Қазақ тілін шетелде насихаттау үшін Қазақстан қандай жобаларды жүзеге асыруда?

Қазақ тілін шетелде насихаттау үшін Қазақстан қандай жобаларды жүзеге асыруда?

Шетелде қазақ тілін үйренуге деген қызығушылық біртіндеп артып келеді. Шетелдік студенттер мен қазақ диаспорасының өкілдері үшін тілдік сыныптар ашылып, жасанды интеллект негізіндегі заманауи оқу материалдары, цифрлық платформалар мен қызметтер құрылуда. Kazinform агенттігінің аналитикалық шолушысы іске асырылып жатқан жобалар мен алдағы жылдарға арналған міндеттер туралы материал әзірледі.

Қазақ тілі елден тыс жерде трендке айнала ма?

Сарапшылар қазақ тілін үйренуге деген қызығушылықтың артуын Орталық Азияға деген назардың күшеюімен, Қазақстан туралы академиялық зерттеулердің дамуымен, елге туристік қызығушылықтың өсуімен, сондай-ақ мәдениет, өнер және заманауи шығармашылық жобалардың арқасында Қазақстанның халықаралық деңгейде танымал бола түсуімен байланыстырады. Сонымен қатар, шетелдегі қазақ диаспорасы өкілдерінің ана тілін сақтап, оны кейінгі ұрпаққа жеткізуге ұмтылысы да маңызды факторлардың біріне айналды.

Қазақ тіліне деген қызығушылықтың артқанын өз тәжірибесінде байқағандардың бірі – Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының ғылыми қызметкері, Оксфорд университетіндегі қазақ тілінің пилоттық жобасының оқытушысы Дидар Садық. Оның айтуынша, көптеген студент қазақ тілін бакалавриат, магистратура немесе докторантура деңгейіндегі ғылыми зерттеулер жүргізу мақсатында меңгеруге келеді. 

– Оксфорд – тілдер мен әдебиет дербес ғылыми пән ретінде оқытылатын әлемдегі жетекші гуманитарлық зерттеу орталықтарының бірі. Орталық Азияны, түркологияны, Қазақстан тарихын, саясатын немесе мәдениетін зерттейтін студенттер ел мен халықты тереңірек тану үшін ең алдымен оның тілін меңгеру қажет екенін жақсы түсінеді, – дейді сарапшы.

                                                                                    Сурет Дидар Садықтың жеке мұрағатынан алынды

Оның пікірінше, қазақ тіліне деген қызығушылықтың артуына әсер еткен екінші маңызды фактор – туризм. Соңғы жылдары әлемде Ұлы Жібек жолы бағыттарына және жалпы Орталық Азия өңіріне қызығушылық артып келеді. Дидар Садықтың айтуынша, бүгінде Қазақстан, Өзбекстан және Қырғызстан секілді мемлекеттер ерекше мәдени және туристік бағыт ретінде көбірек қабылдануда. Өңірге қызығушылық танытқан адамдар біртіндеп оның тілін де үйренуге ұмтылады.

– Сонымен қатар мәдениет пен өнердің рөлін ерекше атап өткен жөн. Қазіргі таңда көптеген талантты қазақстандықтар Қазақстанды музыка, кино, әдебиет, заманауи өнер, әлеуметтік және мәдени жобалар арқылы әлемге танытып жүр. Осының арқасында еліміз шетелдік аудиторияға жақын әрі түсінікті бола түседі. Көп жағдайда тілге деген қызығушылық дәл мәдениеттен басталады. Адам әуелі қазақ музыкасын тыңдайды, фильм көреді немесе Қазақстан туралы белгілі бір таным қалыптастырады. Кейін елді тереңірек түсіну үшін қазақ тілін үйренуге ниеттенеді, – деп түсіндірді оқытушы.

Ш. Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының басқарма төрағасы Макпал Жұмабайдың айтуынша, Қазақстанға, қазақтың мәдениеті мен тарихына, өнеріне қызығушылық танытатын шетел азаматтарының саны артып келеді. Орталық Азияны зерттеушілер, түркологтар, шығыстанушылар және халықаралық қатынастар саласының мамандары үшін қазақ тілі кәсіби қажеттілікке айналып келеді.

– Бұл үрдіс «Тіл-Қазына» орталығы жүзеге асырып отырған «Абай институты» жобасының жұмысынан да айқын байқалады. Соңғы жылдары жоба шетелдік аудиторияға қазақ тілін оқыту бағытындағы ең нәтижелі алаңдардың біріне айналды, – деді орталық басшысы.

                                                                                Сурет Мақпал Жұмабайдың жеке мұрағатынан алынды

Жоба 2020 жылы ашық білім беру бастамасы ретінде іске қосылып, қазақ тілін оқытуға және ұлттық мәдениетті елімізде ғана емес, шетелде де кеңінен насихаттауға бағытталды. «Абай институты» шетелдегі қазақ диаспорасы өкілдеріне де, қазақ тілін шетел тілі ретінде үйренуге қызығушылық танытқан шетел азаматтарына да арналған.

2026 жылы жоба сегіз елде жүзеге асырылып келеді. Атап айтқанда, қазақ тілі курстары АҚШ, Бельгия, Испания, Оңтүстік Корея, Моңғолия, Түркия, Франция және Чехияда ұйымдастырылған.

– Әсіресе, қазақ диаспорасы тұратын елдерде, сондай-ақ Қазақстанмен мәдени, ғылыми және тарихи байланыстары бар мемлекеттерде қызығушылық айқын байқалады. Мысалы, Түркия, Моңғолия, Франция және Чехияда қазақ тілін үйренуге тұрақты сұраныс қалыптасып отыр. Сонымен қатар, соңғы уақытта Оңтүстік Корея, Испания, Чехия және Бельгияда да қазақ тілін меңгеруге қызығатын жаңа аудитория пайда болуда, – деді Мақпал Жұмабай.

Қазақ тілін үйренушілердің арасында тілдік ортаға ену үшін Қазақстанға арнайы келетіндер де бар. 

– Мысалы, Абай институтының Чехиядағы сыныбында қазақ тілін оқып жүрген поляк қызы Магдалена Тывонюк өткен айдағы демалысын Алматыда өткізді. Бұл – қазақ тілін үйрену тек аудиториядағы сабақпен шектелмей, Қазақстанның мәдени ортасымен тікелей танысуға ұласатынының жарқын мысалы, – дейді сарапшы.

Шетелдік студенттер мен оқытушыларға не жетіспейді?

Шетелдік тіл жанашырлары көбіне басқа тілдердегі оқу материалдарының жеткіліксіздігін атап өтеді. Мәселен, қазақ тілі әлі күнге дейін Duolingo платформасында жоқ, ал Абайдың шығармаларын ағылшын тіліндегі сапалы аудармада табу оңай емес. Дидар Садықтың айтуынша, оқу бағдарламасын өзі дерлік нөлден бастап әзірлеп, бейімдеуге мәжбүр болған.

– Бұл ретте мен түркі тілдерін оқытудың Оксфорд әдістемесіне сүйенемін. Осы бағытпен танысуыма түрік тілі пәнінің оқытушысы, доктор Эмине Чакыр үлкен ықпал етті. Дәл осы кісі мені аталған әдістемемен таныстырды. Қазір Оксфордта қазақ тілі алғаш рет осындай қарқынды оқыту үлгісімен жүргізілуде. Оның ерекшелігі – студент қысқа уақыт ішінде негізгі грамматикалық және лексикалық тақырыптардың ауқымды бөлігін меңгереді. Бірақ бұл материалды жай ғана жылдам өту емес. Мұнда нақты құрылым, кезең-кезеңімен оқыту, қайталау және тұрақты тәжірибе аса маңызды, – деп түсіндірді сарапшы.

Сонымен бірге Дидар Садықтың пікірінше, кез келген шетелдік әдістемені Қазақстанға сол күйінде көшіру мүмкін емес. Қазақстандағы қазақ тілін үйренетін аудитория мүлдем басқа: олардың мақсаттары, тілдік ортасы, мотивациясы және күнделікті қажеттіліктері өзгеше.

– Сондықтан қазіргі міндетім – Оксфорд моделін сол қалпында қайталау емес, оның тиімді тұстарын қазақстандық контекстке қалай бейімдеуге болатынын анықтау, – деді оқытушы.

Оның айтуынша, оқу материалдарының жетіспеушілігі бұдан да терең әрі жүйелі мәселе болып отыр. Бүгінде бастауыш деңгейдегі білім алушыларға арналған әліпби, сандар мен қарапайым сөйлесу үлгілерін меңгеруге көмектесетін материалдар жеткілікті. Сондай-ақ күрделі ғылыми зерттеулер мен академиялық мәтіндер де бар. Алайда бастапқы деңгейді аяқтап, қазақ тілін одан әрі жалғастырып оқығысы келетіндерге арналған сапалы оқу құралдары әлі де жеткіліксіз.

– Осы екі деңгейдің арасында үлкен алшақтық қалыптасқан. А2 деңгейіне арналған материалдар қайда? В1? В2? Тіпті CEFR жүйесіндегі С1 мен С2 деңгейлерінің айырмашылығын да дұрыс ескеру қажет. Бастапқы деңгейден тілді еркін меңгеруге дейінгі жүйелі оқу жолы қайда? Менің ойымша, дәл осы «көпір» бүгінде ең қатты жетіспейді. Бізде жекелеген жақсы бастамалар, сапалы оқулықтар мен жобалар бар, яғни тактикалық қадамдар жеткілікті. Бірақ ағылшынтілді аудиторияға қазақ тілін оқытудың біртұтас, әрі жүйелі бағдарламасы әлі қалыптасқан жоқ, – деп түйіндеді сарапшы.

                                                                                      Фото: inform.kz 

Дидар Садықтың Оксфордтағы жұмысының едәуір бөлігі дәл осы деңгейлер арасындағы сабақтастықты қалыптастыруға бағытталған. Оның негізгі міндеттерінің бірі – осы олқылықтың орнын толтырып, ағылшынтілді студенттерге арналған қазақ тілін жүйелі түрде оқыту жолын қалыптастыратын оқу материалдары мен әдістемелік шешімдерді әзірлеу.

Оның пікірінше, тағы бір маңызды мәселе – мәдени контенттің қолжетімділігі. Қазақстанда қазақ тілінде көптеген сапалы фильмдер түсіріледі. Алайда олардың барлығы бірдей ағылшын тіліндегі ресми субтитрлермен қамтамасыз етілмеген. Көп жағдайда фильмдер тек қазақ және орыс тілдеріндегі субтитрлермен ғана жарық көреді. Бұл олардың халықаралық аудиторияға қолжетімділігін шектейді.

– Соның салдарынан менің студенттерім бұл фильмдерді қазақ тілін үйрену мен қазақ мәдениетімен танысу құралы ретінде толық қолдана алмайды, – дейді оқытушы.

Жасанды интеллектінің қарқынды дамуы да жаңа сын-қатерлер туғызуда. Дидар Садықтың айтуынша, бүгінде оқытушыға студенттерге тек дәстүрлі жазбаша тапсырмалар немесе аударма жаттығуларын беру жеткіліксіз, өйткені білім алушылар жасанды интеллект құралдарын белсенді пайдаланып жүр.

– Бұл оқытушыдан шығармашылық тұрғыдан жұмыс істеуді, тек соңғы нәтижені ғана емес, білім алушының тілді шынайы меңгеру деңгейін, сыни ойлау қабілетін және алған білімін тәжірибеде өздігінен қолдана білуін бағалайтын тапсырмалар әзірлеуді талап етеді, – дейді ол.

Студенттердің өздері кездесетін қиындықтарға келсек, ең үлкен мәселе қазақ тілінің фонетикасына байланысты. Оқытушы қазақ фонетикасын француз тілімен салыстырады, өйткені екі тілде де өте нәзік есту қабілеті мен дәл артикуляцияны қажет ететін дыбыстар бар.

– Көптеген ағылшынтілді студенттер үшін ең алғашқы кедергі – дыбыстарды дұрыс айту. Қазақ тілінің фонетикалық жүйесі дыбыстық айырмашылықтарға өте сезімтал. Сөйлеуді дұрыс түсініп, сөздерді ажырата білу үшін ү мен ө, ы мен і, ұ мен ү, й мен і дауыстыларын, сондай-ақ қ, ғ, ң дауыссыздарын естіп, дұрыс айтуға дағдылану қажет. Бұл айырмашылықтарды меңгермейінше, студенттерге қазақ тілін тыңдап түсіну де, өз ойын еркін жеткізу де қиындық туғызады, – деп түсіндірді Дидар Садық.

                                                                                   Фото: inform.kz 

Мемлекеттік бағдарламалар туралы

Соңғы жылдары қазақ тілін оқыту тәсілінде елеулі өзгерістер байқалады. Аудармаға негізделген оқыту әдісінің орнына тікелей қарым-қатынасқа, тілдік тәжірибеге және тілдік ортаға біртіндеп бейімдеуге басымдық беріліп келеді.

– «Тіл-Қазына» орталығы әзірлеген ресурстардың қатарында қазақ тілін бес деңгей бойынша оқытуға арналған цифрлық өнімдер бар. Мәселен, tilqural.kz платформасы қазақ тілін A1, A2, B1, B2 және C1 деңгейлері бойынша үйретеді. Платформада сабақтар, мәтіндер, бейнесабақтар, сөздік, сөйлеу үлгілері және түрлі оқу материалдары ұсынылған. Сонымен қатар balatili.kz сайты балаларды қазақ тіліне қызықты, әрі қолжетімді форматта оқытуға арналған, – деді Мақпал Жұмабай.

Мақпал Жұмабайдың айтуынша, «Тіл-Қазына» орталығы түркітілдес аудиторияға арналған қазақ тілінің A1-B1 деңгейлеріне сәйкес оқу құралдарын әзірлеген. Бүгінде бұл материалдар Түркияның жетекші жоғары оқу орындарында, соның ішінде Анкара университетінде, сондай-ақ қазақ диаспорасы өкілдері білім алатын мәдени-ағартушылық орталықтарда қазақ тілін жүйелі оқытуда пайдаланып келеді.

– Шетелдегі қазақ диаспорасына арнап орталық A1–C1 деңгейлеріне арналған әмбебап «Қазақ тілі» оқу құралдарын дайындады. Бұл оқу құралдары шетелдегі қазақ диаспорасы өкілдерін оқыту барысында кеңінен қолданылып, оқытушылар мен білім алушылар тарапынан жоғары бағаланды. Олар қазақ тілін бастапқы деңгейден жоғары деңгейге дейін бірізді меңгеруге мүмкіндік береді және ұлттық мәдениетпен, күнделікті қарым-қатынаспен әрі тіл үйренушілердің заманауи қажеттіліктерімен сабақтастықты сақтауға ықпал етеді, – деп түсіндірді орталық басшысы.

«Тіл-Қазына» орталығы әзірлеген оқу құралдарының электрондық нұсқалары ашық қолжетімділікте орналастырылған және оларды оқытушылар, әдіскерлер мен қазақ тілін үйренуге ниетті барлық азамат пайдалана алады. Сонымен қатар, орталық A1–C1 деңгейлеріне арналған лексикалық-грамматикалық минимумдарды әзірледі. Осы негізде заманауи оқулықтардың бірыңғай желісі жасалуда. Қазіргі уақытта A1–B2 деңгейлеріне арналған оқу құралдары жарық көрді, ал 2026 жылы C1 деңгейіне арналған материалдарды әзірлеу аяқталады.

Мақпал Жұмабайдың айтуынша, дәл осы әдістемелік әзірлемелер «Абай институты» жобасының негізіне айналды. Жоба қазақ диаспорасы өкілдеріне де, шетел азаматтарына да қазақ тілін үйренуге мүмкіндік береді. Портал мен мобильді қосымшада орыс, ағылшын, түрік, француз, неміс және парсы тілдерінде ұсынылған оқу материалдары қолжетімді. Олардың құрамына сабақтар, грамматикалық түсіндірмелер, диалогтер және күнделікті сөйлесу үлгілері енген.

Бұдан бөлек орталық оқытудың жаңа форматтарын дамытуда. Соның бірі – Димаш Құдайбергеннің әндері арқылы қазақ тілін үйрету. Оның шетелдік жанкүйерлеріне арнап қазақ тілін және ән мәтіндерінің мәдени мазмұнын түсіндіретін ағылшын тіліндегі бейнеподкасттар әзірленуде.

– Мұндай формат қазақ тілін тек грамматикалық ережелер жиынтығы ретінде емес, тірі мәдениеттің, эмоцияның, музыкалық мәтіннің және ұлттық дүниетанымның ажырамас бөлігі ретінде қабылдауға көмектеседі. Бейнеподкаст форматындағы сабақтар ашық интернет-ресурстарда қолжетімді болады. Бұл қазақ тіліне қызығушылық танытқан кез келген адамға Димаш Құдайбергеннің шығармашылығы арқылы тілді өз бетінше меңгеруге мүмкіндік береді, – деп түсіндірді сарапшы.

                                                                                      Фото: akorda.kz

Мақпал Жұмабайдың айтуынша, 2025 жылдан бастап «Тіл-Қазына» орталығы қазақ тілін үйрету мен қолдануға арналған цифрлық технологияларды белсенді түрде дамытып келеді. Алғашқы отандық тілдік модель – Til-Qazyna LLM негізінде бірнеше цифрлық өнім әзірленді. Олардың қатарында орфографиялық және грамматикалық қателерді тексеруге арналған Qazgramma жасанды интеллект көмекшісі, қазақ тілін үйренуге арналған Til-Qazyna AI Agent мобильді қосымшасы, сондай-ақ қазақ тілінен орыс және ағылшын тілдеріне синхронды аударма жасауға арналған QazSync.AI жүйесі бар.

Алдағы жылдарға арналған жоспарлар

Мақпал Жұмабайдың сөзінше, алдағы жылдары орталық «Абай институтының» шетелдегі қызмет аясын кеңейтуді, қазақ тілін оқытуға арналған онлайн-платформа мен мобильді қосымшаны одан әрі дамытуды, оқытушыларды даярлау жүйесін жетілдіруді, сондай-ақ әдебиет, фольклор, ұлттық дәстүрлер және Димаш Құдайбергеннің шығармашылығы арқылы қазақ тілін мәдени дипломатияның маңызды құралы ретінде белсенді түрде ілгерілетуді жоспарлап отыр.

Негізгі мақсат – қазақ тілін халықаралық кеңістікте сапалы білім беру ресурстары мен бай мәдени мұрасы бар заманауи тіл ретінде таныту.

– Бүгінде қазақ тілі өзінің дамуының жаңа кезеңіне қадам басты. Ол Қазақстанның ішкі рухани тірегі ғана емес, сонымен бірге Орталық Азияны, түркі әлемін, қазақ мәдениеті мен қазіргі Қазақстанды тереңірек танып білуге ұмтылатын шетелдік аудитория үшін де маңызды тілге айналып келеді. Осы бағыттағы жүйелі жұмыс қазақ тілінің халықаралық беделін нығайтып, оның әлемдік мәдени кеңістіктегі орнын кеңейтуге ықпал етеді, – деп түйіндеді сарапшы.

Дидар Садық атап өткендей, қазақ тілі ғылымның, білімнің және заманауи технологиялардың толыққанды тіліне айналуы үшін жағдай жасау маңызды. Оның айтуынша, әңгіме әлемдік ғылыми әдебиетті аудару туралы ғана емес, сонымен қатар Қазақстанда жаңа білім, зерттеулер мен технологиялық шешімдер жасау туралы болып отыр.

Жаңа идеялар, зерттеулер мен технологиялық шешімдер Қазақстанның өзінде жасалуы керек, ал бұл стартаптардың жұмыс тілі қазақ тілі болуы қажет. Сондықтан, менің ойымша, қазақ тілін әлемге танытудың басты жолы — Қазақстанда ғылымды, білімді, жоғары технологияларды дамыту. Тіл заманауи білім мен жетістіктердің тіліне айналғанда, оның мәні елден тыс жерлерге де таралады, - деп түйіндеді Дидар Садық.

Ақпарат көзі: https://www.inform.kz/ru/kakie-proekti-realizuet-kazahstan-dlya-populyarizatsii-kazahskogo-yazika-za-rube-488c4e3f

Бөлісу