«Тіл-Қазына» орталығы теміржолшыларға ІТ өнімдерін таныстырды

«Тіл-Қазына» орталығы теміржолшыларға ІТ өнімдерін таныстырды

«Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы ұжымымен кездесу өткізді. Кездесуде теміржолшылардың мемлекеттік тілде сөйлеуге, жазуға, ойлауға деген құлшыныстарын арттырып, қазақ тілін іс жүзінде пайдалану кезінде көмекші болатын ІТ қосымшалар мен оқу құралдары таныстырылды.
Кіріспе сөз сөйлеген Тіл саясаты комитеттің Тіл саясатын іске асыру басқармасының басшысы Қайыржан Рахымжанов мемлекеттік тілді дамыту бағытындағы атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.
«Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының бас директоры Мақпал Жұмабай: «Біздің мақсатымыз – қазақ тілін жаңа технологиялармен ұштастыра отырып, оны цифрлық кеңістікте дамыту. Қазіргі таңда біздің платформаларымызға деген сұраныс жылына 12 миллионнан асып отыр, ал тұрақты қолданушылар саны 4 миллионнан асты,» – деп мәлімдеді.
ІТ сарапшы Тимур Бектұр қатысушыларға қазақ тіліне негізделген жасанды интеллекті қолдану мен дамуды күшейту бағытындағы жұмыстар туралы айта келіп, «Qazgramma» көпфункционалды бағдарламалық кешеніне тоқталды: «ЖИ ана тілімізді дамытуға жаңа мүмкіндіктер ашты. Соның нәтижесінде біздің тіл редакторы жобасы қазақ тілінің емле ережелеріне сәйкестендіріп, қазақ тіліндегі мәтіндерді редакциялауға арналған. Сондай-ақ, мұнда қазақ тілінде сауатты жазуға үйреніп,  қазақша сөйлеуді мəтінге айналдыру немесе басқа тілдерге аудару мүмкіндіктері қарастырылған,» — деді.
Жиында ғылыми орталық мамандары, Жобаларды басқару орталығының басшысы Сандуғаш Баймаханқызы, Абай институтының жетекшісі Ләйлә Демесінова, Терминология бөлімінің басшысы Дана Оспанова баяндама жасады.
Спикерлер теміржол қызметкерлеріне қазақ тілін өз бетінше үйренушілерге арналған IT өнімдер мен қазақ тіліндегі тұңғыш мобильді ойын және тіл үйренуге арналған әдістемелік оқу құралдары туралы толық мағлұмат берді. Сонымен қатар Мемлекеттік тілді дамыту қорының директоры Азат Шәуеев қатысушыларға қазақ тілін онлайн форматта оқыту платформасы Soуle.kz жайлы баяндады.
Іс-шара соңында  «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының аппарат басшысы Серік Кеулімжаев пен «ҚТЖ» ҰК» АҚ Мемлекеттік тілді дамыту секторының бастығы Ербол Тоқтағазы ақпараттық-танымдық кездесу үшін тіл мамандарына алғысын білдірді.

Бөлісу