26 қыркүйек күні Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының Әдістеме LAB бөлімі «Quantum STEM» мектебімен бірлесіп біліктілік арттыру курсын ұйымдастырды.
Мемлекеттік тілді оқытудың заманауи әдіс-тәсілдерін үйрететін республикалық семинарда баяндама жасаған орталығымыздың ғылыми қызметкерлері Жазира Мақсұтқызы, Ләйлә Мұратқызы, Дана Жаңабекқызы, Айгүл Әділбекқызы сынды тіл ғалымдары орталықтың жұмысымен таныстырып, тәжірибелерімен бөлісті.
Әдістеме LAB бөлімінің басшысы, ф.ғ.к. Жазира Мақсұтқызы қазақ тілінің лексика-грамматикалық минимумын әзірлеу тәжірибесі тақырыбына кеңінен тоқталып, лексиканы меңгерудің маңызы жайындағы ойларымен, қазақ тілінің ортақ әдістемесін жүйеге келтіру бағытындағы жұмыстарымен бөлісті.
«Тіл-Қазына» ҰҒПО базасында қазақ тіліндегі ғылыми материалдарды қамтитын лингвистикалық ресурстардың 12 миллионнан астам тұрақты қолданушылары барын тілге тиек еткен ғалым Ләйлә Мұратқызы ана тілімізді оқытудағы жасанды интеллектіге негізделген өнімдерді таныстырды.
Абай институты бөлімінің басшысы Айгүл Әділбекқызы қазақ тілі әмбебап оқулық жүйесінің ерекшелігіне тоқталса, Терминология бөлімі басшысының міндетін атқарушы тіл маманы Дана Жаңабекқызы қазақ тілін үйрету үдерісінде эмотивті лексиканы оқытудың тиімділігі жөнінде баяндама жасады.
Цифрлық білім беру ресурстары және тіл үйретушінің кәсіби құзыреті туралы кеңінен баяндалған әдістемелік дәріске жүзден аса тіл мамандары мен мұғалімдер қатысты.