Амал мерекесі құтты болсын!

Амал мерекесі құтты болсын!

14 наурыз амал мерекесі. Көрісу күні деп те аталады. Амал мерекесі: шығыс елдерінің ертедегі күнтізбесі бойынша наурыздың басталуы хамал (амал) айының 1 жұлдызы болып есептеледі. Хамал деп отырғанымыз Тоқты шоқжұлдызының ескі парсыша атауы. Күн мен түн теңеліп, амал кірген сәтте Тоқты шоқжұлдызы туады деген ұғым негізінде қалыптасқан. Ал көрісу күні деп аталатын бір себебі: қыс бойы шаруа қамымен әр жерде жүрген ауылдас ағайын, мал өрістеп, шаруа адамы арқасын кеңге салар осы шақта бір-бірімен қауышып, қыстан аман шыққанын құттықтап, әр түрлі тілектер айтады. Жаңа жылмен келген жаңа жасымен құттықтайды. Бұл мереке әсіресе қазақ даласының оңтүстік, батыс, батыс солтүстік аймақтарында ерекше тойланады. 

Өткен жылдан бастап Қазақ елінде Наурыз мейрамын тойлаудың жаңа тұжырымдамасы бекітіліп, он күнге созылатын мерекенің әр күніне ат беріліп, наурызнаманың бірыңғай логотипі бекітілді. Көрісу күнінен басталатын он күндік былай аталады: Көрісу күні, қайрымдылық күні, шаңырақ күні, мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күні, ұлттық киім күні, жаңару күні, ұлттық спорт күні, ынтымақ күні, жыл басы, тазару күні. Бұл бастама Наурыз мейрамының ерекшелігін тіпті де айшықтап, ұлттық дүниетаным мен дәстүрдің тоғысқан ұлы мерекесіне айналдырды.

Құрметті отандастар, барлығыңыздың Амал мерекелеріңіз құтты болсын, еліміз аман, жеріміз бүтін, амалымыз оңынан болғай!  

Бөлісу