Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы жанындағы Абай институты ұйымдастырған «Қазақ тілін меңгертудің тиімді жолдары» атты онлайн біліктілік арттыру курсы өз жұмысын бастады. Курсқа елімізде және шетелде қазақ тілін насихаттап, тіл оқытып жүрген 100-ден астам маман қатысуда.
Іс-шараның ашылуына ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитетінің төрағасы Ербол Тілешов, сондай-ақ орталықтың басқарма төрағасы Мақпал Жұмабай қатысты.
Курстың алғашқы күні Назарбаев университетінің оқытушысы, әдіскер Айдар Балабеков дәріс оқыды. Ол «Шетелдік азаматтарға қазақ тілін үйретудің ерекшеліктері» тақырыбында баяндама жасап, қазақ тілін екінші тіл ретінде оқыту тәжірибесімен бөлісті. Сондай-ақ деңгейлеп оқыту мен тіл меңгертудің ғылыми негіздерін дамыту мәселелеріне тоқталды.
Сонымен қатар Солтүстік Қазақстан облысы Тілдерді оқыту орталығы басшысының орынбасары, тіл оқыту әдістемесі бойынша сарапшы Орал Жанатов спикер ретінде қатысып, қазақ тілін табиғи жолмен меңгерту әдістерін таныстырды.
Халықаралық деңгейдегі тәжірибе алмасуға бағытталған бұл іс-шара тағы екі күнге жалғасады.