамдағы діннің орны, дін мен мемлекет арасындағы қарым-қатынас төңірегінде пікір таластар толастар емес. 2011 жылғы 11 қазанда қабылданған «Діни қызмет пен діни бірлестіктер туралы» Заң бірсыпыра мәселелерді шешті. Меніңше, заңда үлкен қателік те кетті. Сонау Орта ғасырдан келе жатқан діни ұйымдардың мемлекеттен бөлінгендігі туралы классикалық нұсқа қайта қаралып, Заңның «Мемлекет және дін» деп аталатын 3-бабында: «1. Мемлекет дін мен діни бірлестіктерден бөлінген» деп жазылды. Егер діннің адамның іс-әрекетін, мінез-құлқын айқындайтын да сипаты бар десек, онда адамды қалай мемлекеттен бөліп тастауға болады. Сондай-ақ, бүгін діннің рухани мәніне жете көңіл бөле алмай, сыртқы формасына еліктеп, оны ақыл-оймен танымай, дәстүрлі емес діни ағымдардың жетегінде жүрген жастарымыз көбеймесе, азаймай отыр.

Сөзімізді қорыта келіп, айтарымыз – жер бетінде қазақ барда ұлт мұраты мәңгілік тақырып болып қала береді. Тек ол өз кезіндегі замана ұсынған қағидатты мәселелерге, тарихи, ұлттық ерекшеліктерге байланысты айқындалып, жаңарып, дамып отырады. Осы бір үдерісте сонау 1913 жылдың 2 ақпанында «Қазақ» газетінде басылған алғашқы мақаласында Ахмет Байтұрсынұлы: «Әуелі, газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек» дегені газет ұжымының алда да берік ұстанымы бола берсін деген тілек білдіргіміз келеді.

 

Әбдіжәлел БӘКІР,

Саяси ғылымдар докторы, Қорқыт Ата атындағы

Қызылорда университетінің профессоры, Мұстафа Шоқай ғылыми

орталығының ғылыми жетекшісі

 

https://qazaq1913.com/2023/02/15/ekpe-alu-shin-emh...


Бөлісу