Тілдің тұнығын лайлауға калька аударманың да зардабы орасан. Сара сөздің салмағын екшей алады деген сала мамандарының (өзіміздің әріптестеріміз) өзі калька аударманы қаптатып қолданады. Мағынасына мән беруден бұрын аталуына алдымен екпін салып, сөзбе-сөз аудару белең алып барады. Бұған дейін де осы тіркес тұрақты түрде қолданылды, әлі де саптан сызылып қалған жоқ. «Сибирская язва» деген кеселді біз «сібір жарасы» деп қолданып жүрміз. Қазақтар ертеден кеселдің осы түрі адамға шапса, «күйдіргі» деп атаған. Ал төрт түлікке жабысса, әр малға қатысты өзіндік атауы да болған. Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры Анар Фазылжаннан калька аудармаға қатысты пікірін сұрап, сұхбаттастық.
– Алдымен «Сібір жарасы» деп аударған тіркеске қатысты пікіріңізді естісек.
– «Сибирская язва» кеселін қазақта адамға жұқса «күйдіргі» деп атаған. Адамға малдан жұғатын аурудың төрт түлікте де өзіндік атауы бар. Қойда, «топалаң», түйе малында «ақшелек», жылқыға жұқса «жамандат», ірі қара малында «қара талақ», ешкіге жұқса «кебенек» деп айтылған. Бұл ауру түріне қатысты мәлімет 15 томдық «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде», «Ауылшаруашылығы сөздігінде» берілген. Сондай-ақ оны биологиялық сөздіктен де кезіктіреміз. «Сибирская язваны» терминком бекіткен сөздікте де «күйдіргі» деп аударған.
Бір өкініштісі, орыс тіліндегі атауды тікелей аудару дағдыға айналып кетті. Журналист мамандығын игерген жас мамандар арасында кальканы жиі қолдану кездесіп қалады. Әрине, өз ісіне жауапкершілікпен қарайтын, қазақтың сөзсаптамына бойлай алатын журналистер дүдәмал аударма, қисынсыз тіркеске қатысты күдігі ұлғайса, академиялық сипаттағы іргелі сөздікті ақтарып ізденетінін көріп те жүрміз.
– Бұл мәселені қалай жүйелеуге болады?
– Тілдің тазалығын сақтау үшін бәріміз де жауапкершілікті жұмыла көтеруіміз керек. Журналистика факультетінде оқитын студенттердің филологиялық білімін жетілдіру қажет. Осы күнде журналистика факультеттерінде классикалық, лингвистикалық курстар бойынша білім беруге ден қойылмайды. Базалық лингвистикалық пәндер: фонетика, морфология, лексикология, грамматика секілді тілтанымдық пәндерді журналистика факультетінде оқыту керек.
– Калька аударманы оқулықтардан да кезіктіріп қаламыз.
– Калька аудармалар БАҚ арқылы тарап, қоғамның зияткерлік ортасына да сыналап сіңіп жатыр. Сорақысы, калька аударманың кейбірі мектеп оқулықтарына еніп кеткені қынжылтады. Бүгінде тілдегі кальканың дені сөзбе-сөз тілкелей аудармадан құралады. Кей оқулықта «қамыс мысығы» деп жүрген қыр жануарын қазақтар «сабаншы» деп атаған. «Қар барысы» деп аударып қолданып келеміз «снежный барс» деген жыртқыш аңды. Бұл аңның аты – «бабыр». «Чёрный аист» деген құсты «қара ләйлек» деп айтып та, жазып та жүрміз. Қазақ оны «қарабай» деп атаған. Мектеп түгілі жоғары оқу орындарының студенттеріне арналған оқулықтарда «күміс қылшықты түлкі» деп аударылған сөз тіркесі бар. Бұл аңды байырғыдан «қалтар» деп атаған.
– Грамматикалық сауаттылыққа сақ болу, сөйлемді қатесіз жазуға дағдылану да көңіл қуантарлықтай емес.
– Грамматикалық қате қолданыстар да кезігіп жатады. Әрине, мұны калька аударманың санатына қосуға болмас. Дегенмен де ойлау жүйесі өз ана тілінде қалыптаспаған, дәстүрлі сөзсаптамынан мақұрым тіл иелмендерінің мәтіндерінде жиі кездеседі. Мысалы бағбаншы, диқаншы, аспазшы, инвесторшы, куәші, егеменді, бітімгерші деген сөздердегі жұрнақ толықтай артық. Дұрыс қолдануда «шы» жұрнағы жалғанбайды: бағбан, диқан, аспаз деген секілді. Тағы бір олқылық, сөздің мағынасына бойлап алмай басқа түсінікке теліп жіберу де бел алып отыр. Мысалы, қарақшылықты кәсіп етушілерді барымташы деп айтып жүр осы күнде. Барымта мен қарақшы бір-бірімен қабыспайтын ұғым. Қазақ мәдениетінде, салт-дәстүрінде билердің пәрмен беруімен іске асырылатын жазалаудың бір тәсілі барымта болған. Оның қарақшылыққа еш қатысы жоқ. Контрабанда деген сөзді Мұхтар Әуезов өз шығармаларында әткесшілік, контрабандисті әткесші деп айтқан. Біз бүгінде олардың бәріне қарақшы деп ат теліп жүрміз. Орыс тіліндегі «сыр» сөзін ірімшік деп аударып, айтуға дағдыланып алдық. Қазақша бұл сүт тағамын сүтсірне деп атау керегін академик Шора Сарыбаев айтып, насихаттап кетіп еді. Ал ірімшік ешбір тілге аударылмайтын қазақтың дәстүрлі сүт тағамы. Тағы бір ескерер жайт, жанұя сөзіне қатысты. Ол ресми ісқағаз мәтіндеріне де дендеп еніп жатыр. Әдетте «семья» ұғымын қазақ отбасы, үй іші, үйелмен деген сөздермен атаған. Бірақ жанұя деген жасанды сөз әбден сыналап сіңіп тілдік қолданысқа еніп кетті. Жылжымайтын мүлік деген тіркес те дәл солай белсенді қолданылып келеді. Бұл да калька аударма. Бұл сөзді орнықты мүлік деп жазғанымыз жөн еді. Мұндай сәтті аударманы профессор Нұргелді Уәлиев ұсынып, айтып жүр. Салауатты өмір деуге әуестік артып барады. Салауат сөзі бізге араб тілінен енген. Рақымшылық, кешірім деген мағынаны білдіреді. Дінімізде Пайғамбарға салауат айту деген ұғым, түсінік те бар. «Здоровый образ жизни» деген тіркестің қазақша аудармасы – саламатты өмір салты. Амандық сұрасқанда да саламатсыз ба дейміз.
Тіл қайнарын лайлап алмас үшін бұл мәселеге бей-жай қарауға болмайды. Калька аудармадан құтылу үшін Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты ғалымдары әзірлеген академиялық сөздіктер, анықтағыштар мен еңбектерді қолдануды қолына қалам ұстаған барлық маман, қазақтілді жазарман қауым дағдыға айналдырғаны игі еді.
https://egemen.kz/article/351816-zhyldgymaytyn-mulik-sibir-dgarasy-qar-barysy-sekildi-sozder-qate-audarmalar-%E2%80%93-