ҮЗІҢКІ ОЙДАН СЫР ҚҰРАП...

ҮЗІҢКІ ОЙДАН СЫР ҚҰРАП...

Бүгінгідей қарсы ағысты (турбулентті) уақытта Жаңа Қазақстанға жаңа қазақ тілі – жұрттың бәрінің меңгеруіне оңай қолданбалы қазақ тілі керек

 

Қазақта «ұлттың әкесі – тарих, анасы – тіл» деген кең жайылған жақсы сөз бар. Тіл-анадан туған соң, перзент шіркін сол анасы туралы ойламай тұра алмайды. Мына үзік ойлар да соның бір парасы.

Тіл жөнінде өте көп пікір айтылды, айтылады, айтыла береді, бірақ соның бәрін жүйелеп, зерттеп, зерделеп, дұрысын дұрыс деп, бұрысын бұрыс деп соңғы нүктесін қойып, ортақ шешімін жұртшылыққа жариялап отыратын ниетті мекеме бар ма біздің елде?

***

Тіл майданы қазір бейжай. Отыз жыл бойы мемлекеттік тілді дамыту жөнінде бөлінген қаржы, жүргізілген қыруар жұмыс жинақтай келгенде, бір қайтарым беруге тиіс еді, бірақ олай болмай шыққан сияқты. Қоғамдағы қазақ тілінің қолданысы сол баяғы дәрежесінен аса алмай қалды. Ұлтаралық қатынас тіліне айнала алмады. Қазақ тіліңіздің жеткен жері аударманың айналасы болып шықты. Неге бұлай?

***

Осы кезең ішінде қазақ тілін қол­дануды әртүрлі аудармалар арқылы қиын­датып алған сияқтымыз. Қазақ тілін үйре­нушілердің бәріне ортақ, қолданбалы, оңай­латылған, оқып-тоқуға ыңғайлы сөйлеу тілін құра алмағаннан бөлек, жазу тілін де тым ауырлатып жіберген тәріздіміз. Әсіресе термин түзу, баламалар тудыру орайында.

***

Балама жасауда тілдің табиғатынан тыс әлеуметтік әуен басымдық алды. Тектес терминдердің бір түбірден тарауына, сөз табиғатымен үйлесуіне, анатомиясы мен этимологиясына емес, буын үндестігі, әріп үндестігі сияқты жағымды естіліп-жазылу жағына, тіпті әдеби-көркемдік бояуына көп көңіл бөлініп кетті. Сол себепті де көптеген терминнің тамыры бос, түбі шикі, орнығып қалуы күмәнді.

***

...Парламент Сенатын әйел адам басқарған кезде «төрайым» деуге бата алмай, «төраға» дедік. Бұл Конституция бойынша дұрыс еді, әйел болса да, еркек болса да, Сенат Төрағасы деп жазылуға тиіс болатын. Бірақ Парламент палаталарының комитетін басқаратын «председатель» әйелдер неге «төраға» емес, «төрайым» деп жазылады. Заң тіліне жүгінсеңіз, «председатель – төраға» жынысқа жығылмайтын сөз. Өйткені «төрайым» деген сөз Конституцияда жоқ, ешбір заңда жоқ, заң күші бар, заңға тәуелді басқа да актілерде қолданылмайды. Кейбір орысша-қазақша аударма сөздіктер ғана «төрайым» сөзін өзіне қосып жүр. Терминкомның «төрайым» деп бекіткенін көргеніміз жоқ, бекіте қалғанның өзінде қазақ тілінің қай негізіне сүйеніп «төрайым» жасалды? Қазақ тілінде «мужской», «женский» «род» жоқ екені және белгілі. Ендеше, қазақша жазудағы «родқа» бөлуді тіліміздің қай ереже-қағидасымен негіздеуге болады? Мұны осы жылдар ішінде қалыптасқан қазақшалаудың бір тәсілі дегеннен басқа амал жоқ. Төраға мен төрайымды қырғыз біртуғандар да «мужской», «женский» «родта» пайдаланып жүр; біз олардан алдық па, олар бізден алды ма, ол жағы күмәнді (Бірақ олар «Жогорку Кенеш» тіркесін қай тілде де өзгертпей, қырғызша нұсқасында жаздыртады; олардың «төрайымы» өздерінің «айымымен» (біздіңше, «ханым») төркіндес алынған).

Таза қазақы қолданысқа бағынсақ, дұрысы «төраға әйел» болуы керек, бірақ ауызекі тілде бұлай айтылмайды. Ресейдегі Валентина Матвиенконы «Федерация Кеңесінің Төрайымы» деп жазғанды көрдіңіз бе? Бір жазса, «женский» роды бар орыс жазса керек еді, бірақ олар үшін Валентина Ивановна – Федерация Кеңесінің Төрағасы («Председательша» емес).

Осындайда еске түседі; тарихтан белгілі бір жайт бар: атақты Анна Ахматова әйел ақындарды «поэтесса» деп атағанды жақтырмаған; ол ақынды әйел болса да, еркек болса да, «поэт» деп атаған. Әрине, Анна апамыздың сөзі ақындарды жынысы бойынша бөлуге қарсылық тұрғысында айтылғаны сөзсіз. Біздің жазып отырғанымыз да осыған ұқсайды: заңи тиянақталмаған нәрсе қазақша жазуға тықпаланбауға тиіс. Ал мұндай мысалды көптеп келтіруге болады.

***

Бір жігіт айтады: оқығанымыз орыс мектебі еді; қазақ тілі сабағын да өттік. Қазақша білетін адамға қиын емес әрине. Осы шақ, өткен шақ, келер шақ... деп бастадық. Мектеп бітіріп институтқа түстік, дейді ол. Қазақ тілі сабағы да бас-талды. Тағы да алдымыздан етістіктің осы шақ, өткен шақ, келер шақ категориялары шыға келді. Кейін қазақ тілін үйрету курс-тары басталды. Оған да барып жүрдік: тағы да сол – осы шақ, өткен шақ, келер шақ... Жалпы қазақ тілін үйретуде «шақ»-тан басқа тақырып не оқыту әдістемесі жоқ па дейді әлгі азамат. Тілді толық меңгермеген жастардың қазақ тілінен бұрын ағылшын тілін тез үйреніп кету себебін бұл азамат осындай оңтайлы оқыту әдістемесі қалыптаспағанымен түсіндіреді. Жаны бар сөз ғой деп ойлаймыз.

***

Қазақ тілін үйренушілер үшін қиындық келтіретін нәрсе – біздің түбірге жалғанатын жұрнақтарымыз бен жалғауларымыз. Шама келсе, оңтайлы жазу-сөйлесу тілі үшін осыларды біршама қысқарту жолын іздестіру керек. Қолданысымызға енген шет жұрт сөздеріне (холдинг, клиринг, инжиниринг, лизинг, маркетинг, демпинг, мониторинг, каверинг, каршеринг, т.б.) «-тік», «-тық» жұрнақтарын жалғау арқылы балама тудыру тәжірибесінің тиімсіз екенін, бұл тіл үйренушілер үшін ғана емес, тіл білетін қазақ үшін айтуға қиындық тудыратынын баспасөзде бұдан бұрын айтқанбыз. Әлі де сол пікірдеміз. Бұлар сияқты сырттан енген сөздер өзгеріссіз, жұрнақсыз, сол түбір тұлғасында жазылғаны жөн. Бізге осын­­дай сөздердің тізбесін дайындап, айту мен жазуға ыңғайлы ету жағын ойластыру керек.

***

Осыған жалғас туындайтын және бір ой бар: бұдан бұрын айтқанымыздай, мысалы, «количество» сөзін «сан» дей отырып, «количественные» деп басталатын сөздердің бәрін «сандық» демей, «сани» деп қолдансақ, ештеңе өзгермейді: мән де, мақсат та, мазмұн да сол күйінше қалады. Сөйтіп, кәсіби, біліми, ғылыми, қоғами, адами, заңи... деп бұлардың да бір алуан тобын қалыптастырар едік. Қазір келсін, келмесін, «современныйды» «заманауи» деп қазақшалаймыз, «заман»-ың дұрыс-ақ шығар (бұрын «қазіргі заманғы» деп жазылып жүрді), бірақ «ауи»-ың кейбір өңірде «ауыш» – «есінен ауысу» деген жергілікті сөзбен мағыналасып қалады. Сондықтан мұны жоғарыдағы үлгіде «замани» десек, жарасып кететін секілді (Бұл туралы да баспасөзде бірер мәрте айтқан едік).

***

Зат есімнің көптелуіне байланысты жайт – жазу тілін де, сөйлеу тілін де қиындата түседі. Атаудың алдында есептік сан есім келгенде көптік мағына туады деген қазақ тілінің талабы әсіресе аударма үдерісінде сақтала бермейді; бұл ретте көп жағдайда орысша мәтіндегі көптік тұлғаның күші басым тұрады.

Сол сияқты көптік мағына тудыратын қос сөздер баспасөзде, ауызекі сөйлесуде орынды қолданылмайды; айталық, «отар-отар қойлар жайылып жүр» деу дұрыс емес; дұрысы – «отар-отар қой», т.б. Әсі­ресе сөздің алдынан көптік мағынаны білді­ретін «барлық», «бірқатар», «бірнеше», «көп­теген», «бірсыпыра», «бірталай», т.б. осы сияқты сөздер келгенде, көптік тұлғада тұра­тын зат есім жасалады деген тіл заңын жаз­баша да, ауызша да айналып өтіп жатырмыз.

«Көптеген пікірлер айтылды» дейміз, солай жазамыз, бірақ тіл заңына бағынсақ, оның дұрысы – «Көптеген пікір айтылды» болуы керектігін ескермейміз. «Бір­неше адамдар сөйледі» дейміз, дұрысы – «Бір­неше адам сөйледі», т.б. Сол сияқты «көп адам» (~дар емес); көп жыл (~дар емес) бойы.

Кеңес заманында орыс тіліндегі бүкіл газет-журналдың маңдай­шасында Карл Маркстің «Коммунистік партияның манифесі» еңбегінің соңғы сөйлемі – «Пролетарий, всех стран соединяйтесь!» деген темірқазық жазу болатын. Ал қазақша бас­пасөздің көзшырағы – «Барлық елдердің пролетарлары, бірігіңдер!» деп жарқы­райтын. Міне, бәленің бәрі «барлық елдердің пролетарларынан...» басталды. Көптік мағынада тұрса да аудармашы ағайынның күшімен «барлық»-тан кейін «елдердің» деп еселеп жібердік. Сөйтіп, сөзді ұзартып, ұлғайтып жазудың дәуірі алға шықты.

***

Қазақ тілі осы уақытқа дейін орыс тіліне бағынышты болып келгендіктен, мәтінді аударғанда орысшасында көптік жалғауда тұр деп қазақшасын да солай жазатын тәртіп қалыптасты. Әсіресе ресми құжаттарда. Заң жобаларында. Нормативтік актілерде. Сөйтіп, кез келген құжатта көптік жалғаусыз сөйлем болмайды. Айталық, «қаражат», «заңнама» сияқты сөздер жекеше тұрып көптік мағына береді. Бірақ «қаражаттар» қаптап жүр, «заңнамалар» зыр айналады. Бір нәрсенің «салдары» дегенді орысшасында солай деп «салдарлары» деп жазамыз.

Ал «ТМД-ға мүше елдердің экономикалары» дұрыс па, «ТМД-ға мүше елдердің экономикасы» дұрыс па? Біздіңше, әрине соңғысы. Қазақша қолданыста «экономиканы» да жекеше тұрып көптік мағына беретін сөздер тізбесіне қосуға болар еді.

Мысалы, «мүдделер», «қуаныштар», «табыстар»... деп көбейе беретін сөздерді жекеше тұлғасында тұрақты пайдалану айтары жоқ тілді тез меңгеруге, жазу-сөйлеу тілін ықшамдауға әсер етпей қоймайды. Біздіңше, қазағымның ұзын сөзін ауызша да, жазбаша да қысқарта пайдалану – тілді үйрену мен үйретуге үлгі болатыны сөзсіз.

Мектепте балаға көптік жалғауды үйрет­кенде, нақты және абстрактілі ұғым­ды ажырата отырып үйрету керек. Көп­тік жалғауды қай сөзге жалғауға болады, қай сөзге жалғауға болмайды деген ерек­шеліктер болуға тиіс [Осы ретте қолына қалам ұстаған әріптес қауымнан, қазақ тілін үйретушілерден профессор Сейдін Бизақовтың кезінде «Ана тілі» газе­тінде жарияланған (22-28/.01.2015) «Көзге» көптік жалғау жалғанбайды» деген мақа­ласына тағы бір қайырылып қарауды өтінер едік].

Өйткені келсін-келмесін сөзге жалғау жалғап, көбейтіп сөйлеу көбейіп барады. Әсіресе абстрактілі ұғымдарды. Жалпы көптік жалғауды азайтып, жекеше тұрып, көпше мағына беретін тұтас бір сөздердің тізбесін жасап, заңдастырып, қазақша жазуда солай қолдану жөнінде нұсқама әзірлейтін уақыт жетті. Соның ішінде бұқаралық ақпарат құралдары тіл талабын сақтап,нақтылы-абстрактілі зат есімді ретсіз көбейтуге тоқтау салуы керек.

***

Орыс тілінде зат есімге қатысты 10 «мя» деген айрықшалықта қалдырылған ереже бар. Ол бойынша «женский родта» болуға тиіс 10 сөз («пламя», «знамя», «время», «племя» сияқты) «средний родқа» жатқызылған. Сол себепті, «Астанинское время», «Молодое племя», «Красное знамя»... деп жазылады.

Жазуда, сөйлеуде сөзді ұзартпау, көбейтпеу жағынан келгенде, бізге де осы тәрізді нақты (талап, шарт, нұсқама, қағида, ұсыным, ерекшелік) ереже керек.

***

Бұрынғы әдетпен «ереже» деп отырмыз ғой. Шынында «правило» ежелден ереже деп аударылатын, кейіннен ол «қағида» болып өзгерді. Сөйтіп, тілімізде ережеге байланысты әбден орныққан бірқатар тұрақты қолданыс айналымнан шықты да, амалсыз бәріне қағиданы тіркейтін болдық. Ал ереже енді «положениенің» баламасы болды. Соның өзінде «положениенің» бәрі бірдей «ереже» болып қабылдана қоймайды. Сонда бұл не үшін һәм кімге керек болды екен?! Тілдің дамуы барысында әбден сіңісті болған осындай қалыптасқан қайырымдарды сақтағанымыз жөн еді; өйткені талай ұрпақ «ойын ережесімен», «қазақ тілінің ережесімен», «жол жүру ережесімен» ержетті емес пе?!

***

Қазақта да жанды-жансызға қатысты қолданылатын сөздер бар. Мысалы, адамды түгендемейді, түгелдейді. Түгелдіктің түбі – амандық. Аман-түгел сұрасу деген тіркес кездеседі. Малтүгел, Жантүгел, Түгелбай есімдерінің сыры осыған тіреледі. Сынып журналымен оқушыларды түгендемейді, түгелдейді.

«Ол» мен «бұл» туралы да осындай ой бар: «ол» – жазу және сөйлеу тілінде «оның», «оған», «олар», «олардың», «оларға» және т.б. сияқты нысанда адамға қатысты ғана айтылса һәм жазылса; ал «бұл» – «бұның», «мұның», «бұған», «бұларға» және т.б. нысанда адамнан басқа нәрселерге ғана айтылса һәм жазылса; «в том числе» сөздері «оның ішінде» емес, «соның ішінде» болып тұрақтанса.. дейміз.

Тілдің осындай иірімдеріне із салып көрсек ше?! (Осы пікіріміздің орынды-орынсыздығын қалай білер екенбіз?!)

***

Қазақтың табиғаты қызық: бейтаныс орыс бір ауыз қазақша сөз айтса, соған аузымызды ашып, барымызды алдына тосып, мәз болып қаламыз. Қазақша қарық қылмаса да, соған разымыз. Әйтеуір тілін бұрағанына тәуба дейміз. Бұрын бұл да жоқ еді ғой. Демек, тіл өрісінде жазу тілінен ауызекі – сөйлесу тілінің әсері жоғары; тілді үйренуді ең алдымен ауызекі сөйлесуден бастау керек; біздің үйретушілеріміздің өз әдістемесін осылай өзгерткені жөн болар ма еді?! «Сөйлеу тілі – адам организмінің құрамдас бір бөлігі» деген ғылыми пікірдің шындығы да осында. Тұтас организм қазақшаға қарай бет бұра бастаса, әлбетте көңіл-ниет те өзгеретіні сөзсіз.

***

Қанша дегенмен газет-журналда жарияланатын сөз біраз сараптаудан өтеді, басылып шыққанға дейінгі үдерісте сөзді, сөйлемді түзеп, сараптап жіберуге мүмкіндік болады. Ал тікелей әуе толқынындағы айтушы мен телеайнадағы тізгіншінің суырып салып сөйлейтін авторлық мәтінін түзеу қиын. Қалай айтылды, солай естіліп, қабылданады; және де БАҚ-та жазылған-айтылған сөзді әдетте жұртшылық ең дұрыс қолданыс деп түсінеді. Бірақ «тұз сасыса, не себеміз?».

Мысалы, «Бір болайық» және осы тектес басқа да телехабарлардағы тізгіншілердің «сен айтуға керексің», «сен баруға керексің» деген сөздерін қазақ тілінің қай заңымен қабылдарыңды білмейсің?! Біз оқыған мектеп те, қазақ тілі пәні де бұл сөздерді «сенің айтуың керек», «сенің баруың керек» деп оқытып еді. Жастардың бұлай сөйлеуіне қарағанда, қазіргі мектеп осылай оқытатын болғаны ма? Қателессек, алдын ала кешірім өтінеміз, қазақ тілінің оқытушылары, осы «сен айтуға керексің», «сен баруға керексің» деген сөйлемдерге грамматикалық талдау жасап бере аласыздар ма? Егер сіздер дұрыс деп тоқтам жасасаңыздар, мен де алдағы уақытта «солай жазуға керекпін» (онда «солай жазуым керек» қажет болмай қалады).

Осыған ұқсас «мамаға айттым», «папаға айтым», «мама сұрады», «папа айтты» деген сияқты қолданыс та телетілде, сол арқылы күнделікті қолданыста ауа жайылып барады. Мұны қазақшаласаңыз, «шешеге айттым», «әкеге айттым» болып шығады. Бірақ қазақ қашан бұлай сөйлеуші еді, дұрысы «әкеме айттым, шешеме айттым», «әкем айтты, шешем сұрады» емес пе? Сөйтіп, ар жағында «менің мамам, менің папам», «мамама айттым», «папама айттым» тұлғасы тұрмай ма?

Ауызекі сөйлесуде кең жайылып бара жатқан, тіпті телеэкранға, эфирге қол соза бастаған «бара жатырық», «келе жатырық», «барасыңыз ба?», келесіңіз бе?» деген қолданыстарға тыйым салатын уақыт жетті.

Телеайнадағы тіл мәдениеті – үлкен тақырып. Қазақша хабар – қазақша болуы керек; мәтінге мүмкін болғанша, бірде бір бөгде сөз қосылмауға тиіс. Бұл да мемлекеттік тілін құрмейтін елдің әрдайым сын көзінде ұстап отыратын алаң-аясы. Асүйдегі, көшедегі сөйлесу-әңгімелесу дағдысын жалпақ жұрт қарайтын телеэкранға сол күйінше алып шығуға болмайды. Эфирден, экраннан естілетін қазақ сөзі кім айтса да, салмақты әрі салиқалы, әдепті және әдемі, түсінікті һәм тәлімді болғаны жөн. Алдымен, жүргізуші-тізгіншілердің тілін түзеу керек; ұзын-сонар толғаныстарға берілетін авторлық мәтіндерде не шағын хабарларда кейде естір құлаққа ұят ерсі нәрселер естіліп жатады. Жақында радиодан «Молотов» (КСРО-ның Сыртқы істер министрі) деген фамилияны «Малотов» деп эфирден барша жұртқа жария еткен дауыс естілді. Соған қарағанда, жас әріптестерімізден кәсіби оқу, үйрену, іздену жағы шегініп кеткен-ау деген ой келеді...

***

Сонау Колбин заманынан қалмай еріп келе жатқан қисынсыз қағида: «қазақ тілін үйренуге арналған сөздік жоқ, орысша-қазақша сөздік жетіспейді» деген жетімсіз сөз бар. Ал қазір сөздіктен аяқ алып жүре алмайсыз. Бірақ сөздік қазақ тілінің күрт өркендеуіне өріс аша алды ма?

***

Жалпы сөздіктің түрі көп. Соңғы жылдары бізде салалық сөздіктер көбейді. Түсіндірме сөздік, энциклопедиялық сөздік, т.б. деп жалғаса беретін лексикография туындылары жеткілікті. Бұған электрондық сөздіктерді қоссаңыз, тіпті еселене түседі.

Сөздік құрастыру әдетте күрделі іс болып саналады. Сөзді, оның мәні мен қолданылу ерекшеліктерін айырып, тілдік сипаттамаларын таныта отырып құрастыру оңай емес. Оның үстіне «сөздік сөздіктен жасалады» демекші, бірін бірі қайталайтын сөздіктер де аз кездеспейді. Сонау жылы бір хатшы қыздың С.Тоқсанбаевтың 1999 жылы шыққан «Толық экономикалық орысша-қазақша сөздігін» алдына қойып алып, сөздік құрастырып жүрген бастығының тапсырмасымен көшіріп отырғанын көзіміз көрген. Демек, сөздік жасау ойдан-қырдан сөз жинап, кітаптың көлемін толтыру болып кеткенін, ал сол сөздіктердің көбі уақыт өте келе тұтынушы кәдесіне жарамай қалғанын, тіпті бірінші кезекте пайдалануға тиіс деген аударушылардың өздері де ондай сөздіктерге жиі жүгіне қоймайтынын жасыруға болмас.

***

Себебі сөз тізімі (вокабула) жасалған кезде оның бір түбірден тарайтын басқа қолданыстары, өзара байланыстылығы, сабақтастығы, одан әрі таратылуы (филиация) ескеріле бермейді. Сөйтіп, мағыналас, негізі бір, ұғыми ұқсастықтағы жаңа сөз ең бастапқы өзі шыққан сөзден мүлде алшақ тұлғада аударылады. Кейбір сөздіктің тек қазақшаға аударылған орысша сөздердің жинағы ретінде қабылданатындығы сондықтан.

***

1913 жылы «Русско-казахский словарь» деген кітап құрастырылған. Мұның алдында, 1912 жылы Верный қаласында «Русско-киргизский словарь» деген кітап жарық көрген. Кейде термин сөздің іздеп жүрген нағыз баламасы осындай көне кітаптардың қойнынан шыға келетіні бар. Біздің қолымызда «Краткий русско-киргизский словарь» (1898) және «Русско-киргизский словарь» (1911) деген екі кітаптың электрондық нұсқасы бар. Баяғы қазақты «киргиз» деп атап жүрген патшалық дәуірде жарық көрген орысша-қазақша сөздіктер бұл. Сөздің баламасын дәл беру және басқа ұлттың өкіліне қазақ сөзін ұғындыру тәсілі жағынан көш ілгері тұрған сөздіктер. Әсіресе, 1911 жылғы Қазанда шыққан сөздік. Осы сөздіктегі бір ғана сөздің берілу нысанын ұсынайық, мысалы, «близкий» сөзінің аудармасы былай жазылған:

«Близкій – близко – жақын, жуык. Ближе – жақынырақ, ближайший – ең жакын. Ближній – жакын аға, ағайын-тума. Близёхонько – жап-жақын. Близость – жақыншылық. Близиться – жақындас, жуыс. Близнецы – егіз, жұбай. Дос егіз, доспан сегіз – враговъ всегда больше нежели друзей (послов. букв: друзей два, враговъ восемь)».

Бұл кәдімгі екі тілдегі аударма сөздік. Осындай сөздіктердің тілін бүгінгі қолданыстармен жетілдіре отырып, қайта шығару жайын ойластырса болар ма еді...

***

Сөздік көп дегенмен, сөздіктің төресі – терминологиялық сөздік болуы керек. Терминнің тілі – бөлек тіл; термин белгілі бір шамада шектеулі десек те, ұғымдар мен атауларды дәл беруге тырысатын, нақты терминологияның құрамында болатын сөз. Ғылыми тұжырымдалуы бойынша, термин түпкі мәтінге тәуелді болмайды. Ол бір салада оқшау пайдаланылуға және бір мәнді болуға тиіс. Сонымен бірге, бір терминнің әртүрлі терминологияның құрамында өзгеріссіз кездесуі де (ғылымаралық терми­нологиялық омонимия) жоққа шыға­рылмайды. Осы талаптар тұрғысынан келсеңіз, біздің «Қазақша-орысша орысша-қазақша терминологиялық сөздік» деп аталатын 30 томдығымыздан бір тер­миннің отыз түрлі болмағанмен, он түрлі аудармасын көретініңіз сөзсіз.

Мысал ретінде «ущерб» сөзін алайық. Ол Парламенттің бір палатасы шығарған екі тілді сөздікте – «залал», екінші палатасы шығарған осындай кітапта – «нұқсан». Ал 30 томдығымызда: «нұқсан» (17-т.), «залал» (22-т.), «зиян» (27-т.) және «зардап» (29-т.) нысанында берілген. Түсініп көріңіз, осыдан кейін!

***

Аударманы, яки тілдегі қолданыстарды орнықтырудың екі тәсілдемесін ұстануымыз керек. Біріншісі – бұрыннан бар, әбден сіңісті болған баламаны сол қалпында сақтау; екіншісі: бір сөзге (терминге, атауға, т.б.) бір сөзбен ғана балама табуға ұмтылу. Біз ұсынып жүрген бір сөз – бір балама қағидатының мән-мәнісі осыған саяды. Бұл үшін баламаны жұртшылық болып жиылып, көпшілік болып кеңесіп, талқылап, талдап барып ортақ үлгіде орнықтыру керек («...керек» деп отырмыз-ау, тап осыны біздің елде кім істей қояр екен?!). (Тәңір жарылқағыр Терминком әр баламаны дәл осылай шұқшия қарап, шүйіркене сараптады (сараптайды) деп сенгің келеді).

***

Ес білгелі «оттегі», «сутегі» деп айтып, оқып, жазып, білім алып, қызмет атқарып келген қазақтың бүгінгі ұрпағы енді неліктен «оттек», «сутек» деп жазуы керек? Ал «ауыл шаруашылығы» неліктен аракідік «ауыл шаруашылық» деп жазылады? Мұны оқулыққа енгізіп, термин етіп бекітіп жүрген қай реформатор екен?! Әлде осы дұрыс па? Мұның да дұрыс-бұрысын білдіріп жатқан ешкім жоқ.

***

Өткен кезең ішінде аударманың «ауруы» – жаппай қазақшалау, яғни пуризм бағыты болғаны жасырын емес. Сөйтіп, әуелі экспонт мұрағат болды; одан архив – мұрағатқа айналды; музейді – мұражай дей бас­тадық. Бері келе, критерийді өлшем­шарт деп жазуды шығардық. Ес білгелі ры­чагтың баламасы болып келген тетік, сөйтсек, механизмнің «қазақша аудармасы» екен. Осы жылдардағы өзге де өріс алған «тіли төңкерістерді» тізіп шығу оңай емес.

Сонау бір жылдары Парламенттегі талқылау кезінде қазақтың көрнекті ғалымы, Сенат депутаты болған ардақты азамат осы «музей», «архив» сөздері турасында тура пікір білдіріп, бұлардың тіпті де орыс сөзі еместігін, осы тұлғасында сақталуы қажет екендігін қадап айтып еді. Бірақ естір құлақ болмады; сол қазақшаланған күйінде кете барды. Ақыры мың сырлы «музей» мен құжат қоймасы «архив»-ке қайта оралдық. Дер кезінде, дұрыс оралдық. Мұндай жылы орнын суытпай қайта оралған термин-сөздер аз емес.

Жалпы шет жұрттың кез келген сөзін қазақшалай бергеннен, тіл дамып кете қоймайды; тілде жаңа не түсініксіз сөз неғұрлым көп болса, соғұрлым ол тілді игеру қиындай түсетінін әлеуметтік зерттеулер тиянақтаған. Мысалы, орыс тілінің кең таралуын оның өзге жұрттың сөзін өз сөзіндей қылып сіңіріп алатын сипатынан іздеу керек. Демек, балама табуда терминді өзгеріссіз сол тұлғасында (негізінен орыс тіліне енген қалпында) қалдыру кейбір тәржімелік тәжірибені түзей алады (Балама жасауда сөзді тілдің өз қойнауынан іздеу керектігі жайындағы Ахмет Байтұрсынұлының ұлағаты ұмтылмайды; сонда да кей жағдайда осындай тәсілдемеден бас тартуға болмайды).

***

Нағыз аударма сөздік аяқталған жерден басталады деген сөз бар. Балама жасауда бізді құтқарып жүрген қазақтың қос сөздері. Бір сөзбен балама жасай алмаған сәтте көбіне қос сөзбен тұздықтап жібереміз. Мысалы, «вызов» сөзі. «Приглашение» мағынасындағы қазақшасы – шақыру. «Требование» мағынасындағы қазақшасы ресми қолданыста – «сын-қатер».«Вызовы и угрозы» деп қатар келгенде, «сын-қатерлер мен қатерлер» деп жазбас үшін, бұдан да басқаша құбылып кететіні бар. Одан өзге «вызов времени», «вызов глоболизации» деген ұғымдар кездеседі; ал бұлардың бәрі бірдей тек «сын-қатер» бола бермейтіні белгілі. Олай болса, осы «вызовқа» «шақырумен» сыңарлас тұратын баламаны неге бір сөзбен бере алмадық?! «Шақыруды» негізге ала отырып, мұның сынға алу, қыр көрсету, сес көрсету, тегеурін, пәрмен, тезге салу, бәсекеге шақыру, ұлықсу, өрмінез, т.б. тектес мазмұн-мағынасын сараптай отырып, жай ғана «шақырыс» деп те тұжырымдауға болар еді. Мәселен, замана шақырысы, мезгіл шақырысы, жаһандану шақырысы (бәсекеге, күреске, тайталасқа, т.б. шақырып тұр деген мағынада). Сонда балама түп негізінен алыстамай, тіл үйренушіге біршама түсінікті болар еді. «Шақырыс» – қазаққа жат сөз емес; «шақыртқы», «шақырық» сияқты атау тұлғалы сөздер тілімізде бар.

***

Осы уақытқа дейін орыс тіліндегі көп сөзді қазақша қалай бейнелеуді игере алмай келеміз. Мәселен, деятельность службы – қызметтің қызметі; в условиях чрезвычайных ситуаций – төтенше жағдайлар жағдайында; оказание услуг – көрсетілетін қызметтер көрсету; Бұлар секілді мысал аз кездеспейді; көп жағдайда мұндай сәтті түпмәтінге қарай түрлендіріп, еркін аударып жіберуге тура келеді. Қашанғы осылай өзімізді өзіміз алдап, сыни тұстан сытылып шыға береміз?! Бізде әр қазақша сөздің өз орысшасы не әр орысша сөздің өз қазақша баламасы болуға тиіс қой. Осының бәрін жүйелеп, егер баламасы жоқ болса, жаңа сөздерді іздеп, тауып қосып, әбден тиянақтап, екіұшты қолданылмайтын атаулардың мызғымас омонимдік-синонимдік қатарын орнықтырған, тілдің айрықшалықта қалдырылатын қағидасын (ережесін) түзген жөн. Айталық, қызметті иә «деятельность»-ке, иә «служба»-ға басыбайлы етейік; сала (сфера, отрасль, область) үшеуінің біреуіне ғана тұрақты бұйырсын; Егер «сала»-ны кері аударсаңыз, қайсысына телитініңізді біле алмайсыз. Демек, тілдегі осындай қолданыстарға қозғау салатын да кез келді...

***

Орысша ойлаудың әбден ойсыратқаны соншалық, аударма үдерісінде әлі күнге сол тілдің салмағынан арыла алмай келе жатырмыз. Тіпті қазақша дұрыс ойлау жүйеміздің өзін орыс сөзінің құрылымына бағындыруға мәжбүр болдық. Өйткені аударманың тілі қазақтың қалыптасқан түсінігін сол тілдің қайырымына қуып тықты.

Сөйтіп, «100 пайыз орындалды» деудің орнына «100 пайызға орындалды» деп жазамыз, бұл орыстың «на» (на 100 процентов) «предлогын» калька етіп аударудың әсері. Соған орай сөйлеу тіліміз де сол «на»-ның ықпалына қалып қойды. «Пайыз+ға» деп сөйлейміз. «Жүз пайызға орындадық» деп мақтанамыз. «Жүз пайыз орындадық» десек, бір нәрсе жетпей қалатын сияқты көрінеді. Біз «пайызға» кейбір ретте болмаса, жалпы ештеңе жалғамай жазуды ұсынамыз.

Міне бұл да жазу-сөйлеу тілін ықшам­даудың бір жолы. Бұған алдымен баспасөз бастамашы болуы керек.

***

Жасыратын не бар, біз жалпы қазақ тіліне тек қазақтың көзімен ғана қараймыз. Бұлай болмауы керек, өйткені қазақ тілі – мемлекеттік тіл, сондықтан ол мемлекетті мекендейтін барша ұлттың ортақ тілі. Ал ортақ тіл оңай, қолдануға қолайлы, түсінуге тез, меңгеруге жеңіл болуы тиіс. Бүгінгідей қарсы ағысты (турбулентті) уақытта Жаңа Қазақстанға жаңа қазақ тілі – жұрттың бәрінің меңгеруіне оңай қолданбалы қазақ тілі керек. Бұл үшін терминдерді ғылыми-практикалық тұрғыда саралап, баламаларды қайта бағамдап, аударманың қазақша қолданысқа сай болуын түбегейлі зерделеуге тура келеді. Мемлекеттік тілді дамытуды бөлінген қаржы-қаражатпен, болып өткен сан алуан семинар-кеңес не алқалы жиынмен ақтаудың қажеті жоқ; керісінше екі қолға бір күрек ұстап, қазақ тілін шын мәнінде дамытуға кірісу керек және осы істі өз еркіммен атқарамын деген тілектегі нағыз ұлтжанды, білімді, білікті, тәжірибелі азаматтар мен тіл мамандарын шоғырландыратын, бәрін бір жүйеге біріктіретін арнаулы мемлекеттік топ айналысуы керек. Жаңа қазақ тілі – Жаңа Қазақстанның даму стратегиясының ең басты бағыты болуға тиіс. Осыған қолымыздан келгенше атсалысайық, көмектесейік.

***

«Алдымен өздеріңіз қалай жазуды қалыптастырып алмайсыздар ма?» деді бір қазақстандық. Басқа ұлттың өкілі еді. Отыз жыл бойы қазақ тілінің босағадағы басы төрге жете алмай келе жатқанына тигізе айтқанын сездім. «Бүгін былай жазасыздар, ертең басқаша жазасыздар, өздеріңіз түсіне алмай жатқанда, біз қалай түсінеміз?» дегені шығар деп ойладым. Қазақ болған соң, әрине, қазақша қалай жазылса да түсінеміз. Бірақ тілді қазақтан басқа жұртқа да түсінікті болатындай етіп мемлекеттік тұғырында қалай мызғымастай орнықтырамыз? «Дайте мне точку опоры и я переверну мир» деген екен баяғыда Арекең (Архимед). Бірақ тілге қатысты ондай «точканы...» бізге кім беріп жатыр?!

Серікқали БАЙМЕНШЕ,

филология ғылымының докторы,

Қазақстанның құрметті журналисі,

Ресей Аудармашылар одағының мүшесі

АСТАНА

https://anatili.kazgazeta.kz/news/61322


Бөлісу