ҰЛТ ҰСТАЗЫНЫҢ САРА ЖОЛЫ

ҰЛТ ҰСТАЗЫНЫҢ САРА ЖОЛЫ

«Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тілі» деп тұжырымдап, өткен ғасырдың басында ұлт ұстазы балаға білім тек ана тілінде берілуі керектігін мәселе етіп көтерген болатын. Жалғыз бұл ғана емес, оқытуға қатысты қаншама мәселені көтергені әрі соның бәрі бүгінгі күні де өзекті болып отырғаны белгілі. Осы орайда қазіргі білім кеңістігінде шешімін тапқан, «Көш жүре түзеледі» дегендей, олқылықтардың орнын толтыруға бағытталған іс-шаралар да жоқ емес. Мәселен, «Әліппе» оқулығының ортамызға оралған қуанышы өз алдына, қазақ мектебінің оқушысы ең алдымен тек қазақ тілінде оқып, хат танып одан кейін екінші сыныптан бастап қана орыс тілін, үшінші сыныптан ағылшын тілін оқитын болды. «Көптілділік және үштұғырлы тіл» деп ұрандап, бірінші сыныптан бастап қазақ балаларына өзге тілді оқытуды негізге алып келген білім жүйесінде білім саясаты өзгеріп, бастауышта қазақ тілінің үстемдік құруын жеңіс деп қабылдауға болар. Алайда түбегейлі жеңіске жеттік деуге әлі ертерек.

Қазақ тіліне, дыбыстық жүйесіне қатысты бастауыш үшін нүктесі қойылған мәселе ересектерді мемлекеттік тілге оқытуға келгенде әлі бірізге түскен жоқ. Мемлекеттік тілдің «елімізде тұратын этнос өкілдерін бітістіруші, ұйыстырушы фактор» екенін ескеретін болсақ, ұлт ұстазы жүйеге түсірген оқытудың дыбыстық әдісі өзге этнос өкілдеріне мемлекеттік тілді үйрету барысында да маңызды. Олай дейтініміз, қай тілді үйренсең де, бұл әрекет сол тілдің дыбыстық жүйесін толық меңгермейінше жүзеге аспайды. Осы күні қолданылуы жағынан дүниежүзінде алдыңғы орында тұратын ағылшын тілін үйрену барысында ағылшын тіліндегі әр дыбыстың айтылуы, дыбысталуы егжей-тегжейлі үйретілетінін білеміз. Бір өкініштісі, осы мәселе мемлекеттік тілді үйрету курстарында өз мәнінде жүзеге аспайтынын мойындау керек. Содан болар, шет тіліне қарағанда тыңдалым арқылы тіл үйрену дағдысы баяу қалыптасады. Жалпы, қазақ аудиториясында, мейлі балабақша, мейлі мектеп болсын, аталған мәселе дұрыс шешімін таба алмай келеді. Сол себепті де тіл үйренуші былай тұрсын, қазақшасы тәуір деген кей қазақтың да тілі «ң» дыбысын айтуға келмейді. Тіпті тіл мәдениеті, сөйлеу тілі жағынан көпшілікке өнеге көрсетеді дейтін тележурналистердің ішінде, ол – ол ма, қазақ тілі мұғалімдерінің ішінде де «ң»-ды дұрыс дыбыстай алмайтындары кездесіп қалады. Кезінде Ахмет ұстаздың дабыл қағып, үйретуді тіл дыбыстарынан бастау керек дегені осындай мәселелердің туындауынан сақтандыру болғаны анық. Тіл дыбыстарының әр жағында үндесім, үндестік заңы дейтін үлкен мәселе тұр. Кезінде Шоқанның досы – Г.Потанинге: «Маған бүкіл қазақ даласы ән салып тұрғандай көрінеді», – деп айтқызған құдырет қазақ сөзінің үндесе айтылып, дыбыс пен дыбыстың әдемі үйлесімінен туындаса керек. Олай болса, тіл үйрету үдерісінде көрнекті тілші, қазақ тіл ғылымының атасы – А.Байтұрсынұлы көтерген мәселенің шешімін табуына жұмыла кірісу біз үшін парыз ғана емес, негізгі міндет болмақ.

Massaget порталында мынандай ақпарат бар: 2019 жылғы мәлімет бойынша жер ғаламшарындағы жеті миллиардтан астам халқы6 700-дей тілде қарым-қатынасқа түседі екен.Оның 96 пайызын әлем тұрғындарының 3 пайызы ғана қолданатыны, жойылу қаупі төнген тілдердің басым бөлігі байырғы халықтарға тиесілі екені белгілі болыпты. Нақты дерекке сүйенсек, ағылшын ғалымы Дэвид Кристал «Тіл ажалы» деген еңбегінде жыл сайын жeр бeтінeн шамамeн 24 тіл жoйылатындығын көрсeтіпті. Бұл дегеніңіз – өзінің тарихы мен мәдениеті бола тұра қолданушысы азайған жағдайда не мүлдем қолданыстан қалған жағдайда белгілі бір халықтың тілі мүлдем құрып кетеді деген сөз. Олай болса, А.Байтұрсынұлының «бастауышта білім ана тілінде берілсін» деген ұстанымы бүгінгі күні де маңызын жоймағаны өз алдына, нағыз қажеттілік деген қорытынды жасауға болады.

Ұлттық білім беру жүйесінің негізі ұлттық мектепте қалыптасады. Тәуелсіздік алғаннан бері мемлекеттік мектептерге балама ретінде сандаған лицей, гимназиялар ашылып, кең қанат жайды. Мысал ретінде Haileybury Almaty, Haileybury Astana, «Мирас» және «Нұр Орда» халықаралық мектептерін, «Тұран» мектеп-лицейін т.б. атап кетуге болады. Алайда бизнес нысаны ретінде ашылып, білім берудің шетелдік тәжірибесін жүзеге асыратын бұл мектептерді ұлттық мектеп деуге мүлдем келмейді. Басымдық ағылшын тіліне берілетін мектептер ұлттық мүддеге сай қызмет етеді, мемлекеттік тіліміздің мәртебесін көтереді деу де қиын.

Мағжан Жұмабаев кезiнде қазақтың ұлттық мектебi қандай болуы керектiгi туралы айта келіп: «Қазақтың тағдыры, келешегi, ел болуы да мектебiнiң қандай негiзге құрылуына барып тiреледi. Мектебiмiздi сау, берiк һәм өз жанымызға қабысатын, үйлесетiн негiзге құра алмасақ, келешегiмiз күңгiрт», - деген екен. Сол сияқты Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі, қоғам қайраткері Рауан Кенжеханұлы «Азаттық рухы» тілшісіне берген сұқбатында: «Ұлт мектебі болу деген тек қазақ әлемімен тұйықталу деген сөз емес. Ондай мектеп дүниедегі бар жақсылық пен жаңалықты қорыта отырып, сол білімді ұлт мүддесіне қызмет еткізеді. Қазіргі білім беруде кең тарап жатқан ұстаным – әлем азаматын тәрбиелеу, меніңше, бұл көзқарас тәуелсіздікке балта шабады. Біз ойлаған мектептің түлегі әлем азаматы емес, бірақ әлемнен хабары бар, қазақ азаматы болуы керек. Ол үшін мектеп бағдарламасы, әсіресе тарих, тіл, әдебиет, өлкетану, өнер бағытындағы пәндердің мазмұны қайта қаралуы қажет»,– деп ұлттық мектеп мәселесін көтеріпті.

Ал енді «елімізде жоғарыдағы ұстанымға сәйкес келетін мектеп бар ма өзі?» деген заңды сұрақ туады. Осы ретте «QAZBILIM» ұлттық лицейі туралы айта кеткен орынды болар. Ұлтжанды азамат Аятжан Ахметжанұлы кешегі бабалар ізін жалғап, еліміздің түкпір-түкпіріндеұлттық мектеп үлгісінде лицей ашты. Қазіргі уақытта саны жетіге жетті.

Бір сұқбатында «Ұлттық мектептің ұстазы қандай болуы керек?» – деген сұраққа былай жауап берген екен:

– Ұстаздың екі ерекшелігі болуы керек. Бірі – кәсіби білімі. Екіншісі – ұлттық болмысы. Ұлттық мектеп дегенді көп жұрт дұрыс түсінбейді. Мысалы, біреу мектепке тоғызқұмалақ немесе қазақ күресін енгізіп, «біз ұлттық мектепке айналдық» дейді. Жоқ, ұлттық мектеп бір элементтен ғана жасалмайды. Ұлттық мектеп тәрбие мен мазмұннан тұтас кешен қалыптасқанда ғана болады. Менің көзқарасымда мектеп – жартылай музей, жартылай кітапхана болуы керек. Бала мектепке сұр қабырға, төрт кереге, бор мен ақ тақтаны елестетіп емес, музейде, кітапханада жүргендей әсермен қуана келуі керек.

Оның осы пікірі ұлт ұстазы – Ахмет Байтұрсынұлының болашақтың білім беру жүйесін болжап, мектеп мықты болу үшін мұғалім бір жерде тұрып қалмауы керек, өз оқушылары үшін үнемі өзінің шеберлігін, кәсібилігін, шығармашылығын жетілдіріп отыруы керектігін қозғаған ойымен сабақтас, өзектес. Сондай-ақ аңдап қарағанға бүгінгінің мектебі туралы айтқаны ұлт ұстазының «Білімнің бас құралы – кітап. Қазақ арасына білім жайылуына, әуелі, оқу үйренетін орындар сайлы болу керек, екінші,білім тарататын кітаптар жақсы боларға керек һәм халық арасына көп жайыларға керек» дегенімен де үндесетінін аңғару қиын емес.

Ойымызды түйіндеп келгенде айтарымыз, ел болып еңсе көтеру үшін Ахмет Байтұрсынұлы ең басты қару ретінде тілді сақтауды және білім беруді атады. Олай болса, қос құндылығымызды сақтауға да, дәріптеуге де өз үлесімізді қосайық.

Тіл маманы ретінде әрі ұстаз ретінде.


Жұпар Жақан,

Қарағанды облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы жанындағы

Ресурстық тіл орталығының бөлім меңгерушісі,

педагогика ғылымдарының магистрі.


Бөлісу