«РЕСМИ ИНТЕРНЕТ-РЕСУРСТАРҒА МОНИТОРИНГ ЖҮРГІЗУ» ЖОБАСЫ АЯСЫНДА РЕСПУБЛИКАЛЫҚ СЕМИНАР ӨТТІ

«РЕСМИ ИНТЕРНЕТ-РЕСУРСТАРҒА МОНИТОРИНГ ЖҮРГІЗУ» ЖОБАСЫ АЯСЫНДА РЕСПУБЛИКАЛЫҚ СЕМИНАР ӨТТІ

Бүгін «Ресми интернет-ресурстарға мониторинг жүргізу» тақырыбында республикалық онлайн семинар өтті. Семинарды ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің Тіл саясаты комитетінің тапсырысымен Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы ұйымдастырды.

Қазақстанда тіл саясатын дамытуға байланысты мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйымдардың ресми интернет-ресурстарындағы қазақ тілінің дұрыс қолданылуы мен контент орналастырудың үлес салмағына мониторинг жүргізіліп жатыр.

Жобаның мақсаты – мемлекеттік және мемлекеттік емес мекемелердің ресми сайттарындағы мемлекеттік тілдің қолданысын зерделеу, қазақ тілінде нұсқасы жоқ ресми сайттарды анықтап, қазақ тіліндегі нұсқасын іске қосуға ықпал ету.

Осы орайда 2021 жылы 180 мекеменің ресми сайты, 2022 жылы 105 мекеменің ресми сайты, 2023 жылы 113 мекеменің ресми сайты зерделеніп, ұсыныс жолданған. Ал биыл 100 ресми интернет ресурсқа мониторинг жүргізу жоспарлануда.

Мониторинг екінші деңгейдегі банк, әуежайлар және қоғамдық тұтыну сервистері, құрылыс компаниялары, туристік агенттіктер, жекеменшік мектептер, жоғары оқу орындары мен қоғамдық қорлардың ресми сайттарына жүргізіледі.

Интернет-ресурстарға мониторинг мынадай критерийлер бойынша жүргізіледі:

  1. Ресми сайттың мемлекеттік тілдегі парақшасының болуы;
  2. Негізгі беттің мемлекеттік тілде ашылуы;
  3. Мемлекеттік тілдегі құжаттамалар, ресми құжаттар, нормативтік-құқықтық актілер, бұйрықтар, ақпараттар мен мәліметтер және т.б.

Мониторинг жасалатын мекемелерді жұмыс барысымен таныстыру, 2023 жылғы мониторинг нәтижесіне қысқаша шолу жасау және мониторингтің қандай критерийлер мен заңнама негізінде жүргізілетінін түсіндіру мақсатында өткен республикалық іс-шараға ресми сайттарға жауапты өкілдер қатысты. Атап айтар болсақ, мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйымдардың мамандары – баспасөз қызметі, қоғаммен байланыс саласының қызметкерлері, сайт әкімшілері, аудармашылар, жауапты мамандар ұсыныстарын ортаға салып, өз сұрақтарына жауап алды.


Бөлісу