Желтау петроглифтері

Желтау петроглифтері


Қарағанды облысы, Ақтоғай ауданы, Сарытерек ауылының аумағында, Тоқырауын өзенінен 5 шақырым, Желтау қыстауының батысында 0,5 шақыырым жерде орналасқан. Петроглифтер ескерткішпен аттас тау жүйесінің оңтүстік-батыс жағында аласа төбенің батыс жақ қапталындағы жартастарға салынған.

Ескерткіште 20 жалпақ тасқа бейнеленген ұзын саны 130-дан аса петроглиф бар. Оның басым көпшілігінде таутеке мен жылқы, елік пен жыртқыш аңдар, бұғы мен екі өркешті түйе бейнеленген.

Суреттерді салу техникасында аса терең емес ұсақ нүктелі ұрып салу тәсілі қолданылған. Кей жерінде қыру тәсілінің іздері де байқалады. Бірқатар суреттердің ізі аздап жоғала бастаған.

Желтау петроглифтері ішінде жылқы бейнелері барынша мәнерлі етіп салынған. Барлық мүшелері, оның ішінде кеуде тұсы, басы мен құйрығы, төрт аяғы және олардың қимыл-қозғалыстары нақты көрсетілген. Көне заман тұрғындары жылдамдық пен үздіксіз қимыл-қозғалысты жылқы бейнесімен тығыз байланыста деп ұққан. Жылқыны жоғары дәрежеде құрметтеу, оған табыну, оның тұрмыс-тіршілігімен байланысын осы суреттер дәлелдейді. Сондықтан ертедегі суретшілер жылқының сымбаты мен мінезін ерекшеліп беруге тырысқан.

Жалпақ тасқа бедерленген бір суретте кесіртке таутекенің жанында қатар тұр. Бедерлерінің жоғала басталуына қарағанда ескерткіштегі ең ерте салынған суреттердің бірі болса керек.

Жылқының және екі өркешті түйенің үстінде отырған антропоморфты бейнелер берілген. Тауешкі, елік пен бұғы және салт атты мерген бейнеленген аңшылық сюжеттері де кездеседі. Аңшының үлкен садағы жебесімен салынған.

Тағы бір жартас суретінде діни наным-ғұрыптық көріністер бедерленген. Онда ғұрыптық құрбандыққа шалынатын жылқылардың алдында билеп рәсім жасап жүрген бақсы мен оның айналасында билеп жүрген адамдар бейнеленген. Мұндай көріністер арқылыкөне заман тұрғындарының діни сенімдерімен олардың өміріндегі тұрмыстық, әдеп-ғұрыптық белгілерін айқындауға болады.

Ертедегі адамның санасында көкке, күн мен айға, басқа да табиғат құбылыстарына сиыну көп болған. Желтау петроглифтерінде мифологиялық сюжеттер, діни нанымдар, әдет-ғұрып көріністері – көк әлеміне табыну, сиыну, оған құрбандық шалу, ата-бабаларға арнап киелі ағашының түбінде құрбан шалу сынды көріністер салынған. Бір суреттерде «күнбасты» құдайдың бейнесі де кездеседі. Бұл өз кезегінде осы өлкенің қасиетті мекен болғандығын меңзейді.






Бөлісу