ҚОРЫТЫНДЫ СЕМИНАР ӨТТІ

ҚОРЫТЫНДЫ СЕМИНАР ӨТТІ

Іс-шараны Тіл саясаты комитеті төрағасының орынбасары Ғабит Абзалбек кіріспе сөзбен ашты. «Қазіргі уақытта салалық терминдердің түрлі баламада қолданылуы, қоғамда түрлі нұсқаларының қатар жүруі, тіпті кейбір терминдерді жұртшылықтың қабылдай алмауы қазақ тілін ғылым тіліне айналдыру жолында қиындық келтіріп жүргені жасырын емес. Бүгінгі бас қосу осы бағыттағы ғылыми-практикалық мәселелерді зерделеп, қол жеткен нәтижелерді саралап, кемшін тұстарымызды көрсетуге арналған»,– деп атап көрсетті.

Қорытынды семинарды Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының бас директоры Мақпал Жұмабай жүргізді. Ғылыми басқосуда Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Түркітану және тіл теориясы кафедрасының доценті, филология ғылымдарының доценті Қарлығаш Айдарбек «Бекітілген терминдерге мониторинг жүргізу жұмысының нәтижелері» туралы жан-жақты талдап көрсетсе, Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің Қазақ тіл білімі кафедрасының профессоры, филология ғылымдарының докторы Шапағат Жалмаханов «Бекітілген терминдерге мониторинг жүргізу» жобасының мәселелері төңірегінде ой өрбітті.

Сонымен қатар Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің доценті, филология ғылымдарының кандидаты Кенжетай Күркебаев «Бекітілген терминдерге мониторинг жүргізу бойынша ұсыныстар» туралы сөз қозғаса, Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы Терминология бөлімінің басшысы, филология ғылымдарының кандидаты Бақытгүл Ысқақ «Мониторинг жүргізу жұмыстарының сапалық қорытындысы» бойынша түйінді пікір білдірді.


Бөлісу