Қазақ халқы үшін отбасы - киелі ұғым. Әрбір жаңа отбасы шаңырақ көтеріп үлкен әулеттің бір тармағына айналады. Осы дәстүр мен тәрбиенің жалғасы ретінде шежіре, жеті ата, ата-баба рухына деген құрмет ғасырлар бойы ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келеді. Осындай шаңырақта өскен жастар өмірдің мәнін тереңінен түсініп, үлкен мен кіші арасындағы байланысты бойына сіңіреді.
Отау тігіп, жеке өмір бастаған күнім - мен үшін ұмытылмас сәт. Алғаш келін болып түскен күн әлі есімде. Енем - мінезі ашық, өте мейірімді, бірақ көп сөйлемейтін адам. Ол маған нағыз аналық қамқорлық көрсетті. Қайын атам - сабырлы, көпті көрген кісі. Олардың әр сөзі мен ісі мен үшін өмір мектебі десем, артық айтқаным емес.
Жолдасым мені қайын жұртқа келгенімде әрдайым қолдап, жанымнан табылды. Екеуміз бір-бірімізге үнемі қол ұшын беріп, отау тігу рухани үйлесім екенін түсіндік.
Кейде төркінімді сағынып, балалық шақтағы бауырларыммен өткен күндерді еске аламын. Анамның аялы алақаны, әкемнің батасы жүрегімде.
Сол кезде күйеуімнің көңілімді аулағаны - мен үшін үлкен қолдау болды. Ол менің бауырларыма да өз бауырындай қарайды. Тіпті күйеу бала ретінде қайын жұртында беделі жоғары.
Жалпы екі жақтың арасындағы ауызбіршілікті сақтауда келін мен күйеу баланың рөлі маңызды. Екі жақтың қонақтарын асты-үстіне түсіп күту, оларды тең көру - жауапкершілік. Бұл - қазақы тәрбиенің, түсіністіктің нақты көрінісі. Осы сабақтастық ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, үзілмейді. Әр келін өз енесінен тәрбие алып, кейін өзі де біреудің енесіне айналады. Бұл - ұрпақтар тізбегі, тектіліктің белгісі.
Өкінішке қарай, қазіргі кезде кейбір отбасында жоғарыда айтылған құндылықтар азайып барады. Оның да өзіндік себептері бар, алайда тәжірибемен келген тәлім, тәртіп, тәрбие үнемі сақталатынын ұмытпағанымыз жөн.