тілге жауапты бөлім басшылары мен мамандары, білім, мәдениет және руханият саласының қызметкерлері, зиялы қауым өкілдері қатысқан тәлімі мен тағылымы мол алқалы бас қосуда тілдер айлығы қорытындыланды.
Шырайлы шараның әлқиссасы Бикен Римова атындағы драма театры актерларының тіл мерекесіне арнап дайындаған сахналық қойылымымен басталып, облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың басшысы Е.Ақшабаев жиналған көпшілікті фестивалдің ашылуымен құттықтады.
– Бүгінгі фестиваль ерекше кезеңде өтіп отыр. Енді шамалы уақыттан соң мемлекетіміздің ең ұлық мерекесі – Республика күнін атап өтеміз. Еліміз биыл тәу етер Тәуелсіздігіміздің ордалы 32 жылдығына қадам басады. Тіл мен тәуелсіздік – егіз ұғым. Екеуін бір-бірінсіз елестету мүмкін емес. Сондай-ақ, тіл – рухани бірлік пен қоғамдық келісімнің кепілі. Еліміздің өзге өңірлеріндегідей, біздің облысымызда да этностардың ана тілдерінің сақталуына, мәдениетін дамытуына қолдау көрсете отырып, мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту, аймақ тұрғындарын мемлекеттік тілдің төңірегіне топтастыру бағытында жұмыстар жүйелі жүргізілуде. Бүгінде облысымызда 10 тілдерді оқыту орталығы жұмыс істеп тұр. Аталған орталықтар мемлекеттік мекемелердің қызметшілеріне, бюджеттік сала мамандарына, жеке тұлғаларға мемлекеттік тілді және қажеттілігіне қарай ағылшын тілін оқытады. Биылғы жылы тіл айлығы аясында облыс көлемінде 87 маңызды іс-шара өткізілді. Мемлекеттік тілімізді насихаттап, мәртебесін көтеруге бағытталған мұндай игілікті істер алдағы уақытта да жалғасын таба береді – деді Ермек Сүндетбайұлы.
Одан кейін салтанатты шараның құрметті қонағы ретінде «Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы» қоғамдық бірлестігі Жетісу облыстық филиалының төрағасы Ә. Әрінге сөз тізгіні берілді. Адуынды ақын, ардагер журналист, қарымды қаламгер Әміре Әрінұлы өз кезегінде қазақ тілінің шығу тарихы туралы ордалы ойын, елдегі қазіргі тілдік ахуал жайында өткір пікірін ортаға салды. Сондай-ақ күн өткен сайын қоғам өмірінің барлық саласында мемлекеттік тілге деген қажеттіліктің артып, қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретінде тұғыры нығайып келе жатқанын тілге тиек етті.
Фестиваль аясында өңірімізде тіл саясатын жүзеге асыруға бағытталған бағдарламаның сапалы орындалуына және мемлекеттік тілді насихаттауға үлес қосып жүрген сала үздіктері мен этнос өкілдері ҚР Ғылым және жоғары білім министрінің, Тіл саясаты комитетінің, сондай-ақ облыс әкімінің орынбасары мен «Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы» қоғамдық бірлестігі облыстық филиалы төрағасының Алғыс хаттарымен марапатталды. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туған күнінде, яғни 5 қыркүйек – Қазақстан халқы тілдері күні дүниеге келіп, биылғы оқу жылында жаңадан мектеп табалдырығын аттаған бүлдіршіндерге Басқарманың атынан құрмет көрсетіліп, сый- сыйапаттар табыс етілді.
Мерекелік жиын барысы ары қарай республикалық жыр бәйгелерінде топ жарып жүрген от ауыз, орақ тілді жас ақындар Қазыбек Жеңісхан мен Шынарбек Тұрсынның ұлттық құндылықтарды арқау еткен өрелі айтысымен өріліп, жиналған жұрт сөз дүлдүлдерінің додасын тамашалады.
Шара соңы концерттік бағдарламаға ұласып, Жетісу өнерпаздары көпшілікке ән мен күйден шашу шашты.