Қазақ тілін үйренгісі келетін адамға бүгінде мүмкіндік көп. Оқулықтар мен курстар бар, мобильді қосымшалар да жасалды. Тіл үйренушіге кейде ережелерді кітаптан ғана оқи бергенше, күнделікті өмірде сөздің қалай айтылатынын бір рет түсініп, естіген әлдеқайда тиімді екенін әдіскерлер үнемі айтып келеді.
Абай институты бейнесабақтарға арналған жобаны биыл үшінші рет ұсынып отыр. Жыл сайын тілді жағдаят арқылы түсіндіріп, бейнесабақ дайындаудан тәжірибе жинақталып жатыр. Биыл Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің Тіл саясаты комитеті тапсырмасымен «Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ҰҒПО» КеАҚ Абай институты «Қазақ тілін оқытуға бағытталған, оның ішінде шетелде тұратын қазақтар үшін бейнесабақтар әзірлеу» жобасы аясында В2 деңгейіне арналған 20 толық форматтағы бейнесабақ түсірілді. Оған қоса әлеуметтік желі форматына лайықталған 10 қысқа TikTok/Reels сабағы әзірленді.
Дайын материалдар Abai.institute порталына орналастырылды. Осы экраннан көрінетін бес минуттық бір сабақтың артында қанша жұмыс тұрғанын көрермен біле бермейді. Бейнесабақ түсіру камераны қосып, мәтінді оқып беруден басталмайды. Олай жасауға да болады. Бірақ жұмыстың барынша нәтижелі болуы үшін ең әуелі «В2 деңгейіндегі тіл үйренуші нені білуі керек?» деген сұраққа жауап ізделді. Бір сұраққа жауап табу үшін ЛГМ – лексика-грамматикалық минимум маңызды. Қарапайым тілмен айтқанда, лексика-грамматикалық минимум – тіл үйренушінің белгілі бір деңгейді меңгеруі үшін білуі қажет сөздік қорды, грамматикалық формалар мен тілдік құрылымдарды жүйелейтін негіз. Әрине тіл үйренудегі А1, А2, В1, В2, С1, С2 деген атаулар көпшілікке таныс. Бұл деңгейлер тілдерді меңгерудің жалпыеуропалық құзыреттер жүйесі – CEFR (Common European Framework of Reference for Languages) арқылы жүйеленеді. CEFR әр деңгейдегі адам тіл арқылы не істей алуы керек екенін айқындаса, ЛГМ сол талаптарды нақты тілдік материалмен толықтырады. Орталығымыздың ӘдістемеLAB бөлімі осы ауқымды істі жүзеге асырды.
Яғни біз В2 деңгейіндегі сабақты дайындағанда «осы тақырып қызық екен» деп кез келген грамматикалық форманы таңдай салмаймыз. Тіл үйренушінің осы деңгейде қандай сөздік қоры қаншалықты, қандай құрылымдарды түсінуі және оларды сөйлеу барысында қалай қолдануы керек екенін міндетті түрде ескеріледі. Биылғы бейнесабақтардың бағдарламасы мен сценарийлері осы талаптарға сүйеніп әзірленді. Оның үстіне сценарийді сценарист бір бөлмеде, әдіскер екінші бөлмеде отырып жазған жоқ. Әдіскер мен сценарий авторының жұмысы қатар жүрді. Өйткені тілдік материал әдістемелік тұрғыдан дұрыс болғанымен, экранда ауыр көрінуі мүмкін. Ал қызықты сценарийдің тіл үйрету мақсаты әлсіреп кетсе, оның да пайдасы аз. Сондықтан осы екі талаптың арасынан ортақ шешім ізделді.
В2 деңгейіндегі адамға грамматиканың атауын жаттатудан гөрі, сол форманың сөйлеу кезінде қандай мағына беретінін сезіндіру маңызды болды. Мысалы, бір сабағымызда «сөйлей бастадым», екіншісінде «құлап қала жаздадым», келесілерінде «айтып берші», «сақтап қой», «айтып көр», «ұйықтап алдым» секілді күнделікті сөйлеуде жиі кездесетін құрылымдар қарастырылады. Әр сабақта тілдік форма өмірлік жағдаят арқылы беріледі. Одан кейін оның мағынасын түсіндіріп, бірнеше қолданыс үлгісі көрсетіледі, көрерменге тапсырма ұсынылады. Ауызекі сөйлеу кезінде қалай, ресми жиындарда қалай сөйлеу керек екенін де ажыратып көрсеттік.
Сценарийде тіпті экранға қандай сөздің шығатыны, қай тұста графика қолданылатыны, қай кезде актер қосылатынына дейін белгіленді.Яғни мақсатымыз «бұл форманы мен қай кезде қолданамын?» деген сұрақтың жауабын беру еді. Жоба жүргізушісін таңдаудың өзі біз үшін маңызды мәселе болды. Бейнесабақты Ердігүл Дәдібасқызына жүргізуді әдейі ұсындық. Ол қазақ тілін онлайн платформа арқылы үйретіп жүрген тәжірибесі бар.Камера алдында да еркін сөйлей алады. Ал оның қызы Кербезді де кездейсоқ жобаға қоса салмадық. Анасы мен қызының арасындағы табиғи диалог сабақтың ресмилігін азайтып, тілдік құрылымдарды кәдімгі тұрмыстық қарым-қатынас арқылы көрсетуге мүмкіндік берді. Кербез кейде сұрақ қояды, кейде анасымен шағын көрініске қатысады, кейде көрерменнің орнына жауап береді. Түсірілім сырттан қараған адамға қызық көрінуі мүмкін. Ал оның ар жағында бірнеше дубль, қайта-қайта айтылған сөйлем, жарықты өзгерту, дыбысты тексеру, кадрды қайталау деген ұзақ жұмыс бар. Әсіресе Кербездің еңбегін бөлек айту керек.Күндізгі түсіріліммен жұмыс біте қоймайтын кездер болды.Кешкі уақытқа созылған, сенбі-жексенбі күндері жалғасқан түсірілімдер де кездесті. Мұндай жұмыс бала түгілі, ересек адамға оңай емес. Соған қарамастан, Кербез түсірілімнің талабына шыдап, үлкен шығармашылық топпен бірге соңына дейін жұмыс істеді. Бейнесабақтың экрандағы жүргізушісі біреу болғанымен, оның артындағы команда әлдеқайда үлкен. Жобаға әдіскерлер мен сценаристен бөлек операторлар, видеоинженерлер, актерлер, жарық мамандары, дыбыс режиссерлері, гримдеуші, редактор, компьютерлік графика және дизайн мамандары тартылды.Түсірілген материал кейін қайта қаралады, монтаждалады, графикасы жасалады, дыбысы өңделеді.Кейбір фрагменттер қайта түсіріледі. Содан кейін ғана көрермен көретін бес минуттық жинақы сабақ пайда болады. Сондықтан бейнесабақ – жай ғана бейне емес. Оның ішінде әдістеме, тіл білімі, сценарий, режиссура және цифрлық технология тоғысады. Біз үшін ең маңыздысы – сол бейнесабақтың тіл үйреніп жүрген адамға жетуі.
Сондықтан В2 деңгейіндегі жаңа сабақтарды Abai.institute порталынан көруге болады. Егер айналаңызда қазақ тілін үйреніп жүрген адам болса, оған осы сабақтардың сілтемесін жіберуге болады. Абай институты қазақ тілін үйрену үшін қолжетімді материалдарды түрлі жобалар аясында толықтыра береді.
Қазақ тілін үйрететін контент көбейген сайын адамның тілді қай жерде, қай уақытта және қандай тәсілмен үйренетінін өзі таңдау мүмкіндігі пайда болады. Бір бейнесабақ кейде тіл үйренушінің келесі деңгейге өтуіне себеп болатын кішкентай ғана қадам болуы мүмкін.
Айнұр Төлеу,
Абай институтының жетекшісі
Ақпарат көзі: https://anatili.kazgazeta.kz/news/aynur-toleu-qazaq-tilin-uyrenetin-adamga-mumkindik-kop