"АНА ТІЛІ" ГАЗЕТІ АРҚЫЛЫ ОЙ БӨЛІСТІ

"АНА ТІЛІ" ГАЗЕТІ АРҚЫЛЫ ОЙ БӨЛІСТІ


Ұлттық идея тіні

Академик Досмұхамед Кішібеков «Тіл – ұлттық идеяның тіні» деген мақаласында былай дейді: «Қазақ тілінің мәдениетінің кейбір белгілерін қазіргі жапондардан, қытай, араб, Батыс Еуропа елдерінен көруге болады Көшпенділер тілі өте ерте қалыптасқанын Америкада тұрып жатқан үндістер деп аталатын майя, басқа халықтардан айқын көреміз. Көшпенділер дейтін далалық бабаларымыздың арғы тегі, олардың әлемде жабайы аңдарды аулаумен қатар, тағы жылқыларды қолға үйретіп көбейтуден басталған тарих ең алғашқы еңбек бөлісіне жататыны және оның 50-60, тіпті 100 мың жылдардан асып кететіні көп жайды аңғартады».
Иә, ұлттық идея тіні болған біздің тілдің тарихы тым тереңде. «Күллі Қазақ даласы маған ән салып тұрғандай көрінеді» деп Потанин жазса, Еуропа ғалымдары «қазақ деген шешен халық және бір-бірімен өлеңдетіп сөйлеседі» дейді. Өзгелердің таңдайын қағып, таңғалатын жөні бар. Өйткені қазаққа әуелден сөз қонған. Ал сөз дегеніңіз – кие. Сөзден кие кетсе, қазақтан қасиет кетеді. Қазақтан қасиет кетсе, елдігіміз бұзылады. Сөз – құдірет. Осы құдірет қазақта ғана бар. Тектіліктің белгісі болған шешендік өнерді қазақтай жоғарғы дәрежеде меңгерген халық жер бетінде жоқ-ау, сірә!
Қазақтың тектілігінің тағы бір ерекше көрінісі – сөзге тоқтау дәстүрі. «Аталы сөзге арсыз тоқтамас» дейді. Сөзге тоқтаудың арқасында ұлт болып сақталып қалдық. Сөзге тоқтау қазақтың бірлігі мен ынтымағын қамтамасыз етіп, тарихтың небір қиын-қыстау күндерінен, небір зұлматтардан аман алып, бүгінгі күнге жеткізді. Бұл тарихи шындық. Тіл – даналықтың да көрінісі. Қазақ тарихына көз жіберсеңіз, 12 жасынан төрелік айтып, бала би атанғандар аз емес.
Бала кезімде аталарымның аузынан төмен­дегідей әңгіме естігенім бар еді.
Бірде төрт жолаушы бейтаныс ауылдың тұсынан өтіп бара жатып, қай үйге түсерін білмей, асық ойнап жүрген балалардың қасына келіп:
– Қайсыңның үйіңде ет бар? – деп сұрайды. Балалардың ішінен бір 7-8 жастағы біреуі шығып:
– Біздің үйде ет бар, жүріңіздер, – деп бастап ала жөнеледі. «Әуелі етті сен жейсің, сенен кейін біз жейміз» – деп қонақтар ере түседі. Бала үйіне келе сала анасына қазан көтертеді. Ет пісіп, ортаға қойылғанда, қонақтар балаға берген уәдесін ұмытып кетеді де, бала босағада қалып қойған екен. Еттің иісін сезген ит босағадан сығалайды, сондағы баланың итке қарап айтқаны:
– Кет, әкеңнің!
Сен түгілі маған жоқ, ет әкеңнің,
төрдегі төрт әкеңнің, есіктегі екі әкеңнің (өзі мен итті айтқаны),
есіктегі төрге қарайды, төрдегі есікке қарайды,
оған шыдамайды бет әкеңнің, – дегенде, қонақтар балаға берген уәдесі есіне түсіп, сөзден де ұтылып, ұялғаннан балаға айыбын төлеп аттаныпты.
Тағы бірде екі адам түйенің ботасына таласып билерге жүгінуге келеді. Әрқайсысы ботаны өз түйесінен туғызып алғанын дәлелдеп бағады. Билер бір сәт дағдарып қалады. Сол кезде 12 жасар бір бала осы дауға төрелік етуге сұранады. Бала екі түйені де алдырып, ботаға қыл бұрау салдырады. Сонда ботаның шыңғырған дауысы шыққанда енесі барып ботаның үстіне төнеді. Екінші түйе жайбарақат тұра береді. Баланың тапқырлығына риза болған билер оған батасын береді. Сөйтіп, 12 жасар бала сол күннен бастап Бала би атанады.
Төле би бабамыздың атағы 15 жасында жер дауына қатысты билік айтып шыққан екен.
Ердің құнын екі-ақ ауыз сөзбен шешкен халқымыздың құдіретті тілінің бүгінгі жағдайы қалай? Енді осыған келейік. Тілден қадір-қасиет кетсе сол тілдің иесі – халықтан да қадір-қасиет кетеді.
Мұның бәрін неге тізбелеп айтып отырмын? Ұлттық идея тіні болған тіліміздің дәстүрдегі, ұлттық жадтағы шешендік, көсемдік сипатын қазір архаизм санайтындар да бар екен. Біз тілді сақтап қалғымыз келсе оның күллі арғы-бергідегі барлық сөзін де сақтап қалу жағын, тілдің мәйегін, шұрайын кетірмеу мәселесін де қазірден ойластырсақ екен.


Тас жүректі тіліммен тілімдедім...

Ақиық ақын Мұқағалидың «Үш бақытым» деген өлеңі еріксіз еске түседі.
Ең бірінші бақытым – Халқым менің,
Соған берем ойымның алтын кенін.
Ол бар болса, мен бармын, қор болмаймын,
Қымбатырақ алтыннан нарқым менің.

Ал екінші бақытым – Тілім менің,
Тас жүректі тіліммен тілімдедім.
Кей-кейде дүниеден түңілсем де,
Қасиетті тілімнен түңілмедім.

Бақытым бар үшінші – Отан деген,
Құдай деген кім десе, Отан дер ем!
... Оты сөнген жалғанда жан барсың ба?
Ойланбай-ақ кел дағы от ал менен..
Осы үш тұғыр – бүгінгінің де тұмарына айналуға тиіс деп ойлаймын.
Әлемді аузына қаратып, Қытайға қорғанын салдырған Түрік қағанаты кезінде «Көкте Көк Тәңірі, жерде көк бөрілі Көк Түріктер, бұл екеуінен асқан жер бетінде құдіретті еш нәрсе жоқ» деген сөзді айтқан және құлыптасқа Күлтегін батырдың жырын ойып тұрып жазған да, «Басы барлардың басын идіріп, тізесі барлардың тізесін бүктірген» де осы тіл еді. Әлемге билік айтқан Үйсін мемлекетінің тілі еді, бұл тіл. Сондай-ақ Есік қорғанындағы алтын адамның қасынан табылған табақшадағы «Бөтен адам тізеңді бүк. Мынау құт мекен. Халқым бақуатты болсын» деп басқалар сауатсыз жүрген кезде төл әліпбиіміз руна жазуымен жазылған да осы тіл болатын. Қаңлы, Түркеш, Қарлұқ қағандықтары, Оғыздар, Қарахандықтар, Қимақ-Қыпшақ бірлестіктері, Шыңғыс хан империясы, Алтынорда, Қазақ хандығы, кейінгі Абылай хан мен Кенесары хан заманындағы мемлекеттік тіл еді, бұл тіл. Әлемде Аристотельден кейінгі ұстаз атанған бабамыз Әбу Насыр әл-Фарабидей ғұламаның да ана тілі еді, бұл тіл. Ендеше, сонау бір ықылым заманалардан бізге жеткен тіл құдіретін, қаншама тас жүректерді де тілімдеген тіл қасиетін қазіргіге ұқтыра білсек, жеткізе білсек...


Обалын кімнен сұраймыз?

Тәуелсіздік алғалы 30 жылдан аса уақыт өтті деп мақтанышпен айтып жүрміз ғой. Ол да дұрыс шығар. Қаншама қазақ осы тәуелсіздік жолында жанын берді, ендеше, тәуелсіздіктің әр күнін, сағатын, жылын айтып, жүректерге жеткізе де берейік. Бірақ айтпағым басқа мәселе еді. Тәуелсіздік алған уақыттан бері үкімет тарапынан тіл туралы талай-талай қаулылар қабылданды. Тек атқарылған іс-шаралар нәтиже бермеді. 1990 жылдың басында мемлекеттік тілге көшудің кезең-кезеңмен кестесі белгіленіп, 2000 жылы Қазақстан Республикасының барлық облысы мемлекеттік тілде сөйлейтін болған еді. Сол жоспарымыз қайда қалды?
1989 жылы алғаш рет Тіл туралы заң қабылданған кезде қазақ елі бір қуанды. Одан бері 34 жыл өтті. Не өзгерді?
Қазақ тілінің көсегесі көгермеді. «Ауруыңды жасырсаң өлім әшкерелейді» дейді қазақ. Жасырмай ашық айтсақ, қазір қазақ тілінің жағдайы қиын. Өте қиын.
Құлди да құлди құмай күн
Құлдилап төмен құлаймын
Күйбеңмен өткен күндерге
Күлкімді бердім, мұңайдым,
Адасып бара жатырмыз
Амандығында күн-айдың.
Кетігі кеткен дүниенің
Тетігін қайдан бұраймын.
Көк байрағымды құшақтап
Қазақтығым деп жылаймын
Азаттығым деп жылаймын,
Жартыкеш тілім зарланған
Обалын кімнен сұраймын, – деп ашынады ақын Аспанбек Шұғатаев.
Шынымен тіліміздің көсегесі көгермесе, өзі шығуы керек биікке көтеріле алмаса оның обалын кімнен сұраймыз?
«Қазақтың өкіметі қазаққа қызмет ету керек» деп ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы айтқан­дай, біздің Үкімет қазаққа қызмет етуі маңызды. Ұлт көсемі Әлихан Бөкейхан айтқан «Тіл үшін күрес неге жүріп жатыр? Қазақ тілінің арғы жа­ғындағы мәселе – жер. Біз мына жерді қазақ болып, қазақша сөйлеп қана қорғай аламыз» деген ұлағатты өсиеті назарға алынбай тұр.


«Балаға қай тілде білім берсең...»

Тілдің жайын айтып жүрміз-ау. Жағдайды түзеу үшін не істемек керек деген мәселені де бір қозғап қойсақ. Бұл тұрғыда жеке ұсынысым да бар. Бәлкім, қаперге алынып, Тілді дамытуға арналған бағдарламаларға да еніп қалар деген оймен ұсынбақпын. Иә, бұл ұсыныстардың кейбірін мен ғана емес, біраз тіл жанашырлары да айтып жүргенін ескерте кеткен жөн.
Сонымен ұсынысым:
1. Қазақстан Республикасы Конституция­сының 7 бабының 2 тармағындағы «Мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі – ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады» деген мәтінді алып тастау керек. Өйткені еліміз – унитарлы мемлекет. Оның құраушысы – қазақ халқы.
2. Мемлекеттік тіл туралы заң қабылдануға тиіс. Мемлекеттік тілдің жеке дара статусы анықталсын. Тіл білу заңмен міндеттелсін.
Қазақ тілінің жанашыры Асылы Османның: «Қазақстан ортақ Отанымыз деп айтамыз, ал неге қазақ тілі ортақ тіл емес, қазақтың наны тәтті, тілі жаман ба? Нанын жеген адам, тілін де үйренсін» деген сөзі ақиқат сөз. «Кеңсе тілі қазақша болмай іс оңбайды» деген сөзді ұлт қайраткері Сәкен Сейфуллин де бекерге айтқан жоқ.
Бауырлас Түрік мемлекеті ХІХ ғасырда экономикасы құлдырап артта қалған елден азуын айға білеп, әлемге ықпалын жүргізген алпауыт мемлекетке айналды. Оның себебі – Түркияда тұратын 78 ұлт өкілдерінің бір ғана түрік тілінде сөйлеуінде. Кемал Мұстафа Ататүріктің ұлт саясаты бізге үлгі болса, қане!
3. Бала-бақшада тек қана қазақ тілінде тәрбиеленіп, мектепте қазақ тілінде оқытылса. «Балаға қай тілде білім берсең, түбі сол ұлтқа қызмет етеді» деп Мұстафа Шоқай айтқандай, бала қай тілде білім алса сол елге қызмет ететіні ақиқат. 100 жылдан аса уақыт өзгеге қызмет ететін жастарды тәрбиелеп келеміз. Қазақстандық патриотизмнің жоқтығы соның салдары.
4. Мектептерде «Жыраулар сөзі және шешендік өнер» пәнін енгізсе. Ұлттық тәрбиенің қайнар көзі жыраулар сөзінде жатыр. Жыраулар сөзін тыңдап өскен жас ұрпақ мінезді болады. Ұлт көсемі Әлихан Бөкейханның «Ұлтқа қызмет ету білімнен емес, мінезден» деген қағидасын білмейтін қазақ жоқ шығар.
«Ел мүддесі, ұлт мүддесінің тағдыры шешілер шақта, бұғып қалғанның бәрі сатқын» дейді Алаш ұранды Міржақып Дулатұлы. «Біз қазақ халқы деп тудық, сол халық деп дүниеден өтеміз де. Басқа ой-пікір болған емес, болмайды да» дейді Алаш қайраткері Әлімхан Ермеков. Тәуелсіздік бізге небір қырғын соғыста жан алып, жан берген ата-бабаларымыздың қанымен келді. Соны ұмытпайық. Ұмытпау үшін ұлтты, тілді, ділді сақтайтын қадамдарды кезең-кезеңімен іске асыратын уақыт баяғыда келген.
Ұлттық намыстан туатын ұлттық мүдде деген қасиетті ұғым бар. Кез келген мемлекет ұлттық мүддеге сай өмір сүреді. Қандай бағдарлама қабылдансын, қандай іс-шара атқарылсын – ұлттық мүддеге сәйкес болса керек-ті!
Ел басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Мем­лекеттің мәселесін мемлекеттік тілде айтуымыз керек. Тіліміз бізден басқа ешкімге керек емес. Сондықтан ең алдымен, оған өзіміз құрмет көрсетуіміз керек». Толық қосыламын. Ендеше биліктің өзі, Парламент те мемлекеттік тілде сөйлесін. Сонда тіл мәселесі жойылады, егемендік нығаяды, тәуелсіздік баянды болады. Билік мемлекеттік тілде сөйлеген соң бәрі қазақ тілінде сөйлей бастайды.
Тілге төнген қауіп – елге төнген қауіп. Тілді қорғау – елді қорғау, яғни Отанды қорғау. Тіл үшін күрес ұлт үшін күрес екені де ақиқат. Тіл тәуелсіз болмай ел тәуелсіз болмайды. Тілді қорлау – ұлтты қорлау екені де рас.
Осынау бір мақаламда тілдің бүгінгі жай-жапсарын, сөз қуатын, тіл өміршеңдігін жеткізуге тырыстым. Тілдің мәселесі – мемлекеттің мәселесі екенін ұмытпаған абзал-ау!


Әбіш ӘДІЛБЕК
Қонаев қаласы


https://anatili.kazgazeta.kz/news/62072


Бөлісу