«Тіл-Қазына» орталығының Түркия жоғары оқу орындарымен байланысы нығаюда

«Тіл-Қазына» орталығының Түркия жоғары оқу орындарымен байланысы нығаюда
 

 

2024 жылғы 7-14 желтоқсан аралығында «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының ғалымдары Ләйлә Демесінова мен Айгүл Орманова Анкараға іс-сапармен барып қайтты. Сапар барысында олар Анкарадағы Төмер орталығы, Юнус Эмре институты, Анкара Хадж Байрам университеті, «Көк ту» мен «Түркітав» қауымдастықтары, Қазақстанның Түркиядағы елшілік өкілдерімен кездесіп, әріптестерін «Тіл-Қазына» орталығының өнімдерімен таныстырып, алдағы ынтымақтастық бағытындағы жұмыстарды белгілеп келді.

7-желтоқсан күні «Абай» институты аясындағы офлайн курс студенттері мен оқытушыларымен кездесу өтіп, тіл үйренушілерге курсты аяқтағаны туралы сертификаттар табысталды. Анкарадағы Қазақ тілі мен мәдени қауымдастығының жұмысын жандандыру бойынша ұсыныстар жеткізілді. Мәселен, алдағы уақытта домбыра, тоғызқұмалақ үйірмелерін ашу,  балаларға арналған қазақ тілді контент әзірлеу, «Бала тілі» сайтын жетілдіру, қазақ тілін үйрететін үстел ойындарын әзірлеу, қазақ тіліндегі үйлестірме карточкаларын әзірлеу, жалпы әдістемелік қолдау көрсету мәселелері талқыланды.

Анкара Хадж Байрам университеті жанындағы Төмер орталығында 2023 жылдан бері Қазақ тілі курстары бар және онда оқыту жұмысы «Тіл-Қазына» әзірлеген түрік тілді аудиторияға арналған «Қазақ тілі» оқу құралы арқылы жүргізіледі. Кездесуде «Тіл-Қазынаның» жаңа өнімдері, сайттары мен қосымшалары, «Абай» институты оқу-әдістемелік жұмыстары таныстырылды. Алдағы уақытта да әдістемелік қолдау көрсету келісілді.

Түрік тілі құрымы басшылығымен кездесу ұйымдастырылды. Орталық сөздіктер шығару, терминология мен лингвистика, әдістеме мен ұлттық корпус, LLM жасау тәжірибесімен бөлісті, 2025 жылы болатын халықаралық шараға ұсыныстарын берді. Нәтижесінде меморандум жасалып, әр бағыт бойынша онлайн кездесулер ұйымдастыру жоспарланды.

Ләйлә Демесінова мен Айгүл Орманова Анкарадағы Юнус Эмре институтының халықаралық бөлім басшысымен де кездесіп, қазақ тілін шет тілі ретінде оқытудағы ғалымдарымыздың жұмыстары жайлы мағлұмат берді. Институтта арнайы радио мен бейнесабақтар түсіретін студиясы бар екен, біздің орталық әзірлеген бейнесабақтар туралы ұсыныстарын білдіріп, тәжірибелерімен бөлісті. Алдағы уақытта қазақ тілінің халықаралық стандарттарға сай тест жүйесін қалыптастырып, АЛТЕ құрамына кіру жұмыстары бойынша кеңес беру, әдістемелік қолдау көрсету жұмыстары АЛТЕ-ге байланысты тест құрастыру, оны сараптамадан өткізу, АЛТЕ-ге кіру алгоритмімен бөлісу жұмыстарында сүйемелдеу жұмыстары талқыланды.

Анкара Хадж Байрам университетіндегі Азия халықтары әдебиеті мен мәдениеті кафедрасы оқытушыларымен кездесіп, қазақ тілі курстары туралы талқылау өтті. Ерасмус, Орхон, Қызыл ай т.б. халықаралық тағылымдамадан өтетін ұйымдар жұмыстарын зерттеп, ғалымдарды жіберу жұмыстары талқыланды.

Сапар барысында сондай-ақ Қазақстанның Түркиядағы елшілік өкілімен, «Түркітав» ұйымы басшылығымен кездесулер өтті, алдағы уақытта «Тіл-Қазына», «Абай» институтымен бірлесе атқарылатын жұмыстар талқыланды.

Жалпы бір апталық тағылымдамада қазақ тілін шет тілі ретінде оқыту жұмыстары, ұлттық корпус пен терминология саласы бойынша бірнеше мекемемен меморандум жасалып, алдағы атқарылатын жоспарлар жасалды.


Бөлісу