«Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы мен «Astana Hub» Халықаралық ІТ-стартаптар технопаркі» корпоративтік қоры ІТ жобалар бағытында селбестік орнатты.
Кездесу барысында «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының бас директоры Мақпал Жұмабай мен «Astana Hub» Халықаралық ІТ-стартаптар технопаркі» корпоративтік қорының басқарушы директоры Таңат Өскенбаев тілді дамыту процесін заманауи технологияларға бейімдеуге бағытталған әріптестік меморандумға қол қойды.
Келісімшарт негізінде жаңа технологиялар саласындағы қазақ тілінің қолданылуы мен тілге қатысты цифрлы бағдарламаларды жүзеге асыруда өзара тәжірибе алмасу, бірлескен IT жобалар мен хакатондар өткізуге уағдаласты.
Аталған ғылыми орталықтар цифрлық технологияларды енгізу бойынша жұмыстарды үйлестіру, оқыту және инкубациялау арқылы IT-стартаптарды ілгерілету мақсатындағы бастамаларда ортақ күш біріктіру жоспарланған.
Сонымен қатар, цифрландыру және ақпараттандыру саласындағы бағдарламаларды іске асыру аясында бағдарламалық өнімдер мен деректер базасын енгізу бағытында мемлекеттік органдармен және ұйымдармен өзара іс-қимыл жасауды көздеп отыр. Мекемелер арасында ақпараттық сессиялар, онлайн кездесулер және тағы басқа бірлескен іс-шараларды өткізу көзделген.